Мәселен, жуырда Алматыда сусамыр салдарынан аяғының қан айналымы бұзылған пациентке жаңа әдіспен операция жасалды. Әйтпесе, сырқат әйел аяғынан айырылуы әбден мүмкін еді.
Көп жыл бойы сусамыр кеселімен жүрген 55 жастағы әйел диабеттік табан синдромына шалдыққан. Мамандар пациентке 2-типтегі қан диабеті, аяқ күретамырларының атеросклерозы деген диагноз қойған.
Жоғарыдағы операция барысында науқастың аяқ күретамырларына ангиография жасалған. Нәтижесінде тізе асты мен үлкен жіліншіктегі артериялар тарылып, стеноз пайда болғаны анықталды. Операция кезінде аяқтағы артерияларға ангиопластика жасалып, қан айналымы толық қалпына келтірілді, дейді мамандар.
Алматыдағы №4 қалалық клиникалық ауруханасында өткен шеберлік дәрісі шеңберіндегі операцияны Үндістанның Мумбаи қаласынан келген дәрігер Гириш Мукуд жасады.
«Әдетте мұндай жағдайда сырқаттың аяғын кесіп тастайды. Бірақ бұл әйелдің жолы болды. Енді хирургиялық операция жасауға еш қажеттілік жоқ», дейді аурухананың Рентген-эндоваскулярлық хирургия бөлімінің дәрігері Камила Оразбаева.
Үндістандық дәрігер Гириш Мукуд тәжірибеге енгізіліп отырған жаңа әдіс – интервенциондық немесе эндоваскулярлық хирургия – зақымданған ағзаны қандауырсыз, қан тамыры арқылы рентгенэндоваскулярлық әдіспен емдеуге мүмкіндік беретінін айтады.
Қан тамырлары хирургтеріне арналған шеберлік дәрісі барысында үндістандық дәрігердің қатысуымен тағы осындай 4 операция жасалды.
Медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаевтің сөзіне сүйенсек, төрт операция да МӘМС шеңберінде қаржыландырылған.
«Бір жыл бұрын №4 қалалық клиникалық ауруханада рентген-эндоваскулярлық хирургия бөлімшесі ашылған болатын. Осы уақыт ішінде мидағы қан тамырларына 739 интервенциондық ота мен жатыр артерияларын эмболизациялау сынды манипуляциялар жүзеге асырылған. Бұл операциялардың бәрі де МӘМС пакеті шеңберінде жасалды», дейді Тілеухан Әбілдаев.
АЛМАТЫ