Көрермен спектакльден жас Мағжанның, өмірге ғашық Мағжанның, елінің ауыр халі үшін шексіз азап шеккен, басын қатерге тіккен Мағжанның және бірнеше мәрте геноцидке ұшыраған қазақ халқының ауыр тағдырын көрді. Екі күн қатарынан қойылған спектакль талғамы биік көрермен көңілінен шықты. Елімізге танымал Еркебұлан Дайыров, Зарина Кармен, Али Марат сынды театр әртістері ұлы ақын, ғалым, аудармашы, Алаш қозғалысының қайраткері Мағжан Жұмабаевтың тағдырын, сол кездегі қазақ халқының тіршілігін көрерменге жеткізе білді. Туындының қоюшы режиссері – Давиде Ливермор, режиссері – Chiara Ocella. Ал Мағжан бейнесін белгілі, талантты әртіс Еркебұлан Дайыров сомдады. Рөлдерде ойнаған актерлердің дені жастар. Мағжан ақын өзі жырлап өткендей «Мен жастарға сенемін» идеясы театр сахнасында жалғасын тапты.
Айта кетелік, Түркістанда мәдениет пен өнерге құмар қауым еселеп көбеюде. Соның бір дәлелі – «Мағжан» спектакліне билет толық сатылып кеткен. Басқа қалалардан да келген көрермен көп. Өнерсүйер қауым тар заманға саяхаттады, күйзелді, Алаш ардақтыларының ұлтты сақтап қалу жолындағы арпалысын көрді, ой түйді, ұлтқа қызмет қандай болатынын аңғарды. Яғни Түркістан музыкалық драма театры ұлы ақын, қайраткер Мағжан Жұмабаевтың болмысын аша білді.
ТҮРКІСТАН