Велоспорттан Қарағандының тас жолында басталған Азия чемпионатының алғашқы күндері қазақстандық спортшылар үш алтын жүлдені жеңіп алды.
Бірінші болып алтын медальға Екатерина Юрайтис 15 км қашықтықта жекелеген жарыста ие болды. Ол жапон Юми Каихараны бір минуттан аса қашықтыққа қалдырып, мәреге бірінші жетті. Сөйтіп, Екатерина Астанада тректе өткен жарысты қосқанда үшінші рет Азия чемпионы атағын жеңіп алды. Астанадағы сында ол екі алтын медальға ие болған еді. Ал чемпион қызымыздың өзі жарыстан соң жанкүйерлердің қолдауына риза болғанын айтып, енді келесі бәйгеге де жақсы дайындалуға тырысатындарын атап өтті.
– Қарағандының салқын ауа райына қарамастан тас жолда ыстық болды. Жанкүйерлер өте жақсы қолдау көрсетті. Көп рахмет, осындай ыстық ықылас үнемі көп көмек көрсетеді. Енді, қыздармен топтық жарысқа дайындаламыз. Жеңіске жетуге бар күшімізді салып, жүлделі орынға тырысамыз, – деді ол.
Кеше біздің тағы бір спортшымыз Дмитрий Груздев ауа райының қолайсыздығына қарамастан 45 км шақырымға арналған сында мәре сызығын бірінші кесіп, еліміз құрамасына екінші алтын жүлдені сыйға тартты. Ол жекелеген жарыста қарсыластарының бәрін шаң қаптырып, ешкімге мәреге бірінші жетуге ешқандай мүмкіндік бермеді. Ол қырғызстандық спортшы Вакер Югенді 1.19.20 секундтқа озып шықты.
Бұл Азия чемпионатында Дмитрийдің алғашқы алтын медалі. 2011-2012 жылдары ол күміс жүлдегер болған. Осы күні 30 км қашықтықта жекелеген жарыста алтын медальді Виктор ОКИШЕВ алды.
Қазір Қазақстан құрамасы Астанада өткен жарысты санағанда Азия додасында барлығы 12 медальға ие болып отыр. Соның ішінде отандастарымыз 7 алтын, 4 күміс және 1 қола жүлдені иеленуде. Біздің елден басқа Оңтүстік Корея, Жапония және Моңғолия құрамалары да жақсы өнер көрсетуде. Мәселен, сейсенбі күні Әлішер Жұмақан күміс жүлде алған жасөспірімдер арасында 30 км-ге арналған жарыста корейлік Ким Джихун алтын медальді, жапон Кусаба Кейго қола жүлдені иеленді. Әйелдер арасында 30 км қашықтыққа арналған сында тағы бір корей спортшысы На Аеум чемпион атанса, жапон қызы Ёнамине Ери күміс жүлдені, моңғол Тувшинжаргал Енгжаргал қола медальді еншіледі. Ал Екатерина Юрайтис жеңіп алған 15 км қашықтықта тағы бір жапониялық Каихара Юми мәреге екінші болып келсе, өзбекстандық Екатерина Кнебелева үшінші орынды қанағат тұтты.
Қарағанды тас жолындағы жарыстар әрі қарай жалғасуда.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».