Аймақтар • 17 Қараша, 2022

Самардың бүгіні мен келешегі

530 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қашан да сынай қарайтын халықпыз ғой. Самар мен Тарбағатай жекелеген аудан болып бөлінген сәттен ертеңгі күндеріне бір үміт, бір күдікпен қарап жүргеніміз рас. Қос аудан қайта қалыптасып кетуі үшін басшылар ауқымды жобаларды қолға алып, ілкімді істер атқаруы керек шығар. Бұл кезеңдегі аудан басшылары үлкен жауапкершілік арқалап отыр. Самар мен Тарбағатайдың аудан болып құрылғанына бес ай уақыт өтті. Бес айда қандай жұмыстар атқарылды деп Самар ауданына сапарлап барғанбыз.

Самардың бүгіні мен келешегі

Суретті түсірген автор

Бұқтырма су қоймасын жағалай жай­ла­ған Самар – егіні жайқалған, төрт түлігі түлеген, шаруашылығы өрісті аудан. Хал­қы да шаруақор. Осыдан 25 жыл бұрын аудан мәртебесінен айырылып, Көкпектіге қосылғанымен әлеуметтік ғимараттары, көпқабатты тұрғын үйлері сақталып қалған. Бірақ тоз-тозы шығып, қараусыз қалған ғимараттарға күрделі жөндеу жұ­мыс­тары жүргізіліп, инфрақұрылымын жаңалау керек.

Аудан халқының қалаға елеңдемей, тұрақтап қалуы үшін алдымен денсаулық сақтау саласы жолға қойылуға тиіс. Сондықтан да 40 орындық аудандық ауруханаға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін биыл облыстық бюджеттен 200 млн теңге бөлінді. Қосымша 247 млн теңгеге соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтар алынған. Салыстыра қарасақ, бұл аурухананы көш ілгері дер едік. Жалпы, материалдық жағдайы жақсы. Функционалды төсек орындар реанимация ғана емес, жеке палаталарда да тұр.

Перзентхана бөліміндегі аппараттар да сақадай сай. Өзгесін айтпағанда, заманауи компьютерлік томография аппараты арқылы жатырға біткен баланың үш айдан соң жүрек соғысына дейін тексере алады. Мұндай құрылғы әр ауыл­да болса, болашақ аналар қалаға са­былмас еді. Дәрігерлердің айтуынша, аудандағы жүкті әйелдердің барлығы жіті қадағалауда. Босанар алдында КТ-ға түсіріп, денсаулығын толық тексереді. Егер сәбидің ай-күні жетпей туған жағ­дай­да соңғы үлгідегі кувезге салады. Бұрыннан бері мұнда жүктілігі І деңгейлі әйелдерді босанса, енді ІІ деңгейге көшпек. Деңгей деп есептеп отырғандары, қауіптіліктің дәрежесі. Екін­ші деңгейге көшсе, босану көрсеткіші де көбе­йеді деп топшылайды өздері. Оның үстіне, мұндағы мамандар білікті, білімді. Ауданда тек анестезиолог, хирург секілді дәрі­­герлер ғана жеткіліксіз. Алайда бұл бүгін-ертең шешілетін мәселе. Аудан басшылығы қажетті мамандарды тарту үшін бар мүмкіндікті қарастырып жатыр.

– Аудандық аурухананың жай-күйі жаман емес. Әрине, жетпей жатқан дәрі­гер­лер бар. Мәселен кейбір жағдайда ауруханаға екі-үш кісі түседі. Сол кезде хирург, анестезиолог секілді мамандардың тап­шылығы бірден сезіледі. Бір хирург күні-түні жұмыс істей алмайды ғой. Со­ны­мен қатар окулист, тері дәрігері керек. Ұзын саны ауданымызға бес дәрігер қа­жет, – дейді Самар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлафира Шапатова.

Самар ауданына дәрігерлер ғана емес, өзге де мамандық иелері жеткіліксіз. Ол үшін аудан орталығында тұрған бес қабатты тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарда бар. Аудан әкімінің айтуынша, бос тұрған бес қабатты тұрғын үй әкімдіктің балансында. Келесі жылы жөндеу жұмыстары басталады.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың өкімімен Самар жеке аудан болып құрылды. Атқарып жатқан жұмысымыз қарқынды. Қазір бөлімдерді заңдастыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Ауданның бюджетін бекітіп, жоспарлап қойдық. Екі ғимаратты жөндеу үшін облыстық бюджеттен 347 млн теңге бөлінді. Оның бірі аудан әкімдігінің ғимараты болса, екіншісі қатар тұрған пошта байланысының ғи­ма­ра­ты. Бүкіл мемлекеттік мекемелер осы екі ғимаратқа орналастырылады, – дейді аудан әкімі Раджан Қайырханұлы.

Сонымен қатар ауданда туризмді дамы­тудың кешенді жоспарын жасап, ин­вес­тиция тартуды да ойластырып отыр. Айтып өткендей, Самар Бұқтырма су қоймасының жағалауында жатыр. Жазғы туризмді дамытуға өте қолайлы орын. Одан бөлек, жерасты байлықтарынан да кенде емес. Жуықта тау кен комбинаты екінші зауытын іске қосып, аудан халқын жұмысқа тартып жатыр. Қазір маусымдық жұмыс болса, келесі жылы жыл көлемінде жұмыс істейді. Сондай-ақ 2023 жылы «Каскад» фирмасы алтын өндіру зауытының құрылысын қолға алмақ. Аудан әкімінің сөзіне қарағанда, олар ауданға 3,5 млрд теңге инвестиция құямыз деп отыр.

2022-2026 жылдарға арналған аудан­ның кешенді дамыту жоспары бекіті­ліпті. Бастысы, аудан орталығындағы су құ­бырларын жөндеу, жолдарға асфальт төсеу, жарық шамдарды жаңалау, одан бөлек аудан орталықтарындағы саябақ­тар­ды жөндеу жұмыстары жос­парда бар.

– Ауданда орталықтандырылған қа­зан­­дық жоқ. Бірақ әр мекеменің өз қазан­дық­тары бар. Жылыту маусымына 100 пайыз дайын. Көмір жеткізілген. Жылу қазандықтарына жөндеу жұмыстары жүргі­­­зілді. Орталықтандырылған мо­дуль­ді жылу қазандықтарын орнатуды 2024 жыл­да­ры қолға аламыз. Ал қысқы қар тазалауға техникалар дайын. Бұл үшін бюджеттен қаржы бөлінді, – деп аудан әкімі алдағы уақыттағы бір­қа­тар жоспарымен бөлісті, атқарылған жұ­мыс­тарға тоқталды.

Тоғыз жолдың торабындағы Самар ауданы ауыл шаруашылығы шалқыған өңір дейміз. Рас, Самар ауылының өзінде ғана 32 шаруа қожалығы болса, аудан­ кө­лемінде 403 қожалық шаруасын дөң­гелетіп отыр. Алайда халық саны­ның бұрынғыдан едәуір азайып кеткені өкі­ніш­ті. Статистикалық дерекке сүйенсек, 8 ауылдық округті қосқанда 12 мың ғана адам тұрады. Бұл – бүгінгі көрсеткіш. 1997 жылдары Самардан көшкен ел қайтып оралса, жұмысшы күштері тартылса, халық саны бұрынғы көрсеткішке жетпесе де таяп қалатын шығар. «Кіндік қаның тамған жерге маңдай терің де тамсын» демекші, Самар өңірінде туған жастар, аудан үшін, ауданның аяқтануы үшін еңбек етуге күш салады деген үміттеміз.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Самар ауданы