Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Хұсейін Әмір-Темірдің тағдырын театрмен байланыстырғанына 60 жылға жуықтапты. Алматыдағы Өнер институтын бітірген жас Қарағанды, Қызылорда театрлары сахнасына талай кейіпкерді алып шықты. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» қойылымы арқылы режиссер ретінде танылды.
– Мәскеудегі ГИТИС-ті бітіріп келгеннен кейінгі қойған тырнақалды дүнием Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы» болды ғой. Ал оған дейін өзім басқа спектакльдерде онай жүріп, жастардың басын қосып сахнаға шығарған осы «Қозы Көрпеш – Баян сұлудың» орны бөлек, – дейді режиссер. – Одан бері қаншама су ақты, көп дүние өзгерді. Кезінде театрдағы әр қойылым қадағаланып, оның тәрбиелік жағына баса мән берілетін. Қазір ондай талап жоқ. Ақсақалымыз Сәбит Оразбаевтың бір туындысы «Тазарғың келсе – театрға бар» деп аталмай ма? Сол айтқандай, театрдың негізгі миссиясы рухани тазарту болуы керек.
Театрға жүздеген көрермен келеді. Олардың әрқайсысы өнер ошағы табалдырығын түрлі оймен аттайды. Міне, солар бар уайым-қайғысын, күнделікті күйбіңді ұмытып, спектакльдің өн бойында сахнадағы актерлермен бірге «өмір сүрсе», солар күлсе – жымиып, жыласа – көрерменнің де қабағына мұң ұяласа, үйіне ойланып қайтса, біздің мақсаттың орындалғаны.
Режиссер сөйлеп отыр. Жалпы бұл театрдың тарихы сонау 1955 жылы Жетісу өңіріндегі Еңбекшіқазақ, Ақсу, Қаратал колхоз-совхоз театрларының негізінде құрылған кезден басталады. Сол кезде-ақ М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай», М.Әуезовтің «Қаракөз», «Қарақыпшақ Қобыланды», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» секілді сүбелі пьесаларын қойған театрдың бас режиссері Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Жақып Әбілтаев еді.
Талдықорған облысының тарауына байланысты театр 1960 жылы Қазақстан Мәдениет министрлігінің қаулысына сәйкес Сыр өңіріне қоныс аударып, шымылдығын Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясымен ашты.
Жетісудан Сырға қоныс аударған әртістер құрамында кейін есімдері театр тарихында алтын әріппен жазылған Баймолда Баймұқанов, Кәден Балғынбаев, Шолпан Бәкірова, Әбдіғұмар Кәнетов, Сағымбек Рақышев, Қыдырма Көпбаев, Кәшифа Көпбаева, Айнатай Манасбаева, Шәріп Мәрденов, Халық Саурықов, Раиса Тәшібаева, Жібек Бағысова, Серік Шотықов, Рыстай Алдамжарова, Тұрысжан Айнақұловтар табысты шығармашылық еңбек етті. Кейін әртістер құрамы Пахраддин Қуанышев, Ізбасқан Шәкіров, Жорабек Шүленбаев, Ұлбатай Баяділова, Айымторы Тайғаринова, Қалмахан Бисембинов, Оралбек Әбдімомынов, Ыбырахым Раманқұлов, Зағипа Сәулебаева, Ораз Нәсімханов, Сәнім Масина секілді өнерпаздармен толықты.
Өнер көшінің алғашқы легінде Қызылордаға жүк көлігінің жүргізушісі болып келіп, кейін Қазақстанның Халық әртісі атағын иеленген талантты әртіс, марқұм Серік Шотықов ағамыз сол кезең жайлы естелігінде былайша толғанар еді.
«Қызылордаға 1960 жылдың 16 наурызында келдік. Алғашқыда тосырқасақ та тез үйрендік, әсіресе, бізді өнерге сусаған Сыр елінің ықыласы қанаттандырды. Сол кезде обком қызметкерлері үшін салынып жатқан 3 қабатты үй күні-түні күзетіліп, құрылыс аяқтала салысымен бізге, театр әртістеріне берілді. Асқар ақынның атын иеленген қазіргі мәдениет үйінің сахнасына алғаш шыққан да біз болдық. Осылайша Қызылорда қайтадан театрлы қалаға айналды».
Осы жылдары қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, Қазақ КСР-нің халық әртісі Асқар Тоқпановтың «Абай» спектаклін сахналауы жергілікті өнер ұжымының алғашқы табысы болса, 1967 жылы белгілі режиссер Маман Байсеркенов сахналаған Всеволод Вишневскийдің «Оптимистік трагедия» спектаклі үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанғаны өнер ошағының тұңғыш белесі еді.
Бұрынғы мен бүгінгіні салыстырған режиссер әңгімесі кешегі күннің суреттерін көз алдымызға әкелгендей.
– Біз жас кезімізде көп жаңалықты кәдімгі радиодан тыңдайтынбыз. Тіпті кешегі тоқсаныншы жылға дейін Қызылордада жергілікті телеарна болған жоқ. Ал қазір ше... Әр үйдің төрінде ауқымына жүздеген арнаны сыйдырған телеарна қосылып тұр. Әлемді көз алдыңа әкеліп тосатын интернетің тағы бар. Осының бәрі театр көрермендерінің талғамына әсер етеді. Осыдан 20-30 жыл бұрынғы мен қазіргі көрерменнің арасында аспан мен жердей айырмашылық бар. Бұл театрды тоқырауға ұшыратпай, қамшылап отырады. Өнер ордасына келген адамның талғамынан шығу үшін ізденесің. Тарихи драмалардың өзін қазіргі құбылысқа байланыстырып қоюға тырысасың. Әйтпесе, көрермен жоғалтамыз.
Ұжым осыдан 10 жыл бұрын Түркияның Кония қаласында өткен «Мың тыныс және бір дауыс» атты түркітілдес театрлардың халықаралық фестиваліне түрік драматургы Торғай Нардың «Төбекөз» спектаклімен қатысып, арнайы дипломмен марапатталды. Сәл кейіндеу Ұлыбританияда өткен қазақ өнерінің күндері аясында Дулат Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесу» драмасын Англия астанасы Лондонның төрінде орналасқан Британ корольдік музыкалық театр сахнасында талғампаз ағылшын көрермендеріне ұсынды. Бұл қойылым шетел сахнасындағы қазақ тілінде көрсетілген тұңғыш спектакль. Сыр бойындағы өресі биік өнер ұжымының бұл қадамы қазақ ұлттық драматургиясының жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсетті.
Көп ұзамай театр ұжымы Шотландияның Эдинбург қаласында өткен халықаралық «Фриндж» өнер фестиваліне шақырту алды. Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасының желісі бойынша сахналанған «Ақбаян» қойылымы жоғары бағаланып, спектакль режиссері Хұсейін Әмір-Темір, әртістер Зәлипа Төлепова, Қанат Архабаевтар Еуропаның «Алтын кітабына» енді.
Режиссерді тыңдайықшы...
– Кейбір жазушыларымыздың «қоғамдағы құбылыстарды жылдар бойы әбден қорытып, шығармаға айналдырғаны дұрыс» деген пікірін естіп қаламын. Бірақ бұл драматургияға жүрмейді. Сахнадан бүгінгіні көрсетпесең, көрермен теріс айналады. Мысалы, осы «Фриндж» фестиваліннің басты шарты – қойылым 55 минуттан аспау керек. Декорацияның қойылып, жиналуының да белгіленген уақыты бар. Осылайша «Қозы Көрпеш-Баян сұлудың» желісімен қойылған дүниемізге ұлттың мәдениетін көрсету үшін ән-жыр, айтыс, би қостық. Қойылымда Жантық мүлдем жоқ. Қозы мен Баян өлмейді, екеуі қосылып, мұратына жетеді. Фестивальде үш күн қатарынан қойылғанда көрермен қатары кеміген жоқ.
Спектакльден дәл осы уақыттағы өзекті мәселенің иісі шығып тұруы керек. Мысалы, Талдықорған театрында жүргенімде «Еңлік – Кебекті» қойдым да, бірінші планға Кеңгірбай биді шығардым. Ол сахнада екі жасқа қатаң кесім айтқан әділетсіз жан емес, елдің бірлігі бұзылмас үшін неден де тайынбайтын би ретінде көрінді. Сол тұста Жетісуда қазақтар мен шешен ұлтының жастары арасында төбелес болып, мәселенің ушығыңқырап тұрған уақыты еді. Сол жағдайды сахна арқылы көпке осылайша ұқтырдық. Көрермен өте жақсы қабылдады. Әйгілі театртанушы Бағыбек Құндақбаевтың «Бұл – «Еңлік – Кебек» жайындағы жаңа сөз» деген бағасы мерейімізді өсірді.
Қазіргі көрерменге заманауи дүниелер жақын дедік қой. Осы театр сахнасында жүріп жатқан «Нашақор туралы новелла», «Кездесу мен қоштасу», «Әйел тағдыры» спектаклдеріне жұрттың қызығушылығы айрықша.
Театр десе көз алдымызға жүздеген адам жинайтын кең зал, атшаптырым сахна келе қалады. Мүмкін бізге де батыстағыдай жиырма-отыз көрермен жинап, подвалда қойылым қоя беретін үрдіс керек шығар. Мысалы, осы театрдың жертөлесінен ашқан лабораториямызда 3 спектакль жүріп жатыр. Көрермені 50 адамнан аспайды. Солардың ішіндегі «ҰБТ кілті» қойылымының көрермені мұғалімдер мен жоғарғы сынып оқушылары.
Әр қойылымын өзінің көкейдегі ойының бір парасы санайтын режиссер осы уақытқа дейін жүздеген қойылым сахналапты. «Ал осының ішінен көңіліңізді алабөтен тербегені қайсысы?» дей қалсаңыз алты-жетеуін ғана санап берер еді. Тағдырын театрға теліген жанның талабы осындай.
Тағдыр демекші, осыдан он жыл бұрын өнерде де, өмірде де қатар жүрген жары Әлиядан айырылып қалғанда осы театрдан жұбаныш тапты. Қарашаның қара суығында қалғандай қалтыраған жанын осылайша жылытты. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Әлия Арысбаева қырық жылдық өнер жолында жүздеген кейіпкерді көрермен алдына алып шыққан дарын иесі еді.
Бір шаңырақтың астында екі бірдей өнер адамының ғұмыр кешуі оңай емес. Бірақ отбасынан тәрбие, Хадиша Бөкеевадай үлкен өнер иесінен тәлім алған жары Хұсекеңнің қабағына кірбің, үстіне қылау жұқтырмады. Қызылорда мен Талдықорған театрларының беделді актрисасы болды. Дертімен арпалысып жатқанда да азаматының жағдайын ойлап кеткен Сырдың сұлу Әлиясының өнері мен өмірі жайлы айтылар әңгіме әлі алда.
– Туып-өскен орта, өнердегі жол туралы жалғастыра жазып келе жатқан дүниелерімнің алғашқысы «Бір сахна – егіз ғұмыр» Әлия екеумізге арналған. Одан кейін «Сен және мен» деген тағы бір кітап жаздым. Ойыңды ақ қағазға түсірсең, сағынышың саябырсып, бойың жеңілдеп қалады екен. Ғұмырым жеткенше Әлияның өмір һәм өнер баянын жазуға бел байладым.
Режиссер қабырғадағы қаз-қатар тізілген суреттерге қарап ойланып қалды. Тықылдаған сағат тілі уақыттың түске тармасқанын көрсетіп тұр. Ол орнынан тұрды да есікке беттеді. Сахнада әртістер күтіп тұр.
Ертең – премьера.
Қызылорда