Саясат • 16 Қараша, 2022

Азалы арқау

559 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына арнаған өлеңдердің ішінде құранқари ақын Файзолла Сатыбалдыұлының «Ахмет қайтыс болды дегенде...» атты арнауының мәні де, мазмұны да бөлек. Бұл өлеңді жай сыдыртып оқып өте алмайсыз. Бар-жоғы сегіз шумақтан тұратын арнауда Алаш ардақтысының асыл қасиетін шынайы жеткізген. Оны автордың өзі де қуғындалып, қамығып жүргенде жазса керек.

Азалы арқау

Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы игі жақсыларымызды түрмеге тоғытқан зобалаң халқымызға оңай тимеді.  Әсіресе қазақтың  «өзгелермен терезесі тең болса» деп армандап,  сол жолда бастарын  бәйгеге тіккен талай арысымыздан айырылып қалдық. Біз сөз етіп отырған шығармада  сол қаралы жылдар көрінісі анық бедерленген. Ақын  өз өлеңінде ұлт мүддесі жолында құрбан болған Ахмет атамызды ғана емес, басқа да Алаш азаматтарын жоқтап, егіліп жазған.

Шынымен бұл дүниеден өткенің бе,

Қайырылмай алды-артыңа кеткенің бе?

Ахмет опат болды дегенді естіп,

Егіліп жылай бердім, тек дедім де!

 

Айрықша артық көрген ғазиз досым,

Жоқ еді қысқада – кек, ұзында – өшің.

Алаштың қамын жеген азаматы ең,

Сүйреген алға қарай Қазақ көшін.

 

Біраз жыл әр жерлерде болдым дәмдес,

Тағдырдың жазғанына кім бар көнбес.

«Ақынның хаты өлмейді» деген бар ғой,

Шырағың жағып кеткен жанар, сөнбес, -

дей келіп,  Алаш арысының  «қысқада – кегі, ұзында – өші» жоқ екенін өрнекті өлең жолдарымен көркем толғайды. Сондай-ақ  қазақтың көшін алға сүйреп, сол жолда отқа да, суға да түссе де мойымай, қиындыққа қайыспай қарсы тұрған  асыл азаматтың бейнесін өксіп еске алып, тебіренеді.

Келесі   шумағында:

Азамат тату-тәтті болса сыйлас,

Өлімге бірін-бірі сірә қимас.

Тең жорға төрт аяғы тұлпар едің,

Сендей жан бұл фәниде қайта тумас!

 

Шұғаның қиқымы да деген – шұға,

Жолың бар салып кеткен шүкір, тоба.

Талап қып рухыңа Қараөткелде,

Илһамды Ахмет досым, қылдым дұға.

 

Ақиқат ақ сөйлейтін туар заман,

Боларын ондай күннің білмес надан.

Халыққа зәбір берген зәнталақтың,

Көрерміз сонда жайын болсақ аман,

дейді. Осы өлең жолдарынан екі тұлғаның  бір-бірін жақсы танып, сыйласқаны да, сонымен бірге, ұлт ұстазының сан қырлы еңбегі мен  «төрт аяғын тең басқан» қасиетін жырлап, енді ондай ұлы адамның қайтып тумайтынын өкінішпен жеткізеді. Ақын осы  қаралы хабарды Қараөткелде естіп, дұға оқығанын айтады. Енді бірде ұлт мүддесі жолында құрбан болғандардың түбі ақталып, ақиқат ақ сөйлейтін заманның туатындығын дәл болжайды. Ақынның көрегенділігі қате кеткен жоқ.  Арада біраз жылдар өткенімен сол ақ күн  туып, Алаш арыстарының бәрі ортамызға оралды. 

Ал соңғы екі шумағында:

Ғафу ет, жерлер болса тілім тиген,

Шаһбоз дос құрмет тұтып, жаным сүйген.

Тілеймін көрмесін деп кейінгі жас,

Қамытты қиын күнде біздер киген.

 

Мен-дағы талай сырды ішке түйдім,

Жазықсыз жазаланып, отқа күйдім.

Бақұл бол, қайран Ахмет, ақ сұңқарым,

Қош айтып рухыңа басымды идім,

деп ақын рухына тәу етіп қана қоймай, өзінің де жазықсыз жазаланып, отқа күйіп жүргенін сыр етіп ашады.

Енді құранқари ақынның өзі туралы айта кетейік.  Файзолла Сатыбалдыұлы – 1883 жылы қазіргі Қостанай облысы Амангелді ауданында дін қайраткері Сатыбалды ишанның отбасында өмірге келген.  Батпаққарадағы әкесінің медресесінен сауатын ашқан ақын одан кейін Тройцк мен Бұхарадағы медреселерде діни білімін одан әрі тереңдетіп, он алты жасында құранды жатқа айтып, құранқари  деген атаққа ие болды.  Бұдан соң туған еліне оралып, медреседе сабақ беріп, шәкірт тәрбиеледі. 1928 жылы оған «діншіл», «алашордашыл» деген айып тағылып, Қостанай түрмесіне қамалып, 14 жылға жазаға кесіледі.  1929-1935 жылдары аралығында ол Қазақстандағы Іле, Ақтеңіздегі Беломорканал, Мәскеу каналардары және Новосібірде айдауда жүріп, бейнетті күндерді бастан кешті.  1935 жылы 14 жылдық жаза жер аударумен ауыстырылып, Татарстан, Башқұртстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан  және  Ақмола аймағында тұрды. Туған  жері – Батпаққараға 1946 жылы оралды. Құранқари ақын өлең-толғау ғана емес «Шәкір-Жамал», «Тоқымбет-Гүләйім», «Әбдіғапар хан», «Адамзаттың шежіресі», «Өмірбаян», «Аяз би», «Ұзақ жол», «Ер Толыбай», «Имам Ағзам хазіреттің ақырғы ғұмыры» атты бірнеше көлемді дастандар мен поэма  жазды. Файзолла атамыз 1959 жылы туған жерінде өмірден өтті.