Аймақтар • 16 Қараша, 2022

Ветеринарларға көлік берілді

283 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының ветеринарлары енді жаяу жүрмейді. Кәсіби мерекелері қарсаңында оларға көлік берілді. Ресми ұйымдардың дерегінше, ветеринарлардың соңғы он жылдағы тақымдарына басқан темір тұлпарлары осы екен. Әр қарашаның үшінші жексенбісінде аталып өтетін ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай бұл тәуір тарту болды.

Ветеринарларға көлік берілді

Chevrolet Сobalt және Chevrolet Nexia көліктері – «Са­ры­арқаАвтоПром» отан­дық өндірушінің өнімі. Бұл кө­лік­тер облыстағы жеті аудан­ мен Балқаш, Қарағанды қа­ла­­ларының ветстансаларына бұ­йырды. Қарағанды облысы ветеринария басқармасының бас­шы­сы Қайырбек Тұрсынбеков 2012 жылдан бері көліктің жаңар­мағанын, қолда барының 17 пайызы тозғанын мәлімдеді.

– Қызметтік автокөлік 2012 жылдан бері жаңартылмады. Машиналардың 17 пайызға жуығы жарамсыз. Жаңа көлік жедел әрекет ету үшін аса қажет. Көлік барлық стансаға берілді. Ауру тараған, не мал қырылғанда шұғыл түрде зертханаға сараптамаға талдау апару қажеттігі туындап, ондайда көліктер жолда бұзылған жағдайлар да болды. Ал сынамаға алынған сараптамалық мате­риал тек 4-5 сағатқа ғана жарамды. Сон­дықтан көлік те жұмыстың сапалы орындалуына әсер етеді, – дейді Қ.Тұрсынбеков.

Бүгінгі таңда аймақтағы 672 қыз­меткердің жалақысы 50 па­йызға өскен. Ветеринарларды қол­дау үшін облыстық бюджеттен қа­ражат та бөлінгенін атады өңір басшылығы.

– Біздің жұмысты көліксіз елес­те­ту әсте мүмкін емес. Ауданның аумағы үлкен. Осакаровканың бір шетіне 120-150 шақырым, екінші бір шетіне 100 шақырым жол жүруге тура келеді. Алдын алу, диагностика шараларын іске асырғанда көліктің қажеттілігі қатты сезіледі. Ал мына жаңа көліктер бізге қызметтік мінде­ті­мізді сапалы және уақтылы орындауға мүмкіндік береді, – дейді Осакаров ауданының бас ветеринары Юрий Сергеев.

 

Қарағанды облысы