Қазақстан • 16 Қараша, 2022

«Жаңа адамдар» таңдаған жарқын жол

741 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жуырда Мемлекет басшысы «Жаңа адамдар» қозғалысының өкіл­дерімен кездесті. Ашық диалогке құрылған жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың қоғамдағы белсен­ділігі туралы пікірін білдіріп, ақыл-кеңесімен бөлісті. Жаңа­дан құрылған қозғалыстың мақ­саты анық, алға қойған жос­пары ауқымды екен. Бұған «жаңа адамдармен» арнайы жүздескенде көзіміз анық жетті.

«Жаңа адамдар» таңдаған жарқын жол

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

«Жаңа адамдар» көп ұзамай «Жастар рухы» жастар қанаты, Қазақстан Жастар конгресі, Студенттер альянсы, «Жасыл ел» жұмысшы жастар жасақтары, Ауыл жастарының одағы секілді көпке таныс іргелі ұйымдардың қатарынан табылатынына сенімді. Өйткені құрылғанына көп уақыт өте қоймаса да, бірден Пре­зи­дент­пен кездесу өткізіп, ойлары мен алдағы мақсат-мұраттарын ортаға салды.

Қазірде «Жаңа адамдар» қозға­лы­сының құрамында 150 белсенді жас бар. Олардың әрбірі бұл жобаға өз идея­ларымен келіп, ұйымның мүшесі атанған. Аталған ұйымның құрылу тарихы да қызық. Алдымен бір топ жас жиналып, Мемлекет басшысының әділетті Қазақстанды құру туралы тезисін тал­қылап, пікір таластырған.

– Бұл талқылау осы жылдың тамыз айында өткен еді. Алғаш рет біраз жастың басын қосқан жиын ұйымдастырдық. Онда біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру туралы бастамасын сөз еттік. Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан деген тұж­ы­рым­да­­­ма­ларды талдап, өзімізше са­рап­­та­ма жасадық. Үкіметтегі қыз­­меткерлердің, депутат­тар­дың сөйлеген сөздерін, пікір­ле­рін де ой елегінен өткіздік. Сол кезде шенеуніктердің Прези­дент­тің сөзін біршама ұзақ, тіпті қарама-қайшылықпен тү­сі­нетінін байқап, таңғалдық. Бұдан соң «Жаңа Қазақстан» деген ұғымды өзіміз қалай түсі­нетінімізді ұсынуды жөн көр­дік. Жаңа Қазақстан өзіміз­ден, біреуге тәуелділіктен бас тартудан басталады емес пе?! Жаңа Қазақстан – бұл еліміздегі 19 миллион халықтың өз өміріне деген көзқарасының өзгеруі. Осылайша, басқосқан барша жастардың ойы бір жерден шықты, бірте-бірте біздің пікір­та­ласымызға жаңа адамдар қо­сыла бастады, – дейді «Жаңа адам­­дар» жастар қозғалысының көшбасшысы Әсел Бәденова.

Белсенділердің саны жүзден асқанда ұйымның бағдар­ла­малық құжаты әзірленген. Әсел­дің айтуынша, құжат жақын ара­да жарияланып, көпшіліктің талқысына салынады.

Бір айта кетерлігі, «Жаңа адам­дар» өкілдері еркін, ойларын, ұсыныс-пікірлерін бүкпе­сіз ашық жеткізеді. Жас өрен­дер­дің ойға алған бастама, жос­парларын еш қымсынбастан ортаға салып, пікірталасқа түсу­­ге дайын екенін бірден аң­ға­­­руға болады. Жаңа Қазақ­стан, Әділетті Қазақстан құру тал­­пы­­­ныс­тарында жігер мен ба­тыл­дық байқалады. Олар тіпті «Жаңа, Әділетті Қазақ­станды мемлекеттік қызмет­ші­лер және депутаттармен бірге құрғымыз келеді», деп мемле­кет­тік қызметке араласқысы келе­тін­діктерін де жасырмады.

Президент алдында сөз сөй­­­ле­ген қозғалыстың мүшесі Ризабек Рашит өзі секілді жас­тар­дың мемлекеттік қызмет­шілерге көмек бергісі келетінін айтқан еді. «Біздің басты мақса­ты­мыз – шенеуніктер мен депутаттарға көмектесу ғана емес, олармен бірге Әділетті Қа­зақ­стан құру», деді «Жаңа адамдар» өкілі. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шенеуніктерге көмек­те­судің қажеті жоқ шығар, өйткені олар өз жұмысын істеуі керек. Бірақ мемлекеттік, ұлт­тық құндылықтарды, қоғам­да­ғы дұрыс ұғымдарды қалып­тас­тыру жастардың яғни, сіз­дердің қолдарыңыздан ке­ле­ді деп ойлаймын. Қалай алсақ та Қазақстан – азамат­тық қо­ғам дамыған ел. Сондықтан аза­мат­тық қоғамда пікірталас­тар­дың болуы заңдылық, осы пікір­таластар арқылы сіз бірін­ші­ден мемлекетке пайда келтіре аласыз, екіншіден өзіңізді дәлел­деуге болады. Қалай десек те, біз ашық қоғамға бет бұ­рып келеміз», деп жастардың бұл идеясына ой қосты.

Қозғалыс жетекшісінің айтуынша, ұйымның мақсаты – Президент Қ.Тоқаев бастаған елдегі өзгерістерді іске асыру.

– «Мұны қалай жасауға болады?» десеңіздер, ол үшін біз Жаңа Қазақстанды құру процесіне еліміздің мыңдаған жас ұл-қызын тартқымыз келеді. Олардың өз Отаны тура­лы түсініктерін өзгертуге ық­­пал етіп, ел ертеңі болар өреннің құндылықтарын еңбек­қорлыққа, прагматизмге және кәсіпкерлікке қайта бейім­дегіміз келеді. Осылайша, мың­­даған адамға жүздеген, мың және миллиондаған жаңа жас қосыларына сенімдіміз. Сон­да ғана Президент бастаған өзгерістер енді тоқтамайды, нақты өзгерістер болады. Біздің мақсатымыз – Қазақстанның әрбір азаматының дамуы мен дербестігі. Сондықтан осы өзге­ріс­ті алдымен өзімізден бастап отырмыз, – деді Әсел Бәденова.

Жақын арада «New People» тобы елордада өз кампусын ашу­ды жоспарлап отыр. Онда жас­тар көшбасшылық пен сая­сат саласын зерттеп, зер­де­лей­ді. Кіл жастардан құрыл­ған топ бейнефильм, түрлі жо­балар, көше акцияларын ұйым­дастырады.

– Біздің тобымызға түйін­деме мен «Мен Жаңа Қазақ­станды қалай көремін?» тақы­ры­­бын­да шығармашылық жұ­мысын жіберген кез келген қазақ­стандық жас қосыла алады. Бү­гінгі таңда қозғалыста біздің идеяларымызбен бөлісе­тін 150 белсенді бар. 2022 жылдың 14 қазанын «Жаңа адамдар» қозғалысының нағыз туған күні деп есептейміз. Президентпен кездесуде мақ­сат-міндеттерімізді айтып, Мем­­­лекет басшысының 100 па­­йыз қолдауына ие болдық. Пре­зидент Алматыдағы сапарында біздің кездесуіміз туралы айтып, сөйлеген сөздерімізді есіне алғаны – біз үшін үлкен қуаныш әрі үлкен абырой, – деді ұйым көшбасшысы.

– Кеше мен «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының өкіл­дерімен кездестім. Жастар Әді­лет­ті Қазақстанды құру идея­­­­­сымен шабыттандырды. Олар жаңа елді қажырлы ең­бек­­ке, Отан тағдырына белсене қа­ты­суға негізделген құнды­лық­тар жүйесі жаңар­тыл­ған адамдар құруға тиіс екеніне сенімді.

– Қазіргі жастар басқаша. Маған ұнайтыны, қазіргі жас­тар­дың көбі мемлекеттен көмек күтпей, керісінше, өз еліне пайдалы болғысы келеді. Әрине, Қазақстан – әлеуметтік мемлекет, біз өз азаматтарымызды, әсі­ресе әлеуметтік осал топтарға әрқашан қолдау көрсе­тетін боламыз. Бірақ өз әл-ауқаты үшін жауапкершілікті мемлекетке де, қоғамға да ауда­­­ру мүмкін емес.

Күні бойы диванда жатып немесе смартфонда мақсатсыз уақыт өткізу арқылы жетістікке жете алмайсыз. Мемлекет бар­лы­ғын қолынан ұстап, оқуға немесе жұмысқа орналастыра алмайды. Ешбір елде мұндай нәрсе жоқ. Шетелдік бір ірі мұнай-газ компаниясы азаматтарымызға лайықты жалақымен вахталық әдіспен жұмыс істеу үшін арнайы 1000 орын бөлді. Өкінішке қарай, бұл ұсынысқа 50 адам жауап берді. Мұның себебі ешкім жұмыс істеу үшін басқа жерлерге барғысы келмейді. Осы уақытта көптеген өзге ел­дің тұр­ғындары еш ойланбас­тан шетел­дерге барып, кез келген жұ­мысқа кіріседі.

Еліміздің орталық жоғары оқу орындарында білім алу үшін мемлекет тарапынан кей­бір өңірлерге арнайы гранттар бөлініп жатыр. 10 мың грант­тың төрттен бірінен азы иге­рілді. Мемлекет азаматтарды жұмыспен де, грантпен де қам­та­масыз етеді, тек осы мүм­кін­­діктерді пайдалану керек, – деді Президент Алматыдағы сапарында.

«Жаңа адамдар» жастар қоз­ғалысы Президентпен жүзде­су­лерін Мемлекет басшы­сының жастарға деген сенімінің белгісі деп санайды. «Президенттің үмітін ақтамауға құқығымыз жоқ. Алдағы уақытта жоспарымыз да, тындырар жұмысымыз да көп. Барлық ел бойынша кампустарымызды ашамыз. Келесі жазда Президентпен тағы да кез­десіп, Қасым-Жомарт Тоқаевқа та­быстарымыз туралы айтып беретін болып келістік», деді Әсел Бәденова.

Соңғы жаңалықтар

«Сары тентек» сарыны

Әдебиет • Кеше

Ұлытау ұлары

Тұлға • Кеше

Тағдыр тәпсірлері

Әдебиет • Кеше

«Хат қоржын»

Егемен Қазақстан • Кеше

Абай тапсырған асатаяқ

Жәдігер • Кеше