30 Мамыр, 2014

Еуразиялық экономикалық одақ – жаңа мүмкіндіктер одағы

1251 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
интеграцияЕуразиялық экономикалық комиссияның сауда министрі Андрей СЛЕПНЕВПЕН сұхбат – Андрей Александрович, бүгін өмірге келіп отырған Еуразиялық одақты құру идеясының авторы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екендігі белгілі. Енді бұл одақ қалай жұмыс істейтін болады? – Иә, Еуразиялық одақ құру туралы жарқын идеяны осыдан жиырма жыл бұрын Нұрсұлтан Әбішұлы көтерген болатын. Айтпақшы, жуықта ғана идея алғаш айтылған Мәскеу мемлекеттік университетінде осы жағдайды тағы да еске түсіру шарасы болып өтті. Өздеріңіз білесіздер, Еуразиялық одақ құру мәселесі нақты өмірде Кеден одағын құрып, жүзеге асырудан бастау алды. Бұл құрылым өз тиімділігін берді. Сондықтан бүгінгі күні Еуразиялық одақты құру нақты ресімделіп отыр. Бұл одақ енді халықаралық субъект ретінде өз құрылымдары, өз институттарымен нақты әрекет етуге кіріседі. Әлемдік аренадағы орнын айқындайтын болады. Осы жағдайлардың өзі-ақ оның жұмыс істеуіне тұрақтылық сипатын береді. фото СлепневОның үстіне одақты маңызды ресімдеу мәселесімен қатар біз енді ынтымақтастықтың болашағы зор жолына түскендігімізді түсінуіміз керек. Өйткені, бұдан былайғы уақыттарда тауарларды одақ аясында жылжытуда кедергілер белсенді түрде еңсерілетін болады. Біздің алдымызда капиталдардың біртұтас қызмет рыногын қалыптастыру міндеті тұр. Шынын айтқанда, бұл мәселеге біз енді кіріскелі отырмыз. Өйткені, қол қойылған шартта осындай рынокты құру жөніндегі міндеттер белгіленген. Бұл дегеніңіз, бұдан былайғы уақытта әрбір кәсіпорын өз қызметін енді одақ көлемінде ұсына алады деген сөз. Бұрынғыдай оған енді қосымша рұқсаттар мен лицензиялар қажет болмайтын бола­ды. Осының бәрі кәсіпорын алдындағы жұмысты жеңілдетіп, оның қуатын арттыру, жұмыс көлемін көбейту үшін жаңа кеңістіктерді игеруіне жол ашады. Әрине, экономикалық салалардың барлығында бірдей мұндай жұмысты жолға қою мүмкін емес. Мәселен, банк секторында осы істі бірден жүзеге асыра алмаймыз. Өйткені бұл үшін реттеу шараларын жүргізу, заңдар қабылдау қажет болады. Дегенмен, уақыт тез өтеді ғой. Сондықтан қазіргі уақыттағы ең бастысы біздің осы бағыт бойынша алға жылжып келе жатқандығымыз. Қысқасын айтқанда, біртұтас рыноктың пайда болуы біздің кәсіпорындарымыз бен азаматтарымызға жаңа мүмкіндіктер беретіндігі, кәсіпорындардың қызметін еселеуіне жол ашатындығы анық. – Ресей Федерациясының Президенті Влади­мир Путин Ресей, Беларусь және Қазақстанның интеграциялану жолында жүйелі түрде алға басып келе жатқандығын, бұл жағдайдың өзі қазірдің өзінде нақты нәтижелер бере баста­ған­дығын айтқан болатын. Сіз бұл ретте қан­дай нәтижелерді атап көрсеткен болар едіңіз? – Өткен жылдың қорытындысында біздің өзара саудамыздың көлемі 70 миллиард долларға жуықтады. Шынын айтқанда, Кеден одағы құрылғанға дейін мұндай көлемді цифрды бол­жау­дың өзі мүмкін емес еді. Кеден одағы құрыл­ғаннан бері сауда көлеміміз, әлемде орын алған дағдарыстарға қарамастан, әр жыл сайын 19 пайыз­ға өсіп отырды. Әрине, мұндай көрсеткішке қол жеткізуде бизнестің алдынан кездесетін әкім­шілік және түрлі техникалық кедергілерді еңсере білудің маңызы үлкен болғандығы түсінікті. Сол сияқты, ортақ сауданың дамуы әрбір елге өз пайдасын бергендігі анық. Әрі бұл үдерістің өзі біздің одан әрі жақындасуымызға жақсы негіз қалады. Енді Еуразиялық одақтың құрылуы мен жүйелі түрде тиімділік алу үдерісі бастау алатын болады. Себебі, ендігі кезекте құрылып отырған ортақ рынокта жүзеге асатын жобалардың тартымдылығы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда арта түсетін болады. Мәселен, Қазақстанда тартымды бір жоба немесе идея пайда болды дейік. Енді бұл жобаны жүзеге асыруға бұрынғыдай тек Қазақстан бизнесмендері ғана емес, сонымен қатар Ресей мен Беларусь іскерлері де ықылас танытатын болады. Міне, осы жағдайдан жобаның тартымдылық қасиеті елеулі түрде арта бастайды. Жалпы, Қазақстан жағдайына келетін болсақ, мұндай тартымдылық пен тиімділік қазірдің өзінде айқын көрініп отыр деп айта аламыз. Мәселен, соңғы кездері Қазақстанда бұл елде бұрын болмаған жаңа өндіріс түрлері ашылуда. Атап айтатын болсақ, теміржолдың жылжымалы құрамдарын, әртүрлі көтергіш құралдарды, жүк көліктерін, электронды техникаларды шығару қарқынды түрде қолға алынды. Қазақстан жағдайында мұндай күрделі сипаттағы техникалармен сауда жасау, оларды сыртқа шығару мүлдем болмаған еді. Тіпті болған жағдайдың өзінде көзге көрінбейтіндей тіптен елеусіз сипатта еді. Енді осы үдеріс айқын байқалып қана қоймай, бұл істің ауқымы әр жыл сайын еселеп өсіп келеді. Әрине, мұның өзі бірінші кезекте интеграциялану үдерісінің жемісі екендігі анық. Енді ортақ рыноктың құрылуы осындай жаңа жобаларды жүзеге асыру мәселесіне неғұрлым белсенді сипат беретін болады. Менің ойымша, бұдан былайғы уақыттарда  одақ аясындағы реттеу шараларының сапасы да арта беретін болады. Әкімшілік кедергілердің азаюының өзі осындай нәтижеге әкеліп тірей­тін болады. Бұл жағдай ақыр аяғында біздің ел­дері­міздің халықаралық деңгейде бизнес жүр­гізу қабілеттілігін арттырады. Жаңа рейтингтік көрсеткіштерге қол жеткізуімізге мүмкіндік береді. – Әлемде интеграцияланудың көптеген формалары бар. Еуразиялық одақтың олардан қандай айырмашылықтары болуы мүмкін? – Әрине, өз жұмысымызда бізге халықаралық интеграциялық байланыстардың қырлары мен ерекшеліктерін ескеріп отыру қажет болады. Жалпы, интеграциялану үдерісі қазіргі күні бүкіл әлем бойынша белсенді артып келеді. Осы орайда бір байқалып отырған жағдай шағын экономиканың ірі экономикаға интеграциялануы неғұрлым қолайлы болған сайын бизнестің осы үдеріске қарай ұмтыла түсетіндігі айқындалып отыр. Халықаралық деңгейде қазір мұның өзі стандартқа айналды. Бізге де енді Еуразиялық одақтың құрылуымен осындай өз стандартымызды қалыптастыруымыз және оның халықаралық үлгіден кем болмауын ойластыруымыз қажет болатындығы анық. Біз Еуразиялық одақ аясындағы ынтымақтас­тық­пен ғана шектеліп қалмай, басқа да экономикалармен жұмыс істейтіндігіміз анық. Мәселен, Ресей Тынық мұхиты өңіріндегі елдермен жұмыс істесіп келеді. Басқа да интеграциялық ұйымдар баршылық. Міне, осылардың үздік тәжірибелерін қолдана білудің маңызы зор. Бірақ біз қалай алып қарағанда да, басқа тәжірибелердің барлығын өз тауар өндірушілеріміздің мүддесіне бейімдей қолданатынымыз түсінікті. Міне, сол кезде барып Еуразиялық одақтың өз ерекшеліктері мен артықшылықтары пайда болатын болады. Ал қазіргі жағдайға келетін болсақ, одақ құрып отырған үштіктің ортасында қазірдің өзінде жақсы үнқатысу қалыптасқан. Сондай-ақ біздер екіжақты қатынастар арқылы да жұмыс істеудеміз. Осы жағдайлардың барлығы бізге енді технологиялық тұрғыдан кооперациялануымызға жаңа жол сілтеп отырғандай. Әрине, бұл кооперациялану тек шикізаттық бағытта ғана емес, күрделі технологиялар бағытында алға басатындығы анық. Жуықтағы Санкт-Петербургте өткен халықаралық экономикалық форумда бұл жайында көп айтылды. Кең фюзеляжды ұшақ жасау, станок жасау, ауыр машина жасау саласының басқа да түрлерін дамыту жөнінде әңгіме болды. Осы ретте бізге Еуразиялық одақ аясында мұнай-газ, энергетика және инфрақұрылымдардың бірыңғай рыногын қалыптастырудың маңызы зор болатындығы түсінікті. Міне, нақ осы мәселелер жөнінде біздің елдеріміздің арасында көптеген пікірталастар болып, аталған мәселеде алға жылжу кезінде келісімге келдік. Демек, келісілген өнеркәсіптік саясатты жүзеге асыратындығымыз анық. Міне, осы мәселелер уақыт өте тереңдей келе біздің ортақ рыногымыздың жан-жақтылық қырларын да көрсететін болады. – Еуразиялық экономикалық одақты құру арқылы кәсіпкерлер мен бизнесмендер алдында жаңа мүмкіндіктер пайда болады деп отырмыз. Осы ретте кейбір салаларда өзіндік ерекшеліктердің де болатындығы анық. Осы мәселелерді келісімді, икемді етудің, оларды реттеудің қандай жолдары болмақ? – Әрине, экономикалық одақ құру дегеніміз ол одаққа бірігіп отырған барлық елдердің барлық салаларын бірден-бір сүреге салу деген сөз емес. Ортақ тұрғыдан реттеуге болатын да, болмайтын да салалар бар. Мәселен, ауыл шаруашылығын алайық. Біз одақтық деңгейде ауыл шаруашылығы жөнінде келісімді саясат жүргізу туралы уағдаластықтар жасап отырмыз. Бірақ бұл мәселеде асығыстыққа барудың қажеті жоқ. Өйткені, ауыл шаруашылығы саласында мемлекеттік субсидиялаудың рөлінің зор екендігі анық. Әр ел өз ауыл шаруашылығының ерекшеліктеріне орай осындай саясатты жүзеге асыратын болады. Бірақ бір ескеретін мәселе, ауыл шаруашылығы саласында бюджеттік қаржы қаншалықты тиімді пайдаланылып отыр деген сұрақтың пайда болатындығы түсінікті. Демек, бұл салада да бізге келісім алатындай мәселелер бар. Ол келісім әр ел үшін тиімділіктің сақталуына мүмкіндік беруі тиіс. Сондай-ақ, біз бірыңғай макроэкономикалық саясат жүргізу жөнінде де келістік.  Шартқа қол қою арқылы осы мәселеде консенсусқа қол жеткіздік. Консенсус дегеніміз не? Консенсус дегеніміз, тараптар бір жағынан алғанда, ортақ шешімге ризашылығын білдірді, екінші жағынан алғанда, оған риза емес болса да болашақ тиімділіктерді ескере отырып, өзара келісімге келді деген ұғымды білдіреді. Бұл ретте ең бастысы қалыптасып отырған объективті жағдайды ескеру болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда бір ұйымға бірігу дегеніміз бірден пайда қарату дегенді білдірмейді. Бұл жерде бірігу дегеніміз сол пайдаға қол жеткізудің жаңа мүмкіндіктеріне ие болу деген сөз. Міне, Еуразиялық экономикалық одақ құруға қарсы болып байбалам салып жүргендер мәселенің осындай қырларын ескере бермейді. Яғни, мәселенің түп тамырына бойламай-ақ көрініс берген жағдайға ғана қарап, байбалам сала береді. Қалай алып қарағанда да, үш елдің басшылығы да мұндай одақ құруға кеңінен ойланып, оның түпкілікті тиімділігіне көз жеткізе отырып қана барып отыр. Сондықтан «балапанды күзде санайды» дегендей, біз бұл одақтың тиімділігіне оның нәтижесін көргенде барып көз жеткізетін боламыз. Ал ондай нәтиженің болатындығы анық. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».