Спорт • 17 Қараша, 2022

Желтоқсанда жекпе-жек көп

177 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жекпе-жек десе делебесі қозып, қаны қыз-қыз қай­най­­тын жанкүйерлерді жел­тоқсанда айында бір­қатар дүбірлі дода күтіп тұр. Әлем­нің әр қиырында өтетін сол жарыстарда қазақ­стан­дық спортшылар да өнер көрсетеді. Ал біздің жан­күйерлер әлемдегі ең белді ұйым – UFC жарыстарын тағат­сыздана күтіп отыр.

Желтоқсанда жекпе-жек көп

Барша Алаш жұрты 18 желтоқсанда АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында жалауы желбірейтін жарыстағы Дамир Исмағұлов пен Арман Царукянның жекпе-жегін көруге айрықша құштарлық танытып отыр. Жеңіл салмақта күш сынасатын бұл спортшылардың екеуі де UFC-де өздерін мойындатып үлгерді. Қазіргі кезде 31 жастағы Орынбордың қазағы аталған промоушеннің рей­тин­гінде 11-орынды иеленуде. Қан­да­сымыздың рекорды – 25 кездесу, 24 жеңіс, 13 нокаут. Ресейдің намысын қорғап жүрген 26 жастағы армян ұлтының өкілі Исмағұловтан екі саты жоғары тұр. Оның көрсеткіші – 21 кездесу, 18 жеңіс, 12 нокаут. Бір айта кетерлігі, бұл екі спортшының да менеджері бір. Ол – қазақ жігіті Саят Абдрахманов.

Дәл сол турнирде қазақстандық Сергей Морозов пен Қытайда туып-өскен қандасымыз Қайсар Мақсат та өз өнерлерін ортаға салады. 33 жастағы Сергей –Ақтөбе облысының тумасы. Былтыр ол Ислам дінін қабылдап, намазға жығылды. Өзінің спорттық ман­сабында 23 рет октагонға шыққан отандасымыз 18 рет басым­дық танытып, 11 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Лас-Вегаста Морозов өзінің құр­дасы, АҚШ-тың апайтөсі Джур­ни Ньюсонмен (10-3-0-1) айқасады. Ал 22 жастағы Қайсар спорттың осы түрін серік еткелі бері 10 кездесу өткізіп, соның біреуінде ғана ұтылды. Биыл UFC-ге қабылданған ол жаз айында америкалық Стив Гарсияны ұрып жыққан еді. Енді ол 28 жас­тағы Мексиканың марқасқасы Рафа Гарсиямен (13-3) шеберлік байқасады.

Ал олардан бұрын мұхиттың арғы жағалауында Жалғас Жұмағұлов (14-7) өзінің кезекті жек­пе-жегін өткізеді. Ол осы апта­ның аяғында Лас-Вегаста жұ­дырықтасады. Жалғас үшін қазір өте жауапты сәт. 34 жастағы қазақ спортшысы әлемнің ең белді промоушенімен келісімшартқа отырғалы бері бес бәсекенің төртеуінде ұтылды. Бұл жолы ол 31 жастағы америкалық Чарльз Джонсонды (11-3) қалай да ұтуы керек. Егер Жұмағұлов жеңілетін болса, онда қандасымыз үшін бұл UFC-дегі соңғы жарыс болуы мүмкін.

23 желтоқсанда Мәскеуде өтетін АСА турнирі де көпші­ліктің қызығушылығын тудыруда. Өйткені жүлде қоры шамамен

1 млн АҚШ долларын құрайтын жарыста «Алаш Прайдтың» файтері, 30 жастағы Артем Рез­ников (23-6) күш сынасады. Қатарынан тоғыз бәсе­кеде басым­дық танытқан Шы­ғыс Қа­зақстан облысындағы Риддер қаласының тумасы жеңіл салмақтылар арасында аталған жарыстың Гран-при додасының жартылай финалына шықты. Енді Резников ресейлік Андрей Кошкинмен (22-8) айқасады. Егер оны өтсе, финалға шығады. Шешуші айқаста Артемді Ре­сейдің тағы бір өкілі Эдуард Вар­танян күтіп тұр.

Даңқы жер жарған аралас жекпе-жектің хас шебері Хабиб Нурмагомедов құрған Eagle FC ли­­гасының кезекті жарысы 10 желтоқсанда Алматыда ұйым­­дастырылады. Сол кеште Дәурен Ермеков (15-5) Фаридун Одиловпен (14-2-2) айқасады. Бірден айта кетейік, Тәжікстанның спортшысы өте қарулы. Бұған дейін біз UFC-дегі қазақтың басты жұлдызы Шавқат Рахмоновтың октагонда 16 кездесу өткізіп, барлығында айқын басымдықпен жеңіске жеткені жайында талай рет жаздық. Барлығы да бастапқы кезеңдерде ұтылды. Онымен үшінші раундқа дейін айқасуға тек бір спортшының ғана күш-жігері жетті. Ол дәл осы Одилов. Осыдан төрт жыл бұрын Астанада өткен жарыста Фаридун біздің Шавқатты біраз әбігерге салған еді. Тіпті ұрып құлатуға да шақ қалды. Десек те өзінің өжеттігінің арқасында Рахмонов сол бәсекені өз пайдасына шешкен-тін. Енді тәжіктің тарланы қазақтың тағы бір қайсар ұлы Ермекпен «тіре­седі». 30 жастағы Одиловтың самбодан Азия чемпионатының күміс жүл­дегері, жабық ғимараттағы Азия ойындарының қола жүлде­гері деген атақтары бар. Сон­дай-ақ ол – Eagle FC-ның орта сал­мақ­тағы чемпиондық белбеуінің иегері.

Сонымен қатар 26 қарашада Индонезияның Бали аралында өтетін BRAVE CF жарысындағы Асу Алмабаев (16-2) пен бах­рейндік Магомед Идрисовтің (6-0) және 2 желтоқсанда Татарстанның Альметьевск қаласында тұсауы кесілетін Eagle FC турниріндегі Руслан Сариев (13-1) пен ресей­лік Рамазан Амаевтың (7-1) арасын­дағы жекпе-жектерді де жанкүйерлер тағатсыздана күтуде. Бұл бәсекелерде аталған ұйымдардың алтын белбеулері сарапқа салынады. Олардан бөлек, отандық «Алаш Прайд» және «Найза» промоушендері де республикамыздың бірқатар аймақтарында қызықты жарыстар ұйымдастыруды көздеп отыр.