Қоғам • 17 Қараша, 2022

Дауыс беру баршамызға маңызды

466 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Біз жаңарған Қазақ елінде жаңаша өмір сүріп жатырмыз. Қазақстанның жаңаруы осында тұратын барлық халықтың, яғни этностың бірлікке деген жаңаша ұстаным қалыптастыруынан көрінеді.

Дауыс беру баршамызға маңызды

Және де біз бұл жаңаруды ой-санамыз бен ел-жұрт, Отанымызға деген ерекше көзқарас, сүйіспеншілігіміз бен ел арасындағы ынтымақ-бірліктің тең дәрежеде сақталуына қосар үлесіміздің жаңаша қалыптасуы деп те сезінуге тиіспіз. Әсіресе сауаттылығымызды, мәдениетіміз бен іскерлік қабілетімізді арттыра отырып, Отанымыздың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесімізді қосу үшін бар күш-жігеріміз бен қайратымызды толық пайдалана білуіміз керек. Жан-жағымызға бұрынғыдай емес, ендігі жерде жаңаша талаппен қарап, сараптай алуымыз да аса қажет.

Мысалы, ертеңгі сайлауға осы уақытқа дейінгі: «Барсақ та, бармасақ та еріктіміз», деген ескіше көзқарасты өзгертіп, әрбіріміз: «Жоқ, мен – Қазақстан Республикасының төл азаматымын. Сондықтан да қандай бір сайлауға болсын қатысып, елімнің жаңара, жасара түсуіне өз үлесімді қосуым керек. Осы себепті менің сайлауға қатысуым өте маңызды», деген үлкен бетбұрыспен, жаңаша леп, жаңаша құлшыныс, ерік-жігермен президенттік сайлауда бір кісідей дауыс берсек, бұл біздің жаңарып, қалыптаса бастағанымыздың айғағы болмақ.

Сайлауға ерекше таңдаумен бару да маңызға ие. Иә, біз президенттіктен үміткерлердің қай-қайсысына болса да дауыс беруге құқылымыз. Бірақ бұл жерде таңдай білу деген бар. Мұның маңызы өте жоғары. Олай болса, мен өзім бірінші кезекте адами ойлау жүйесі берік қалыптасқан, өз Отанын ерекше сүйе біліп, халқына барынша жаны ашитын және қамқор бола білетін жан-жақты қабілетті де іскер, сонымен бірге өзге мемлекеттермен де қалай сыйласып, бірін бірі құрметтей білуге әбден жаттыққан, жүрегі таза деп санайтын үміткеріме дауыс беретін боламын.

Сондай-ақ барша Қазақстан халқын да бір кісідей жұмыла өз сайлау учаскелеріне барып, өздері таңдаған кандидатқа дауыс беруге шақырамын.

 

Серікбай ТҰРЖАН,

Бәйдібек ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері

 

Түркістан облысы