Экономика • 16 Қараша, 2022

Skoda Transportation Қазақстанда техникалық қызмет көрсетеді

158 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Skoda Transportation компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Дидье Пфлегермен Қазақстанда өндіріс ашу перспективаларын талқылады, деп жазады Egemen.kz.

Skoda Transportation Қазақстанда техникалық қызмет көрсетеді

Қос тарап Қазақстанда теміржол және қалалық қоғамдық көлік шығару, техникалық қызмет көрсету және жаңғырту жөніндегі жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Ә.Смайылов компанияның елімізде нақты жобаларды жүзеге асыратынына сенімді, өйткені  Қазақстанда инвесторлар үшін түрлі салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған.Осы орайда ол локализациясы жоғары және толық циклді өндіріс ашу мәселесін қарастыруды ұсынды.

«Қазақстан Үкіметі машина жасау саласына ерекше көңіл бөледі, сондықтан біз шетелдік әріптестермен ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыруға қазақстандық машина жасау кәсіпорындарын тартуға болады деп санаймыз», деді Әлихан Смайылов.

Ол Skoda Transportation компаниясымен өзара тиімді ықпалдастықты пысықтау үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылғанын атап өтті.

Ал Дидье Пфлегер компания жаңа нарықты бағындыруға дайын екенін, сондықтан өз өндірісін дамыту үшін Қазақстанды перспективті серіктес ретінде қарастырып отырғанын атап өтті.

Кездесуде тараптар өзара тиімді жобаларды әзірлеу бойынша белсенді жұмысты жалғастыруға мүдделі екенін білдірді.

Айта кетейік, чехиялық Skoda Transportation машина жасау компаниясы – әртүрлі көлік түрлерін, оның ішінде метро, трамвай, троллейбус, теміржол вагондары, электр пойыздары мен электр автобустарын шығаратын жетекші еуропалық өндірушілердің бірі. Кәсіпорын Skoda Holding-тің құрамына кіреді.