Қаржы • 17 Қараша, 2022

Азаматтарды 10 пайыз өтемақы алуға шақырды

534 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының төрағасы Әділ Өтембаев теңгелік депозиттер бойынша 10 пайыз көлеміндегі өтемақы (сыйақы) бағдарламасының жүзеге асырылуына қатысты пікір білдірді. Оның сөзіне қарағанда, өтемақы өтініш берушілердің белсенділігі төмен. Бұл туралы Алматыда өткен «Қазақстан қаржыгерлерінің Х конгресі» аясында айтылды.

Азаматтарды 10 пайыз өтемақы алуға шақырды

«Қазір біз төлемдерге өтініш беру бел­сенділігінің төмендігін көріп оты­р­мыз. 2022 жылдың 11 қара­ша­сын­да­ғы жағдай бойынша, 1,8 млн адам өтініш берген. Бұл өтемақы алуға өтініш білдіргендердің жалпы санының 35 па­йызынан аз», дейді Ә.Өтембаев.

ҚДКБҚ басшысы өтемақы бағдар­ла­масының шарттары мен мерзімдері туралы айтты.

«2022 жылдың 23 ақпанына дейін теңгемен депозит ашқан қазақстандық банктердің салымшылары мемлекеттен 10 пайыз көлемінде өтемақы алуға құқылы екенін еске салғым келеді. Ол үшін депозит ашылған банкке өті­ніш беріп, сол арқылы төлемді алуға келісіміңізді растауыңыз қажет. Бұл 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін жасалуы керек. Сондай-ақ депозитті 2023 жылдың 24 ақпанына дейін сақтау маңызды. Сонымен қоса өтемақы жыл ішінде депозитте болатын ең төменгі сома үшін есептелетінін атап өткім ке­леді», деді ол.

Сөз соңында Әділ Өтембаев салымшыларды төлемдерді алу құқығын белсенді пайдалануға шақырды.

«Салымшылардың төлемге өтініш беруге бір жарым ай уақыты қалды, банкке өтініш беруді жыл соңына дейін қалдырмауды ұсынамын. Оның үстіне бұл қиын емес, көптеген қазақстандық екінші деңгейлі банк бұл үдерісті онлайн түрде ұйымдастырды. Депозит ашылған банктің мобильді қосымшасы болса жеткілікті. Толық ақпарат алу үшін сіз әрқашан осы банктерге хабарласа аласыз», деді қор басшысы.

Еске салайық, Қазақстанның депозит­тер­ге кепілдік беру қорында төлемдер 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін жүзеге асырылады.