Қоғам • 16 Қараша, 2022

Құмарлық түбі – құрдым

524 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері Ақтөбе өңірінде есірткі салдарынан 8 адам ажал құшқан. Облыс прокурорының көмекшісі Ө.Ещанов­тың хабарлауынша, өткен жылы дәл осындай себеппен қайтыс бол­­ғандар саны алтау болған екен. Ал биыл есірткінің иньекциялық артық дозалануынан қайтыс болған адамдар саны 25 пайызға өсіп отыр.

Құмарлық түбі – құрдым

Өкінішке қарай, Ақтөбе аймағында есірткіге деген сұраныс та, ұсыныс та азаймай тұр. Талай жастың тағдырын тығырыққа тіреп, ересектердің де есін алған есірткі өндірісі мен айна­лымы адамдардың денсаулығына да үлкен әсер етіп отыр.

Нақты мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда облыстың наркологиялық есебінде 1 786 адам нашақор ретінде тіркеуге алынған екен. Өткен жылы бұл тізімдегілер саны 1 856 болған. Оның ішінде 117-сі әйел болса, қара тізімнің қақ ортасында кәмелетке толмаған 2 бала да бар.

Өңірлік құқық қорғау органдары жыл басынан бері есірткіге байланысты 306 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелгенін мәлімдеп отыр. Бұл сан өткен жылмен салыстырғанда осы санаттағы қылмыстардың 34,8 пайызға өскенін аңғартады. Тіркелген қылмыстық істің ішінде 148-і сотқа жолданған.

Ақтөбелік прокурорлар 12 жағдайда есірт­кі­ні насихаттау тұрғын үйлердің қабырға­ла­рында телеграмм арналардың атауларын бейнелеу ар­қылы жүзеге асырылғанын хабарлады.

Осыған орай есірткі саудасымен айналысатын адамдарды анықтау жұмыстарына ерекше ден қойылып отыр. Әсіресе интернеттегі жарнамалық «граффити сайттары мен мессенд­жер­лердің логиндері, жазуларының» таралу фактілерінің алдын алу және жолын кесу бо­йынша жұмыс күшейтілді. Қала бойынша қа­быр­ғаларда осындай 20-дан астам жазба жойылған.

Мысалы, жақында Ақтөбе қаласындағы Астана ауданында есірткі заттарын өткізу мақ­сатында заңсыз дайындаумен айналысқан қыл­мыстық топ анықталып, олардың заңсыз іс-әрекеттерін әшкерелеген еді. Бұл топтың құрамында 6 адам болған. Осы ауданның полиция қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 297-бабының 4-бөлігі – есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді бiлiм беру ұйым­да­рын­да не кәмелетке толмаған адамға өткізу және 262-бабы – ұйымдасқан топ, қыл­мыс­тық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізді. Сот үкімімен топ­тың барлық мүшесіне 16 жылдан 17 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.