Аймақтар • 17 Қараша, 2022

«ALA» бағы Гиннестің рекордтар кітабына ене ме?

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлі де болса бір кездегі Алматының «жасыл қала» деген даңқын ұстап тұрған әдемі бақтар бар. Соңғы жылдары қалада «Желтоқсан саябағы», Әйелдер аллеясы мен Қарағайлы орман пайда болғанымен, кәрі ағаштар мен күтімі жоқ желектердің көптігі шаһарға көлеңкесін түсіріп тұрғанын да жасыруға болмайды.

«ALA» бағы Гиннестің рекордтар кітабына ене ме?

Қысқасы, күн тәр­тібінен түспей келе жатқан осы мәселеге орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Алматы сапарында: «Ал­матыда 2030 жылға дейін 2,5 миллион ағаш отырғызу жос­парланып отыр. Ең бастысы, абаттандыру жұмыстары керекті судың қолжетімділігі мен қала жоспарын ескере оты­рып, мазмұнды әрі біркелкі жүргізілуі керек. Алматыда 136 саябақ бар. Олардың қата­рын көбейтіп, абаттандыру жұ­мыстарын жоспарлы түрде жүргізу керек» дегенін ел естіді.

Осы орайда Алматының дамуына бейжай қарамайтын белсенді адамдар мен қала би­лігінің арқасында Алматының халы­қаралық коды – ALA бақ түрінде пайда болды. Ендігі жерде алып ALA бағы құс қана­ты талатын аспан көгінен ғана емес, ғарыштан да менмұндалап көрініп тұрмақ.

Айтқандай, ALA уақыт өте жайқала түсетін көшеттермен жазылған ең үлкен сөз болған­дықтан, Гиннес әлемдік рекордтар кітабына енуден де дәмелі. Өйткені әріптер бейнесіндегі мұндай алып бақ бұрын-соңды отырғызылмаған көрінеді.

Сонымен 3,36 гектарды алып жатқан аумаққа биіктігі 2 метр­дей болатын қылқан жа­пы­рақты аршаның 2500 түп кө­шеті отырғызылды.

Бұл бақ Алматының Ала­тау ауданының солтүстік бағы­тын­дағы санитарлық-қорғау аймағында, Б.Момышұлы мен Мөңке көшелерінің қиылы­сына орналасты. Жаңа бақ – Алматының бүгінгі халқының келешекке қалдырған сәлем­демесі деуге де болады. Олар жыл өткен сайын құлашын көкке жайып, қаланың ауасына дәру болатыны сөзсіз.

Ал енді аталған бақтың авторы – жастайынан талай сауапты іске мұрындық болып келе жатқан қоғам қайраткері, бұған дейін де 193 мемлекетті біріктіретін «Әлем суреті» атты халықаралық әлеуметтік арт-жобасына араласқан продюсер Даут Шайхисламов.

Сонымен 18 қараша күні осы бақтың жайқалуына мүд­делі адамдар қарағайлы орманды түгел отырғызып, жобаны мәреге жеткізеді.

 

АЛМАТЫ