– Мағжан Дінмұхамедұлы, технопарк аз ғана уақыттың ішінде Орталық Азиядағы ІТ-стартаптардың ең ірі экожүйесіне айналды. Әу баста көзделген негізгі мақсат орындалды деп айтуға бола ма?
– Рас, бүгінде Astana Hub-тың аты алыс-жақын шетелдерге таныла бастады. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмақ емеспіз. Алдымызда үлкен міндеттер тұр. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ІТ-индустрияның алдына нақты міндеттер қойды. Соны орындауға атсалысуымыз керек. Яғни IT-қызметтер экспортының көлемін 500 млн долларға жеткізіп, 100 мың жоғары білікті IT-маман даярлау үшін барымызды саламыз. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін стартаптарды сыртқы нарыққа шығаруға арналған Scalerator бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Бұған қоса IT-мектептерді қаржыландыру бойынша Tech Orda бағдарламасы жұмыс істейді. Сонымен қатар Astana Hub-та капиталдандырылуы 1 млрд доллардан асатын отандық ірі компанияның пайда болуына күш салмақпыз.
– Технопаркке қызығушылық танытатын шетелдік компаниялар көп пе?
– Аз немесе көп деп нақты баға беруге әлі ерте. Десе де, бүгінде хабта 943 IT-компания тіркелген. Оның 181-і – шетелдіктердің қатысуымен жұмыс істейтін компания. Технопарктегі айрықша танымал компаниялардың қатарында Cerebra, ApartX, Kids Security, Oquda, DarynOnline, Okoo, Supermoms Club, UvU Ridesharing, CTOgram, iDos Games бар.
– Astana Hub қазақстандықтар күнделікті тұрмыста игілігін көретіндей қандай жобаларды жүзеге асырды? Санамалап беріңізші.
– Цифрландыру өмірдің барлық саласына бойлап еніп барады. Сондықтан халыққа пайдалы өнімдер ұсыну қашанда маңызды. Технопарк компанияларының қызметтерін күнделікті өмірде пайдаланатындар көп. Мәселен, тұрғындар Damumed арқылы емханаға кезекке тұрады. Documentolog-те жұмыс істейді. Сол секілді Clockster жұмыс уақытын бақылау жүйесін пайдаланады. Бұл қатарды осылай жалғастыра беруге болады.
– Технопарк елдің экономикасына қаншалықты үлес қосып жатыр?
– Біздегі компаниялардың төрт жылдағы жиынтық табысы 383 млрд теңгені құрады. Оның 123 млрд теңгесі – қазақстандық ІТ-тауарлар мен қызметтерді экспорттаудан түскен кіріс. Компаниялар экономикаға 172 млрд теңгеден астам инвестиция тартты. 12 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Осының өзі көп дүниеден хабардар етіп тұр деп ойлаймын.
– Astana Hub кәсіпкерлерге IT-бизнесті дамытудың барлық кезеңінде, яғни идеядан бастап, сыртқы нарыққа шығуға дейінгі аралықта қолдау көрсететінін білеміз. Осы үдеріс қалай жүреді?
– Иә, технопарк Қазақстанда IT-кәсіпкерлікті қолдау бойынша жан-жақты жұмыс жүргізеді әрі біз ірі IT-компаниялармен серіктестік орнаттық. Бұл ретте Astana Hub қызметі төрт негізгі бағытқа негізделген. Бірінші, дарынды жастарды ІТ-саласына тарту бойынша ақпараттық жұмыс жүргізу. Екінші, білім беру бағдарламалары аясында оқыту. Үшінші, бизнес-бағдарламалар, салықтық жеңілдіктер, арнайы визалық режім, заманауи жұмыс орындарымен қамтамасыз ету және басқа да іс-шаралар арқылы қолдау көрсету. Төртінші, сыртқы нарыққа шығуға немесе серіктестерімізбен – венчурлық қорлармен, IT-компаниялармен ынтымақтастық орнатуға көмектесу. Осылайша, кәсіпкерлерге IT-бизнесті дамытудың әр кезеңінде қолдау көрсетеміз.
– Осы күнге дейін қанша ІТ-маманның даярлануына үлес қостыңыздар?
– Astana Hub-тың ең маңызды міндеттерінің бірі – елімізде IT-кадрларды даярлау және олардың санын арттыру. Төрт жыл ішінде 15 мыңнан астам адам Startup School, No-code School, Freelance School, Beta Career, Tech Orda білім беру бағдарламалары бойынша оқып шықты. Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай 100 мыңға дейін IT-маман даярлау туралы тапсырмасы бар. Әлбетте, мамандарды даярлаумен негізінен Жоғары білім және ғылым министрлігі айналысады. Бірақ біз салалық ұйым ретінде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің тапсырмасы бойынша IT саласындағы адами капиталды дамыту бойынша жеке бағдарламамыз Tech Orda-ны жүзеге асырып жатырмыз. 2025 жылға дейін 20 мың жоғары санатты ІТ-маман дайындауды жоспарлап отырмыз.
– Tech Orda бағдарламасы қалай жұмыс істейді?
– Tech Orda аясында қазіргі уақытта Қазақстан бойынша іріктеуден өткен 50 жеке IT-мектепке әр студент үшін 600 мың теңгеге дейін қаржы бөлінеді. Былтыр Astana Hub жеке қаражаты есебінен 13 IT-бағдарламалау мектебінің 100 студентін қаржыландырды. Биыл жыл соңына дейін 18 бен 45 жас аралығындағы 3 мың студент осы бағдарлама бойынша оқуға түседі. Демек жыл сайын бұл көрсеткіш өсе бермек.
Сонымен қатар Astana Hub базасында әлемге әйгілі француз мектебінің Ecole 42 қағидатына негізделген Alem бағдарламалау мектебі жұмыс істейді. Мұнда оқыту мұғалімдерсіз, ойын форматында жүргізіледі әрі тегін. Бұл мектеп 18-40 жас аралығындағы адамдар үшін қолжетімді. Alem бағдарламалау мектебі іске қосылғаннан бері 7 рет қабылдау науқаны өтіп, 400-ден астам адам қабылданып, соның ішінде 100-ден астамы жұмысқа орналасты. Астанадағы Alem мектебінің тәжірибесін Қазақстанның 17 моноқаласында пайдалануды жоспарлап отырмыз. Бұл, бір жағынан, жастардың сұранысқа ие мамандықты игеріп, бәсекеге қабілетті маман болуына жол ашса, екінші жағынан кадр тапшылығы мәселесін шешіп, өндірісті цифрландыруды жеделдетеді. Сондай-ақ аймақтардағы жастарды дамытуға жол ашылып, нарықта жаңа компаниялардың пайда болуына қосымша мүмкіндіктер қалыптастырады.
– Astana Hub биыл Google for Startups компаниясының серіктесі атанды. Бұдан не күтесіздер?
– Өздеріңіз білетіндей, Astana Hub-та инновациялық кәсіпкерлікті қолдаудың озық тәжірибелері енгізіліп жатыр. Мәселен, Techpreneurs – швед үстелі негізінде қажетті қызметтерді таңдау және жылдың кез келген уақытында қосылу мүмкіндігі бар инкубатор, Seed Money – revenue share қағидаты бойынша 20 млн теңгеге дейінгі стартаптарды қаржыландыру; Scalerator – стартаптарға Солтүстік Америка, Еуропа және ТМД нарықтарына IT-қызметтерін экспорттауға көмектесу қарастырылған. Сондай-ақ өзіңіз айтқандай, биыл Google for Startups компаниясының Орталық Азиядағы алғашқы серіктесі атандық.
Қазір Орталық Азия (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан), Моңғолия және Әзербайжан елдерінің стартаптары үшін Silkway Accelerator бағдарламасын жүргізіп жатырмыз. Бағдарламаның алғашқы легі мәресіне жетіп, 13 стартап жоғары нәтиже көрсетті. Мысалы, стартаптардың бірі Түркия мен БАӘ нарығына кіріп, құны 35 млн доллардан 100 млн долларға дейін өсті. iDos жобасы 60 мың жаңа пайдаланушыны тартып, ай сайынғы кірісін 4 есеге арттырды. Қырғызстаннан келген NBFit стартапы өнімін АҚШ нарығына бейімдеп, АҚШ пен Еуропадан түсетін төлемдерді 20 пайыздан 30 пайызға дейін ұлғайтты.
Silkway Accelerator бағдарламасының екінші легі 2 қыркүйекте басталды, оқу Астанада оффлайн режімде өтеді әрі үш айға созылады. Оның қатысушылары тәлімгерлікпен қатар, Astana Hub жанында тегін баспанаға, жұмыс орнына және Seed Money бағдарламасы бойынша 55 мың долларға дейін қаржы алу мүмкіндігіне ие.
Жалпы, Astana Hub мүшесі бола отырып, Қазақстанның кез келген жерінде жұмыс істеп, технопарктің артықшылықтары мен игіліктерін пайдалануға болады. IT-саласына таланттарды көбірек тарту үшін Astana Hub «Террикон алқабы», Abay IT-valley секілді аймақтық IT-хабтарға белсенді түрде қолдау көрсетіп келеді. Инкубация жүргізіп, ел бойынша аймақтық агенттердің, community-менеджерлерінің желісін кеңейтіп жатыр.
– Astana Hub технопаркі Plug and Play, Яндекс, MTС, Huawei Mobile Services, Google for Startups, inDriver, Europages секілді ірі IT-компаниялармен ынтымақтаса жұмыс істейтінін білеміз. Биыл бұл қатарға TikTok та қосылды.
– Иә, биыл жылдам дамып келе жатқан TikTok ойын-сауық және жаңалықтарға арналған платформамен серіктестік орнаттық. Бұл платформа арқылы миллиондаған аудиторияға стартаптарды жарнамалауға мүмкіндік бар. Естеріңізде болса, Digital Bridge 2022 халықаралық IT-форумында Қазақстанда IT-стартаптар үшін алғашқы ресми TikTok оффлайн платформасы таныстырылды. Форум аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық және қазір IT-өнімдерді танымал еткісі келетін стартаптар үшін бірлескен бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз. Барлығы 285 өтінім түсті, оның ішінде EduTech, FinTech, Utility&Services, Ecom&Retail tradeм бағытындағы 218 ең перспективалы үміткер бағдарламаға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Қатысушылар арасында Glovo, Documentolog, Mitwork, Aviata, Mechta, Atameken Business, i-teka.kz, Clockster секілді ірі компаниялар да бар. Бағдарлама барысында қатысушылар TikTok for Business командасынан тәлімгерлік, бірегей контент, TikTok-тың барлық құралын үйрену және тиімді науқандарды бастау мүмкіндігіне, сондай-ақ сарапшылардың тұрақты чат қолдауына ие болады. Бағдарламаның соңында стартаптар өздерінің TikTok жылжыту стратегияларын ұсына алады. Үздік қатысушылар 10 мың доллар көлемінде грантқа қол жеткізеді.
Әңгімелескен
Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»