Кеше Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Мемлекеттер басшылары деңгейіндегі отырысы өтті. Отырыс Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың қатысуымен шағын құрамдағы кездесуден басталды. Мемлекет басшылары Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікті дамытудың негізгі бағыттарын, сондай-ақ, еуразиялық интеграциялық үдерістерді кеңейту мәселелерін талқылады.
Ұлттық мүдделер ескерілген құжат
Кеңес отырысына төрағалық еткен әрі шаңырақ иесі ретінде алғашқы болып сөз алған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі кездесудің Қазақстан, Беларусь және Ресей мемлекеттерінің болашағы үшін тарихи маңызы бар екенін атап өтті. Біз Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартты әзірлеу жөніндегі орасан зор жұмыстарды аяқтадық, деді Елбасы. Шартқа қол қою арқылы еуразиялық кеңістіктегі ықпалдастықтың жаңа сапалы кезеңі басталады. Бұл құжатта барлық мемлекеттердің мүдделері ескерілген. Сауатты және салиқалы дайындалған. Бірқатар келіспеушіліктерге қатысты қол жеткізілген консенсус барлық тарапты қанағаттандырды.
Қазақстан Президенті Шартта арқаулық аспектілердің барлығы көрініс тапқанына тоқталды. Құжатта халықаралық ұйымдарға тән барлық арқаулық аспектілер көрініс тауып отыр, деді Нұрсұлтан Назарбаев осы жөнінде. Мемлекеттердің егеменді теңдігі, аумақтық тұтастығы, сондай-ақ, Одаққа мүше мемлекеттердің саяси құрылымының ерекшеліктерін құрметтеу қағидаттары бекітілген. Ұйымның барлық деңгейіндегі шешімдер қабылдауда консенсус қағидатының болуы ерекше маңызды. Осы орайда, әрбір қатысушы тараптың дауысының шешуші мәні бар.
Елбасы өз сөзінде Одаққа мүше мемлекеттердің тіл мәселесін де атап өтті. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі барлық халықаралық келісімдер, Комиссияның міндетті сипаттағы күші бар шешімдердің барлығы орыс тілінде қабылданады, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Біз осылай келістік. Дегенмен, сондай құжаттар бірден тараптардың әрқайсысының мемлекеттік тілдеріне де аударылатын болады. Сондықтан тілдік қағидаттар жөнінде ешқандай кемсітушіліктер орын алмайды.
Қазақстан басшысы, сондай-ақ, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының күн тәртібіне қойылған мәселелермен де таныстырды. Елбасының атап өткеніндей, Кеңес отырысының күн тәртібіне жеті мәселе шығарылып отыр. Бұл мәселелердің барлығы вице-премьерлер мен сарапшылардың жан-жақты талқылауынан өткен, қол қоюға дайын тұр. Оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қою рәсімі де бар.
Қазақстан Президенті бұл шарт үш мемлекеттің азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталғанына назар аударды. Еуразиялық экономикалық одақты құру біздің экономикамызды жан-жақты жаңғыртуды жалғастыру, елдерімізді әлемдегі жетекші орындарға шығару үшін қуатты серпін беретініне сенімдімін, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Құрылып жатқан Одаққа Арменияның қосылуы туралы тармақ бар. Өз кезегінде Қырғызстан Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі мақұлдаған Кеден одағына қосылу жөніндегі жобаны қолдады.
Мемлекет басшысы, сонымен қатар, Одақтың органдарындағы кадр саясаты тараптардың тең қамтылуы қағидатын ескере отырып және осы маңызды жұмысқа білікті мамандар тарту конкурстық негізде жүргізілетінін атап өтті.
Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко өз сөзін елдерімізге экономикалық интеграция жолы оңайға түспегенінен бастады. Әрбір қадам оңай болған жоқ, деді Беларусь басшысы. Бірақ, біздің басты мақсатымыз айқын, ол – халықтарымыз татулық пен достықта өмір сүріп, мемлекеттерді дамыту мен нығайту өзара тиімді ынтымақтастықтың негізінде жүзеге асырылып жатқанына олардың сенімді болуын қамтамасыз ету. Біздің дұрыс жолды таңдағанымызды өмірдің өзі көрсетті. Бұрынғы кеңестік кеңістіктің қайтарымсыз кері интеграциясына жол бермес үшін біз ТМД-ны құрудан бастадық, содан кейін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты, Кеден одағын құрдық. Біртұтас экономикалық кеңістіктің нобайын жасадық. Бүгін біз мәреге жетіп отырмыз. Ол Еуразиялық экономикалық одаққа әкелді.
Осыған байланысты Александр Лукашенко қол қойылғалы отырған шарттың ережелерін оған қатысушылардың барлығының ортақ пайдасына қарай жетілдіру мүмкіндіктері бар екенін атады. Оның айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ құру жолы өте ауыр және ұзақ болды, қарсылық танытушылар да кездесті. Бүгін үш мемлекет Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қоюға саналы түрде қадам басып отыр.
Ал Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт мемлекеттік егемендікті толық сақтай отырып, елдерімізді интеграцияның мүлде жаңа деңгейіне алып шығатынын атап өтті. Сондай-ақ, Ресей басшысы Еуразиялық одақ идеясының бастауында Нұрсұлтан Назарбаев тұрғандықтан, шартқа Қазақстанның елордасында қол қойылуының символдық мәні бар екеніне тоқталды. Бүгінде біз бірлесіп, экономикалық дамудың қуатты, тартымды орталығын, 170 миллионнан астам халықты біріктіретін ірі өңірлік рынокты құрудамыз, деді Владимир Путин. «Үштік» елдерінде дамыған өнеркәсіп, индустриялық база, қуатты кадрлық, интеллектуалдық, мәдени әлеует бар. Географиялық жағдайымыз бізге тек өңірлік қана емес, жаһандық та маңызы бар көлік-логистикалық бағдарлар қалыптастыруға, Еуропа мен Азияның ауқымды сауда жолдарын өзімізге «бағындыруға» мүмкіндік береді. Осының барлығы – біздің бірлестігіміздің бәсекеге қабілеттілігінің, оның жедел өзгеріп жатқан әрі күрделі әлемдегі қарқынды дамуының кепілі болып табылады.
Ресей басшысы өзінің сөзі барысында шартқа қол қоюдың тарихи маңызы ерекше екендігіне де тоқталды. Біздің бүгінгі кездесу тарихи маңызға ие, деді ол осы жайында. Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қояды. Бұл құжат мемлекеттердің егемендігін сақтай отырып, біздің елдерді интеграцияның жаңа деңгейіне шығарады. Әрі ол үйлесімді экономикалық ынтымақтастықты қамтамасыз етеді. Еуразиялық одақ идеясын Қазақстан Президенті 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі дәрісі барысында алғаш рет жария еткен болатын.
ЕАЭО – өзге елдер үшін ашық құрылым
Шағын құрамдағы отырыс аяқталған соң мәжіліс кеңейтілген құрамда жалғасты. Бұл отырысқа Армения Президенті Серж Саргсян мен Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Виктор Христенко қатысты.
Мемлекет басшылары Арменияның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы туралы шартты әзірлеу барысын, сондай-ақ, Қырғыз Республикасының Кеден одағына қосылуы жөніндегі Жол картасын қарады.
Отырысты Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашып, жүргізіп отырды. Елбасы өзінің кіріспе сөзінде еуразиялық экономикалық интеграция келесі кезектегі биікке көтерілгенін атап өтті. Бүгін біз Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы шартқа қол қоятын боламыз. Ол қол қоюшы мемлекеттер халықтарының әл-ауқатын, өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Мен осы мүмкіндікті пайдалана отырып, шартты дайындаған сарапшылар тобының еңбегіне рахметімді айтамын. Сонымен бірге, біздің елдеріміздің үкіметтеріне және Еуразиялық комиссияға да осынау маңызды құжатты қысқа мерзімде дайындай алғандығы үшін алғыс айтамын, деді Қазақстан басшысы.
Одан әрі Президент бүгінгі күні өзара іс-қимылымызды кем дегенде 15-20 жыл алға жетелейтін алыс көкжиекке көз тігуіміз керектігін атап көрсетті. ХХІ ғасырдың алғашқы жартысында біздің Одағымыздың алдындағы миссиясы екі түрлі маңызды мәселені шешуде екенін түсінуіміз керек.
Біріншіден, әлемнің аса маңызды экономикалық макроаймағына айналып, Шығыс пен Батыстың, Еуропа мен Азияның «экономикалық көпірі» болатын сапаға қол жеткізу арқылы бәсекелестікке қабілеттілігімізді арттыру. Екіншіден, әрбір мүше мемлекетті әлемнің барынша дамыған елдері қатарына енгізуді қамтамасыз ету, дей келіп, Еуразиялық экономикалық одақ халықтарымызға ауыртпалық емес, игілік бола білуі керек екенін атап көрсетті. Одан әрі Президент: «Біз тек осындай жолды ұстана білсек қана еуразиялықтың тартымдылығын арттырамыз және оның айқын мақсаттарына деген күмәнді біржолата жоятын боламыз», деді.
Қазақстан басшысы Еуразиялық экономикалық одақтың ұлтүстілік органдарының жұмыс істеу тәртібі туралы айтты. Біз Еуразиялық экономикалық комиссияның Мәскеуде орналасуына келістік. Сөйтіп, Мәскеу Еуразиялық экономикалық одақтың экономикалық орталығы болады.
Басқа да ұсыныстар болған еді, бірақ мәселе осылай шешілді. Минскіде Еуразиялық сот орналасады. Біздің Одағымыздың құқықтық аспектілері де сонда шоғырланады. Ал Алматыда 2025 жылдан бастап Одақтың қаржы нарығын реттеу жөніндегі ұлтүстілік орган орналасатын болады. Осылай дей келіп, Президент одақтық қаржылық реттегіштің құрылуын күтпей-ақ Алматыны Еуразиялық экономикалық одақтың қаржылық орталығы ретінде қарастыруды бастай беру керек екенін атап өтті. Н.Назарбаев өз сөзінің қорытындысында ЕАЭО мүше елдер экономикасын жан-жақты жаңғыртуға қуатты серпін беретінін атап өтті.
Одан әрі Елбасы күн тәртібіндегі мәселелер бойынша үш Мемлекет басшысы толық келісімге келгенін айта отырып, Армения мен Қырғызстан президенттерін кеңейтілген отырысқа шақыруға келіскендерін жеткізді. Енді осы екі мемлекеттің басшыларын тыңдайық, деп Нұрсұлтан Әбішұлы алғашқы сөзді Армения Президенті Серж Саргсянға берді.
С.Саргсян өзін Еуразиялық экономикалық одаққа қол қою сияқты тарихи мәжіліске және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске шақырғандары үшін жаңа Одақтың мүшелеріне ризашылығын жеткізді. Мен Кеден одағы мемлекеттері басшыларын ЕАЭО құру сияқты маңызды қадамға аяқ басып отырғандығымен шын жүректен құттықтаймын, деді ол. Бұл шарт толып жатқан сарапшылар мен лауазымды тұлғалардың кедергілер мен келіспеушіліктерді реттеу жолында ұзақ тер төгу арқылы барлық жақтың да мүддесін ескерген мәмілелік шешімдерге қол жеткізген жанкешті еңбектерінің арқасында өмірге келген құжат екені сөзсіз. Әрине, оған қол жеткізу Мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында ғана мүмкін болып отырғанын да білеміз, деді ол.
Одан әрі Серж Саргсян Арменияның ЕАЭО-ға ену мәселесі туралы айтты. Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің тиісті ведомстволары мен Еуразиялық экономикалық комиссияның өзара келісімді жұмыстарының арқасында Арменияның Еуразиялық экономикалық одаққа енуі туралы шарттың жобасы белгіленген мерзімде дайын болды. Осыған орай Кеден одағы елдері басшыларына және Еуразиялық экономикалық комиссия мүшелеріне ризашылығымды білдіремін, деді ол. Біздің Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қоюға қызығушылық танытуымызға түрлі себептер бар, дей келіп, Серж Саргсян Арменияның 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕАЭО-ға енуі туралы ұлттық бизнес те, халық та толық хабарланғанын жеткізді. Солардың қолдауына сүйеніп және сарапшылық деңгейде 2-3 мәселе ғана толық келісілмегенімен, ымырашыл шешім белгіленгенін айта отырып ол өз елінің ЕАЭО-ға кіру туралы шартқа үстіміздегі жылдың 15 маусымына дейін қол қоюға әзір екенін жеткізді.
Одан кейін сөз алған Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев Нұрсұлтан Назарбаев жиырма жыл бұрын ұсынған идеясының іске асып жатқанын атап өтті. Мен Еуразиялық экономикалық одақты барлық мүше-мемлекеттердің экономикалық дамуына пайдалы алаң бола алатын тиімді ұйым деп санаймын. Алдымен Кеден одағына ену және келесі кезеңде ЕАЭО қатарына өту Қырғызстан үшін экономикалық саясаттың маңызды бағыты және саналы шешімі болып отыр. Кеден одағына мүше елдер – біздің экономикалық әріптестеріміз ғана емес, ең алдымен рухы жақын, тарихы ортақ халықтар. Біздің арамызда ешқандай тілдік кедергі де жоқ. Бізде ортақ тарих болса, алдағы уақытта болашағымыз да ортақ болады деп санаймын, деді А.Атамбаев.
Сонымен қатар, ол прогресшіл интеграциялық қағидаттар қатысушы елдердің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін де арттыратынын атап өтті. Осы мәселелердің шешілуі Қырғызстан халқының ұлттық мүдделеріне сай келеді. Оған Кеден одағының басқа мүшелері де мүдделі. Қырғызстанмен әріптестік қатынастар орнату Кеден одағы мүшелеріне геосаяси артықшылықтарды айтпағанның өзінде, аймақтық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді деп ойлаймын, дей келіп, ол түрлі экономикалық болжамдар мен сараптарға қарағанда Кеден одағына кіретін болса Қырғызстан үшін алғашқы кезеңдер оңай болмайтынын біліп отырғанын жеткізді. Ал қазір Қырғызстан экономикасы күрделі жағдайға қарамай, тұрақты даму жолына түсіп келе жатыр. Сондықтан біз өз проблемаларымызды шешуді ешқашан Кеден одағының басқа мүшелеріне жүктемейміз. Алайда, бізді өндірістің тоқырап, жұмыссыздықтың артуы ғана алаңдатады. Біздің осындай проблемаларымызға түсіністікпен қарап, қолдау білдіргенді ғана қалаймыз, деді А.Атамбаев.
Келесі кезекте ол Қырғызстан экономикасын өтпелі кезеңде қолдағандары үшін Қазақстан мен Ресей тараптарына алғысын жеткізді. Ресей тарапымен бірігіп бүгінгі күні Қырғызстанның Кеден одағына өту мәселелерін шешуге қаржылық қолдау білдіретін қор құру туралы шешім қабылданғанын айтты. Қырғыз тарабы да ресейлік инвестицияға, қор жұмыстарына қолдау білдіреді және оны қорғауға кепілдік береді. Кеден одағына өтуде біз әріптестеріміздің және өзіміздің экономикамызға тиімді қатынас, инвестициялық дұрыс ахуал орнатуды көздейміз, деген Қырғызстан Президенті. А.Атамбаев өзінің сөзін Қырғызстанның Кеден одағына өтуі ел экономикасының дамуы мен халықтың жағдайы жақсаруына тың серпін беретінін атап өтумен қатар, бүгінгі отырыста Қырғызстанның Кеден одағына өтуі туралы Жол картасына қол қойыларына үміттенетінін білдірумен аяқтады. Жаңа жылды біз бір интеграциялық құрылымда қарсы алармыз деген үміттемін, деді ол.
Одан кейін отырыс төрағасы Н.Назарбаев күн тәртібіндегі мәселелер бойынша баяндау үшін сөз кезегін Жоғары Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Виктор Христенкоға берді. Ол өзінің сөзін Мемлекет басшыларының алдында жатқан кітапқа назар аударудан бастады. «Еуразиялық жобаға – 20 жыл» деп аталған бұл кітап Елбасы Н.Назарбаевтың 1994 жылдың басында М.В.Ломоносов атындағы ММУ-де сөйлеген сөзімен басталып, жиырма жыл бойғы интеграциялық үдерістерді, барлық құжаттарды, фотографияларды қамтып, ақыры Қазақстан басшысының үстіміздегі жылғы сәуір айында сол оқу орнында сөйлеген сөзімен аяқталады екен. Бұл кітап бүгінгі экономикалық одаққа алып келген тірі тарихты паш еткен, деді ол.
Одан әрі В.Христенко күн тәртібіндегі мәселелерге ойысып, бірінші мәселедегі ЕАЭО құру туралы шарттың барлық жақпен келісіліп, қол қоюға толық дайын екендігі туралы айтты. Осы уақытқа дейін келісілмеген өнеркәсіптік субсидиялар алу кезіндегі технологиялық операциялар және автомобильдерді өнеркәсіптік құрастыру режімін келісу сияқты екі мәселе бойынша да экономикалық комиссия келісімге келіп, шешімді сіздердің қол қоюларыңызға ұсынып отыр. Сонымен қатар, Одақтың толыққанды жұмыс істеуіне қажетті тағы 20 шақты құжатты дайындауымыз керек. Біз оларды жылдың басында іске кірісуі үшін қысқа мерзімде дайын етеміз, ал қабылдау үшін қазан айында Минскіде және желтоқсан айында Мәскеуде кездесу жоспарлауларыңызды өтінемін, деді В.Христенко.
Екінші мәселе Арменияның ЕАЭО-ға енуі туралы шарттың дайындығы туралы екен. Бұл мәселе бойынша айтқанда, Армения қабылдауға тиісті 126 құжаттың қысқа мерзім ішінде 119-ын қабылдап, қалғандары ымыраға келуге болатын құжаттар болғандықтан, аз уақытта дайын етілетінін жеткізіп, Одаққа ену туралы шартты шілде айында сіздердің қарауларыңызға ұсына аламыз, деді Жоғары Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы.
Ал Қырғызстанның Кеден одағына енуі туралы Жол картасы да дайын екендігі жеткізілді. Оны Қырғызстанның Үкіметі қолдап, Парламенті бекіткен екен. Одан әрі бұл елдің келесі интеграциялық құрылымдарға өтуі де қарастырылатыны жеткізілді.
Одан әрі осы екі мәселе бойынша Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мүшелері өз пікірлерін ортаға салды. Бірінші сөйлеген Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин баяндаманы толық қолдайтынын жеткізді. Мені Армения мен Қырғызстанның еуразиялық интеграцияға енуге деген ұмтылысы қуантып отыр. Әрине, бұл ең алдымен олардың ұлттық мүдделеріне сай екендігі сөзсіз. Біз олардың ұмтылысын қолдап, интеграциялық ұйымдарға қосылуына жағдай жасаймыз, деді ол.
Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенко да мұндай ұмтылысты қуана қолдайтынын жеткізді. Тек біздің шарттарымызды орындаса болды, біз оларды қуана қарсы алуға дайынбыз, деді ол.
Күн тәртібіндегі басқа төрт мәселе Экономикалық комиссияның өтінішімен талқылаусыз шешілді. Тек Армения мәселесі бойынша Нұрсұлтан Әбішұлы бұл елдің ЕАЭО-ға енуі барысында мемлекеттік аумағы БҰҰ-да тіркелген көлемде танылатынын атап өтті. Сіздер БСҰ-ға енгенде де осылай болған, сондықтан әзербайжан жағының қарсылығын тудырмас үшін осындай қадамға барамыз. Оның үстіне әзербайжан жағынан да осындай өтініш хат келген. Артынан, шілде айында Арменияның Одаққа енуі туралы шартқа қол қоятын болсақ, осындай мәселенің бар екендігі ұмытылмасын, деді Қазақстан Президенті өз сөзін Серж Саргсянға қаратып.
Ал Қырғызстанның Кеден одағына қабылдану мәселесі ешқандай проблемасыз шешіліп, шешімге қол қойылатын болды. Сонымен бірге, Н.Назарбаев қол қойылатын Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың барлық мемлекеттердің парламенттері тарапынан бір мезгілде ратификациялануын ұсынды. Сонда біздің Одағымыз 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап толыққанды жұмыс істейтін болады. Бұл біздің елдеріміз тарихының жаңа парағы болсын, деді Н.Назарбаев.
Осымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өз жұмысын аяқтап, Мемлекет басшылары Еуразиялық экономикалық одақты құру жөніндегі шартқа салтанатты түрде қол қою үшін келесі залға өтті.
Астана – Еуразиялық одақтың бесігі
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген отырысы күткендегідей нәтижелі болды. Қорытындысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа салтанатты жағдайда қол қойды. Құжатқа қол қою рәсіміне үш мемлекет парламенттерінің депутаттары, зиялы қауым және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Салтанатты рәсімнен соң Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің Президенттері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне мәлімдеме жасады. Қазақстан басшысы, алдымен Одаққа мүше үш елдің халқын, осы салтанатты шараға куә болып отырған жұртшылықты Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуымен құттықтады. Бұл экономикалық одақ болып табылады, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Біз өзіміздің экономикалық мүмкіндігімізді елдеріміз халықтарының әл-ауқатын және тұрмыс-жағдайын өркендету үшін бірлесіп отырмыз. Тарихи құжат – Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа бүгін Астана қаласында қол қойылды. Астана Еуразия құрлығының ортасында орналасқан.
Келесі кезекте Елбасы Астана
қазіргі заманның ең жас елордасы екенін атап көрсетті. Мұнда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, ЕҚЫҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы және өзге де халықаралық ұйымдардың саммиттері өтті. Біз ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге дайындалудамыз. Қазақстан еуразиялық интеграция идеясының ілгерілеуіне тарихи үлес қосты. Нақ осында ғасыр басында Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құрылды, біздің интеграциялық үдерісіміздің барысы мен қарқынын айқындаған бірқатар маңызды шешімдер қабылданды, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан соң Мемлекет басшысы Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың бастамашысы болғанына тоқталды. Астана қаласы Еуразиялық экономикалық одақтың бесігі болды деп мақтанышпен айта аламыз, деп жалғастырды сөзін Елбасы. Бұл біздің көршілес елдермен достық, өзара әріптестік қарым-қатынастардың жалғасы болады деп есептеймін. Еуразиялық одақ идеясының жария етілгеніне жиырма жыл толды. Оны алғаш рет М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде айтқан болатынмын. Осы жылдар ішінде қыруар жұмыстар атқарылды. Бастама Ресей Президенті мен Беларусь Президенті тарапынан қолдау тапты. Бүгін соның нәтижесін көріп, шартқа қол қойып отырмыз. Тек соңғы бес жылда Қазақстанның Кеден одағына қатысушы елдермен арадағы тауар айналымы 88%-ға өсіп, 24 млрд. долларлық мөлшерге жетті. Еуразиялық интеграция жөніндегі серіктес мемлекеттерге біздің экспортымыз 63%-ға ұлғайып, 6 млрд. доллар болды. Бұл абстрактілі сандар ғана емес. Олардың артында жүздеген нақты кәсіпорындар мен компаниялар, қазақстандық, беларусьтік және ресейлік серіктестермен арадағы өзара іс-қимылдың жаңа желілері тұр. Бұл – мыңдаған жаңа жұмыс орындары, тұрақтылық және өзіне жаңа өткізу нарықтарын ашқан Қазақстан бизнесінің табыстылығының өсуі, деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы интеграциялық ынтымақтастықтың берері мол екенін атап өтті. Президенттің атап өткеніндей, бүгінгі қол қойылған құжат оған қатысушы елдердің экономикасын өркендетеді, сол арқылы кәсіпкерлік дамиды, жаңа жұмыс орындары ашылады. Қазіргі кезде Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуға Армения мен Қырғызстан да жаңа қадам жасап жатыр, деді Елбасы. Ондағы басты мақсатымыз, әрбір елдің мүмкіндіктерін интеграциялық байланыстар жасау арқылы арттыру болып табылады. Біздің ұлттық экономикамызды құлдыратпау үшін барлық мәселелерді ескеруіміз қажет. Еуропалық одақтың жағдайы бізге осыны көрсетіп отыр. Әлемдік экономиканың тұрақты дамуы осындай жаңа мүмкіндіктер ашудан көрінеді. Осындай мүмкіндіктерді біз жаңа экономикалық одақтан көріп отырмыз.
Нұрсұлтан Назарбаев интеграция, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, экономиканың дамуына қажетті ұзақ мерзімді тұрақты жағдайды және азаматтардың бақуатты өмірі үшін жаңа мүмкіндіктерді білдіретінін атап өтті. Еуразиялық экономикалық одақты біз жаһандық байланыстармен етене жымдасқан, Еуропа мен дамып келе жатқан Азия ареалдары арасындағы берік көпір түріндегі ашық экономикалық қоғамдастық ретінде көреміз. Еуразиялық интеграцияны дамыта отырып, біз заңды кезеңдер – еркін сауда аймағы, Кеден одағы, Біртұтас экономикалық кеңістік арқылы батыл ілгерілеп келеміз, деді Қазақстан басшысы.
Қазақстан Президенті ЕАЭО туралы шартқа қол қою арқылы Жер шарының ең ірі тұтынушылық нарықтарының бірі, энергия ресурстарының ірі экспорттаушысы болып саналатын интеграциялық бірлестіктің құрылуы заңдық тұрғыдан ресімделгенін айтты. Мемлекеттердің тәуелсіздігіне кепілдік беретін негізгі ресурстар бұл бірлестіктің өзінде жеткілікті. Осылайша бүгін ХХІ ғасырдың жаңа геоэкономикалық ақиқаты дүниеге келді. Ол үлкен қиындықпен құрылды. Ашығын айтайын: біз Еуразиялық экономикалық одаққа көп қиындықпен жеттік. Алдымызда жаһандық тұрақсыздық жағдайындағы қалыптасу мен дамудың күрделі кезеңі тұр. Интеграция бізге өздігінен керемет өмірге кепілдік бермейді. Жаңа сын-қатерлер мен жаңа міндеттер болады. Біз оларды бірігіп шешуге және баршамыздың күш-жігерімізбен дағдарысты еңсеруге дайын болуға тиіспіз, деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия кеңістігінде халықтардың тату көршілігінің түбегейлі жаңа үлгісі қалыптасып жатқанын, оған жоғары сенім, берік достық және мемлекеттеріміздің өзара қолдауы негіз болып отырғанын атап айтты. Еуразиялық экономикалық одақ, ең алдымен, біздің елдеріміздің миллиондаған азаматтары үшін жаңа мүмкіндіктер көзі. Қатысушы елдерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы алғышарттар жасалуда. Еңбек ресурстары нарығы бірігуде, бұл кәсіби деңгейді көтеру мен еңбек өнімділігін арттырудың маңызды факторы саналады. Азаматтар үшін Еуразиялық экономикалық одақтың әрбір мемлекетінде білім беру қызметі мен әлеуметтік инфрақұрылымдарына тең қолжетімділік жағдайлары жасалуда. Ішкі кедергілерді жою қазірдің өзінде мәдени-гуманитарлық байланыстарымызды күшейтуге, туризмнің өсуіне жақсы ықпал етті. Осы пайданың барлығын азаматтарымыз айқын ұғынып отыр. Бұл еуразиялық ықпалдастық үдерісіне кең ауқымды халықтық қолдау болуда, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті үш елдің жастарына да сөз арнады. Еуразиялық экономикалық одақ сіздер үшін құрылуда. Ол сіздерге қатысушы елдің кез келгенінде сапалы білім және кәсіби машықты игеруде артықшылық береді. Бүгінгі оқиға біздің елдеріміздің болашағы үшін, бірінші кезекте, жаңа ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктер көзін ашады, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы қатысушы-мемлекеттердің орталық ведомстволары мен үкіметтері жетекшілерінің, Еуразиялық экономикалық комиссия мүшелерінің, сарапшылардың еуразиялық экономикалық ықпалдастық үдерістерін жүзеге асырудағы айрықша үлесін атап өтті. Ол ортақ жұмыстың нәтижесі тарихи құжатқа қол қою болғанын айтты. Еуразиялық экономикалық одақ – біздің елдеріміздің мәңгілік достығының, өзара іс-қимылы мен тату көршілігінің берік жаңа тетігі. 29 мамыр біздің елдеріміздің естелік күнтізбелеріне Еуразиялық ықпалдастық күні ретінде енуге лайықты деп санаймын. Біздің елдеріміздің халқын, осы рәсімнің барлық қатысушылары мен қонақтарын Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуымен тағы да құттықтаймын, деді Мемлекет басшысы.
Өз сөзінде Ресей Федерациясының Президенті В.Путин қол қойылған шарт экономиканы дамытып, үш ел азаматтарының әл-ауқатын көтеру үшін үлкен мүмкіндіктер ашатынын атап айтты. Ресей, Беларусь және Қазақстан өзара іс-қимылдың мүлде жаңа деңгейіне өтеді: тауарлар, қызметтер, капиталдар мен жұмыс күші еркін қозғалатын ортақ кеңістік құрады. «Үштік» мемлекеттері экономиканың энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік секілді негізгі салаларында келісілген саясат жүргізетін болады. Іс жүзінде біз 170 миллионнан астам халқы бар ТМД кеңістігінде өндірістік, ғылыми және технологиялық әлеуеті зор, табиғи ресурстары орасан мол, ірі әрі бірыңғай нарық құрамыз, деді В.Путин.
Ресей Президенті әлемдік экономикада толыққанды халықаралық құқықтық субъектілікке ие және Дүниежүзілік сауда ұйымының қағидалары негізінде әрекет ететін жаңа экономикалық ұйым пайда болып отырғанын айтты. Ол сауда құрылымын жетілдіру, жоғары технологиялық тауарлар үлесінің артуы, елдеріміздің әлемдік экономикадағы бәсекеге қабілеттілігінің нығаюын қоса қамтитын ықпалдастық үдерістердің өзара тиімділігі қазірдің өзінде іс жүзінде дәлелденіп жатқанына назар аударды.
Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенко Армения мен Қырғызстанның еуразиялық ықпалдастық үдерісіне қосылуын атап өтті. Өз кезегінде Беларусь келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды толық жүзеге асыру жолында жүйелі әрі міндетті түрде ілгерілеуге дайын. Шартқа қол қою – осымен бітті деген сөз емес, ол біздің дұрыс қадам жасағанымызды бүкіл әлемге дәлелдеуге тиіс болатын салиқалы үдерістің бастауы. Сонымен бірге, Еуразиялық экономикалық одақты құру жөніндегі іс-қимылдардың қатысушы-мемлекеттердің өзара саудасына айтарлықтай ықпал ететін мәселелерді шешумен байланысты болғаны жөн, деді А.Лукашенко.
Соңында мемлекет басшылары үш елдің жұртшылық өкілдерімен бейресми әңгіме өткізді.
* * *
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта халықаралық ұйымдарға тән арқаулық аспектілер, мемлекеттердің егеменді теңдігі, аумақтық тұтастығы, сондай-ақ, Одаққа мүше-мемлекеттердің саяси құрылымының ерекшелігін құрметтеу қағидаттары көрініс тапқан.
Бұған қоса, Шарт Қазақстан, Ресей және Беларусь азаматтарының әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру мәселелерін шешуге бағытталған және тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын, үйлестірілген экономикалық саясат жүргізуді қарастырады.
Жалпы алғанда, келешектегі интеграциялық тиімділік 2030 жылға қарай ІЖӨ-нің жиынтық өсімі 900 млрд. доллар көлемінде болатындығымен бағаланып отыр. Еуразиялық экономикалық одақ теңдік, негізділік, жүйелілік, прагматизм және өзара тиімділік қағидаттары негізінде құрылады.
Өзекті мәселелер талқыланған кездесу
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Келіссөздер барысында индустрияландыру, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды, сондай-ақ, халықаралық күн тәртібінің өзекті тақырыптары қаралды.
Мемлекет басшылары қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың өзекті аспектілері мен елдердің осы бірлестік аясындағы өзара іс-қимылының негізгі бағыттары жөнінде мәселе қозғады.
Нұрсұлтан Назарбаев экономиканың маңызды салаларын дамытуға игі ықпалын тигізіп отырған Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың жоғары қарқынын атап көрсетті.
Өз кезегінде В.Путин екіжақты қарым-қатынастардың табысты дамып отырғанына тоқталып, жоғары технологиялы салалардағы өзара іс-қимылдың мейлінше белсендірек болу қажеттігін атап өтті.
* * *
Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшыларының қатысуымен мынадай құжаттарға қол қойылды:
– Ресей Федерациясы Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы 2010 жылғы 9 желтоқсандағы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттама;
– Қазақстан Республикасы аумағында атом электр стансасын салудағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
– «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ пен «Росатом» МК баламалы энергетика мен сирек және сирек кездесетін жер металдары өндірісі саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы бірлескен мәлімдемесі;
– Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының кешенді бағдарламасы;
– Қорасан-1, Ақдала, Оңтүстік Іңкай (4 учаске) кен орындарында жер қойнауын пайдалану мәселелерін реттеу жөніндегі Жол картасы.
* * *
Мемлекет басшылары Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қою рәсіміне арналған салтанатты концертте болды. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттер және бақылаушы елдер басшылары «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрындағы концертті тамашалады.
Мемлекет басшыларына ұсынылған бағдарламаға бес елдің орындаушы өнерпаздары қатысты.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.
Лебіздер легі
Иосиф КОБЗОН,
КСРО халық әртісі:
– Бүгін мен өзімнің жасымның ұлғайған шағында Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан 20 жыл бұрын арман еткен, ал бүгін жүзеге асып отырған тарихи оқиғаға – Еуразиялық одақты құру туралы шарттың қол қойылуына куә болып отырмын. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл істің жүзеге асуына бірте-бірте жетті. Бүгін мен шартқа қол қойылғаннан кейін Президенттердің жүзіне зер салдым. Олар қуанышты екен. Демек, шартқа қол қойылуы мемлекет басшыларының көңілінде қанағаттанғандық сезімін тудырғаны анық.
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,
қоғам қайраткері:
– Бұл өте маңызды шешім болды деп есептеймін. Өйткені, осынау интеграциялану ғасырында бөлініп өмір сүру, даму мүмкін емес. Оның үстіне, бұл одақтың құрылуының өзі осы идеяның отаны болып отырған Қазақстан жерінде, оның жаңа елордасы Астана қаласында жүзеге асуы да әділеттіліктің бір көрінісі іспетті.
Мен Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің азаматтарын осы айтулы оқиғамен құттықтаймын. Жаңа Одақ әл-ауқатымызды арттыратыны да сөзсіз.
Елена КУЗЬМИНА, Ресей Ғылым академиясы Экономика
институтының сектор меңгерушісі:
– Біздің елдеріміздің қай-қайсысы болмасын шикізат шылауында қалғысы келмейді. Біз өзіміздің экономикамызды жаңғыртқымыз және бірге отырып өнеркәсібімізді өркендеткіміз келеді. Бәріміз біріккен жағдайда мұның бізге едәуір жеңілге түсетіні анық. Мұның жақсы бір мысалын Қазақстаннан байқауға болады. Мәселен, қазірдің өзінде Қазақстанның солтүстік облыстарында бірлескен өндіріс орындары ашылып жатыр.
Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВ, «Астана Опера» опера және балет мемлекеттік театрының директоры:
Біздің Ресеймен, Беларусьпен біртұтас экономикалық кеңістік аясында бірігуіміз – бұл халықтарымыз үшін зор жетістік. Мен бұл одақ ұзақ мерзімге әрекет етеді және біз үшін жақсы нәтижелер береді деп есептеймін. Себебі, біріздендірілген, жүйеге келтірілген тәртіп бизнес үшін жаңа кәсіпорындар ашуға үлкен жеңілдіктер туғызады. Үш елдің халқын осынау тарихи оқиғаның жүзеге асуымен құттықтаймын.
Еңлік НҰРҒАЛИЕВА, «Еуразиялық құқық қорғау орталығы» қоғамдық қорының президенті:
– Одақта үлкен мүмкіндік бар. Біріншіден, Қазақстанның экономикалық әлеуеті артатын болады. Осы арқылы біздің азаматтарымыздың әл-ауқаты да жақсарады. Екіншіден, бірлескен кәсіпорындардың саны бұрынғыға қарағанда әлдеқайда ұлғая түспек. Өйткені, одаққа мүше үш елде 170 миллион адам бар. Осынау үлкен нарық инвестицияларды тартуды, техникалар мен технологияларды әкелуді жеделдете түседі.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
«Егемен Қазақстан» РГ» АҚ президенті:
– Біздің алдымыздан байтақ базар ашылғалы отыр. Оның көлемі қазіргі біздегіден он есе артық. Айталық, еліміз халқының саны 17 млн. болса, ендігі рыноктың аумағы 170 млн. болмақшы. Мұның өзі біздің кәсіпкерлерімізге, тауар өндірушілерге мол мүмкіндік береді. Ең бастысы, үш елдің басшылары да бірауыздан бұл одақтың тек экономикалық мақсатта құрылып жатқанын атап өтті. Экономикалық одақтың ел егемендігіне еш нұқсан келтірмейтінін анық білдірді.
Розақұл ХАЛМҰРАДОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты:
– 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Астанада қол қойылуы еліміздің осы Одақтың белді де беделді мүшесі болатынын айғақтайды. Осыдан 20 жыл бұрын айтылған Елбасы Нұ