Президент өз сөзінде қоршаған орта азаматтардың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына тікелей әсер ететінін атап өтті.
-Сондықтан экология мәселелері әрқашан менің назарымда. Алматылықтар ауаның ластануының жоғары деңгейіне қатты алаңдайтынын білемін. Бұл мәселе қала тұрғындары үшін ең маңыздыларының бірі санатына өтті және дереу шешуді талап етеді, - деді Қ.ТОқаев.
Мемлекет басшысы атап өткендей, жыл сайын атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларының көлемі шамамен 125 мың тоннаны құрайды. Негізгі көздер - автокөлік (55%), қалалық ЖЭО және өнеркәсіптік кәсіпорындар (35%), сондай-ақ газдандырылмаған жеке үйлер (шамамен 10%) құрап отыр. Сондықтан жол-көлік жүйесінің тиімділігін арттыра отырып, қала экологиясын айтарлықтай жақсартуға болады.
- Жаңа технология мен ақылды трафиктің арқасында азаматтардың ұтқырлығы қоршаған ортаға теріс әсер етпейді. Әкімдік қалада, ең алдымен өнеркәсіптік кәсіпорындарда экологиялық қауіпсіздік нормаларының сақталуын қатаң қадағалауға тиіс. ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ті газға ауыстыру зиянды шығарындылар деңгейін он еседен астам төмендетуге мүмкіндік береді, - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.