Президент • 16 Қараша, 2022

Алматыда тұрғын үйлер саларда әлеуметтік нысандар дұрыс жоспарланбайды

181 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы жұртшылығымен кездесуінде айтты, деп жазады Egemen.kz. 

Алматыда тұрғын үйлер саларда әлеуметтік нысандар дұрыс жоспарланбайды

«Қаладағы денсаулық сақтау саласы туралы айтсақ, мұндағы негізгі міндет – инфрақұрылымды дамыту және қызмет көрсету сапасын арттыру. Алматыда емханалар мен ауруханалар әбден ескірген. Тұрғын үйлер салған кезде әлеуметтік нысандар дұрыс жоспарланбайды. Ал, бұл алдымен тұрғындардың өміріне теріс әсер етеді. Яғни, тұрғындарға көрсетілетін қызметтің қолжетімді болуына, жедел жәрдемнің дер кезінде көмекке келуіне кедергі келтіреді», деді Президент. 

Қ.Тоқаевтың айтуынша, әкімдік жаңа медициналық нысандар салып, жаңғырту үшін арнайы жоспар әзірлеуі керек.

«Бұл шаралар ана мен бала өлімін азайтып, азаматтардың ауыр дерттен сақтануына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек жүйесін дамыту қажет. Келесі жылы халықаралық деңгейдегі көпбейінді аурухана құрылысын бастау керек. Жобаны мемлекет пен бизнестің серіктестігі арқылы жүзеге асырған жөн», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы қаланың қарқынды өсіп келе жатқан аудандарында перзентханасы бар ауруханалар салу керектігін айтты.  Халықтың денсаулығын сақтау үшін науқастарды емдеумен қатар, аурудың алдын алу өте маңызды. Осы орайда, қала тұрғындарының саламатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау қажеттігін атап өтті. 

«Қазіргі таңда алматылықтардың үштен бірі ғана дене шынықтырумен айналысады. Жалпы, дамыған қалаларда саламатты өмір салтының инфрақұрылымы деген ұғым бар. Алматының барлық аудандарында осындай инфрақұрылым салынуы керек. Қазір қаладағы спорт нысандары негізінен орталықта орналасқан. Шеттегі аудандарда мүлдем жетіспейді. Сондықтан, әкімдікке жыл сайын кемінде 3 денешынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырамын», деді ел Президенті.