Саясат • 17 Қараша, 2022

Қарақат Әбденнің ел өңірлеріндегі сайлауалды кездесулері жалғасуда

163 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Қарақат Әбден ел өңірлерін аралап, сайлаушылармен 30-дан астам кездесу өткізді. Кандидаттың сайлауалды сапарлары Ақмола, Қарағанды, Абай, Павлодар, Алматы, Ақтөбе, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан облыстарының үлкенді-кішілі қалалары мен ауылдық елді мекендерін қамтыды. Кандидаттың әлеуметтік бағдарланған тұғырнамасы сайлаушылар тарапынан кең қолдауға ие болып отыр.

Қарақат Әбденнің ел өңірлеріндегі сайлауалды кездесулері жалғасуда

Қарақат Әбденнің сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан бағыттар – әр­бір Қазақстан азаматы үшін өзекті. Олардың қа­тарын­да мынадай мәселелер бар: көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету; балалар мен жастардың үйлесімді дамуына жағдай жасау, қарияларды қолдауға бағытталған шараларды қолға алу; ұлттық-рухани құндылықтарды дәріптеу; озық білім мен ғылымның, сапалы медицина қызметінің баршаға қолжетімді болуы.

Сайлауалды бағдарламада отбасы институтына баса мән берілген. Кандидат атап өткендей, отбасыны қолдау және нығайту – елдің табысты дамуының кепілі. Себебі отбасында ұрпақ сабақтастығы, үлкендерге құрмет, кішілерге қамқорлық, өзара қолдау дәстүрлері, еңбекқорлық және білімге деген ұмтылыс қалыптасады. Ол отбасы институтын жан-жақты ны­ғайтуға, оның мәртебесін арттыруға мүдделі. Өзінің сайлауалды бағдарламасында кандидат өскелең ұрпақ­ты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу үшін мектеп бағдарламасына арнайы курс енгізуді; студенттер­дің шәкіртақысын ұлғайтуды; тұрғын үй алуға немесе белгілі бір кезеңге пәтер жалдау ақысын төлеуге берілетін ақшалай сертификаттар жүйесін енгізуді; бала тәрбиелеп отырған үй шаруасындағы әйелді «жұ­мыскер» деп танып, осы мерзімді еңбек өтіліне қосуды; сирек ауру­лары бар балаларға көмек көрсету жүйесін біріздендіруді ұсынады.

Бұдан бөлек, сайлаушылармен кездесу барысында Қ.Әбден қоғамның дертіне айналған синтетикалық есірткінің таралуы мен жат мәдениетке еліктегіш жастардың әрекеттеріне ерекше тоқталды. Алдағы уақытта кандидат Жамбыл облысының сайлаушыларымен бірнеше кездесу өткізеді. 

 

Тапсырыс беруші: ҚР Президенттігіне кандидат Қ.Ж.Әбденнің сенімді өкілі А.С.Уразгулов.Мақала ақысы республикалық бюджет қаржысынан төленді. Осы материалды шығарған ұйым, оны басып шығарған жері жəне таралымы туралы мəлімет шығыс деректерінде көрсетілген.