30 Мамыр, 2014

«Қазақстан-2050» үшін оңтайлы орта

277 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
интеграцияҚазақстан, Беларусь және Ресей президенттері Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойғаннан кейін Қазақстан Пре­мьер-Министрінің бірінші орынба­сары Бақытжан Сағынтаевтың, Ре­сей Федерациясы Үкіметі төра­ға­сының бірінші орынбасары Игорь Шуваловтың, «Беларусь Рес­пуб­ликасы Даму банкі» басқар­ма төрағасы, Еуразиялық эконо­ми­калық комиссия кеңесінің Бела­русь мемлекеті тарапынан мүшесі Сергей Румастың және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Виктор Христенконың қатысуымен брифинг өтті. Брифингте сөз алған Виктор Христенко Еуразиялық экономикалық одақ қызметін дұрыс және тиімді жүзеге асыруда Еуроодақ секілді үлгі бар екенін, сондықтан, бұл үлгі қандай да бір қателіктердің болмауына көмектесетінін жеткізді. «Сондықтан, Еуразиялық экономикалық одақ ауқымдылығы және тереңдігі жағынан Еуропалық одақтан кейін екінші Одақ болып табылады. Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты институттық құрылымдар мен салаларды саралайтын болсақ, бұл Одақ – өңірлік интеграцияның толыққанды халықаралық ұйымы. Оның аясындағы мәселелердің барлығы елдердің ортақ консенсусы негізінде жүзеге асатын болады. Ал егер, Одақтың өзегіне келер болсақ, оның негізінде «4 еркіндік» жатыр. Олар: еркін сауда айналымы, қызмет көрсетудің еркіндігі, еркін капитал қозғалысы, еркін жұмыс күші», деді бұл орайда ол. EEO 48 Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы өз сөзінде Еуразиялық экономикалық одақ «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға оңтайлы орта қалыптастырып, тиімді жағдай жасай алады деген ойын жеткізді. «Еуразиялық экономикалық одақ өзінің мәні мен маңызы бойынша уақытында, яғни дер кезінде құрылып отырған ауқымды ұйым. Осы орайда, бұл ұйым сыртқы әлемдегі барлық тәуекелге және елдер үкіметтері өздері үшін белгілеп, айқындаған барлық стратегияға жауап ретінде құрылды», деді өз сөзінде В. Христенко. Оның айтуынша, интеграциялық бастама Қазақстанның 2050 жылға дейінгі ұлттық стратегиясы мен Ресейдің ұлттық стратегиясын да толықтыра түседі. «Демек, бұл ықпалдастық алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыруда біз үшін оңтайлы жағдай жасайтын болады», деді бұл ретте Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы. Брифинг барысында Еуразиялық экономикалық одақ құрудағы артық­шы­лықтар жөнінде Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов мәлімдеді. Бұл тұрғыда ол былай деді: «Біз өтпелі кезеңдер төңірегінде өзара келісімге келдік. Олардың кейбірінің мерзімі өте қысқа, мәселен, президенттер бізге дәрілер мен медициналық өнімдерге қатысты аз уақыт ішінде келісімге келуді тапсырды. Яғни, біз дәрілік өнімдерді шығарып қана қоймай, оған қатысты шараларды бір ізге салуға қатысты жұмыстар атқаратын боламыз. Бұл үдеріс 2 жыл мерзімінде жүзеге асырылады». Сондай-ақ, ол күрделі салалар бойынша бірігу, түйткілді дүниелерге қатысты мәселелерді шешу үдерісі 10 жылға дейін жалғасуы ықтимал екенін тілге тиек етті. «Бұл орайда, біз осы кезең ішінде мұнайдың, мұнай өнімдерінің және газдың ортақ нарығы бойынша нақты келісімге келеміз деп ойлаймын», деді ол бұл орайда. Брифинг аясында Игорь Шувалов Еуразиялық экономикалық одақ оған мүше елдердің барлық азаматтарына осы елдердің әрқайсысында еш кедергісіз жұмыс істеуге жол ашатынына тоқталды. Оның айтуынша, бұл орайда, кез келген жұмысшының әлеуметтік жағдайы өзіне жұмыс орнын ұсынған елдің азаматының әлеуметтік жағдайымен бір деңгейде болады. Сондай-ақ, Одақ аясында 3 ел арасындағы бәсекелестік артып қана қоймай, Қазақстан, Беларусь және Ресей азаматтары осы елдерде өздерінің жеке бизнесін ашуға мүмкіндік алатынын жеткізді. «Яғни, егер саған салықты төлеу қай елде тиімді болса, қай елде ли­цен­зиялық шаралардан жеңіл өтетін болсаң, я болмаса қай жерге жұмыс күші көп тартылатын болса, сен сол елде өзіңнің өндірісіңді ашуға мүдделі бола­сың. Демек, бұл бәсекелестікті арттырады», деді И.Шувалов. И.Шувалов сондай-ақ, келешекте Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде валюталық одақ мәселесі қаралуы мүмкін деген ойын да айтып қалды. «Бүгін Беларусь Президенті біздің Еуразиялық экономикалық одақты құра бастағанымызды, ал келешекте бұл Одақ барлық мәселелерді қамтитын толыққанды ұйым болатынын айтты. Біз 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Одақтың тетігін іске қосамыз. Бұдан кейін біз қаржылық одақты, я болмаса валюталық одақты құру туралы мәселені де зерттеуіміз керек секілді. Бірақ, бұл – алдағы уақытта қарастырылатын мәселе, себебі, ол бүгінгі күн тәртібінде тұрған жоқ», деді ол бұл ретте. Ал Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шуваловтың сөзін жалғастыра келе, ешқандай валюталық одаққа қатысты мәселе туралы әңгіме алдағы уақытта да қозғалуы мүмкін еместігін атап өтті. Өзінің ресейлік әріптесінің бұл ойына қатысты пікірін Б. Сағынтаев былайша жеткізді. «Жаңа Игорь Иванович күн тәртібінде тұрмаса да, қаржылық, валюталық одақ туралы мәселе жөнінде айтып қалды. Алайда, бұл мәселеге қатысты дұрыс түсінік қалыптасуы үшін мен мынаны айтар едім. Бұған дейін мемлекет басшылары деңгейінде де, үкімет басшылары деңгейінде де бұл мәселені біз талқылап, қарастырған емеспіз. Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаржы орталығы ретінде, алайда ол ұлтүстілік қаржылық реттеушілік тұрғысында қалыптасатынын айтты. Бірақ ол жерде ешқандай қаржылық, я болмаса валюталық одақ туралы әңгіме болған емес», деді ол бұл орайда. Сондай-ақ, Б. Сағынтаев жаңадан құрылған Еуразиялық экономикалық одақ тек экономикалық ықпалдастыққа негізделгенін жеткізе келе, бұл тиісінше елдер экономикаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыратынын атап өтті. «Бүгін үш елдің мемлекет басшылары қол қойған шарттың мазмұнына тоқталатын болсақ, онда ЕАЭО аясындағы жұмыстар тек экономикалық мәселелерге негізделгені және негізделетіні анық көрсетілген. Яғни, жаңадан құрылған Еуразиялық экономикалық одақ үш мемлекеттің өзара экономикалық ықпалдастығын толықтай қамтамасыз етеді. Демек, бұл – Одақтың өзегінде ешқандай да саяси астар жоқ деген сөз. Сол себепті, Одақты құру кезінде сая­си мәселелер қарастырылмады. Атап айтқанда, әр тәуелсіздік, қауіпсіздік секілді мәселелер тек әр елдің өзінің ұлттық деңгейінде ғана шешілетін болады», деді бұл орайда Б.Сағынтаев. «Беларусь Республикасы Даму банкі» басқарма төрағасы, Еуразиялық эко­но­микалық комиссия кеңесінің Беларусь мемлекеті тарапынан мүшесі Сергей Румас Еуразиялық экономикалық одақты құруға қатысты шартты әзірлеу барысында Беларусь мемлекеті прагматикалық экономикалық мақсатты көздегенін жеткізді. «Беларусь посткеңестік кеңіс­тіктегі интеграциялық үдерістің белсенді жақтаушысы болған және бола береді де. Ең бастысы, біз Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден одағының толық пішінді базасы аясында құрылуына айрықша мән бердік. Яғни, бұл жерде қандай да бір шектеулер мен кедергілер орын алмауы тиіс», деді ол. С.Румас келесі кезекте әртүрлі себеп­терге байланысты әріптестердің тауар­лар айналымы жолында кездескен ке­дер­гілерді аз уақыт ішінде алып тастауға дайын болмай қалғанына, сондықтан тауар айналымы мәселесі бойынша 2050 жылға дейін өтпелі кезең болатынына тоқталды. Бұған қоса, ол кейбір «өте нәзік» мәселелер бойынша екіжақты ке­лі­сімдерге қол жеткізілгенін атап өтті. «Мәселен, 2025 жылдары мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығы қалып­тасқан кезде Беларусь мұнай өңдейтін зауыттарына қажетті мұнаймен толықтай қамтамасыз етілетін болады», деді ол өзінің сөзінде. Брифинг соңында оған қатысушылар еуразиялық ықпалдастыққа қатысты журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.