Қылилық емделеді
Міндеті болған соң, офтальмологтар балалардың көз ауруларын емдеуді мүмкіндігінше ерте бастауды ескертеді. Осы мақаланың мақсаты да сол, перзентінің көзінен кінәрат байқап жүрген әке-шешелерге жол сілтеу.
Мәселен, Алматы Балалар жедел медициналық көмек көрсету орталығының офтальмология бөлімшесі «қитарлана үйлескен қылилық», «шашыранды үйлескен қылилық», «тік қылилық» диагноздары қойылған балаларды емдей алады. Бұл орталықта көру қабілетін түзетуге мүмкіндік беретін Синоптофор және Макулотестер тренажерлерінің көмегімен отасыз ем түрлері қолданылады. Көп жағдайда офтальмологтер қылилықты хирургтерді араластырмай, бұрыннан келе жатқан ескі әдістермен емдейді.
Туабітті кеселдерді айтпағанда, балалардың көзі гаджеттерге деген шексіз құмарлықтан құритыны жаңалық емес. Ал дәрігерлер қылилықты жазуға болатынын, бірақ емін бастауды ұзата бермеуге кеңес береді.
«Қылилықты косметикалық тұрғыда ғана емдеуді мақсат тұтпаймыз. Қитарлықтан құтыла отырып, көздің көру қызметін барынша жақсартуға әрекет жасаймыз. Қоршаған ортаны екі көзбен қабылдау қабілеті – медицина тілінде бинокулярлық стереоскопиялық көру деп аталады. Емдеу әдісін дұрыс таңдау үшін баланы мүмкіндігінше ертерек офтальмологке көрсеткен жөн. Көру анализаторының жоғары сапалы толық дамуына жағдай жасау үшін ем дер кезінде жүргізілуі керек. Бұл – өте маңызды. Өкінішке қарай, балаларды 7-8 жастан кейін емдегенде, тек көру өткірлігін сақтап қалуды көздейміз. Мұндай жағдайда бинокулярлық көрудің толық дамуы туралы сөз қозғау қиын. Сондықтан есейіп қалған балалар емделуге келгенде, жақсы және тиімді нәтижеге қол жеткізу екіталай. Мұндай балаларды 7 жасқа дейін, яғни мектепке дейін бақылап, емдеуге тырысу қажет. Бинокулярлық бұзылумен байланысты көз жанарын түзету мектеп тапсырмалары, сабақ оқыған кезде де қиындықтар тудырады. Отасыз емдеуге болатын қылилықтың түрлері көп. Сондықтан бұл тек хирургия арқылы дәрігерлер шешетін мәселе. Ал көзілдірік таңдау, аппараттық емдеу шеңберінде хирургиясыз-ақ тиімді емделетін қылилық түрлері бар», деді Алматы қалалық Балалар жедел медициналық жәрдем орталығының офтальмологі, Дүниежүзілік балалар офтальмологтері қауымдастығының мүшесі Ләззат Кейкина.
Қылилықтың пайда болуына неврологиялық жағдайлар да әсер етуі мүмкін. Сондықтан орталық офтальмологтері невропатологтермен бірге жұмыс істейді. Қалыпты көру омыртқаның құрылымына тікелей байланысты екенін атап өткен жөн. Ал қылилық – балалардың омыртқаны дұрыс ұстай алмауының бір себебі.
«Қылилық омыртқаға да қатты әсер етеді. Басты төмен қарап ұстауға мәжбүрлі болу омыртқаның саулығына ғана емес, жалпы құрылымына да кері әсер етеді. Сондықтан қылилықты неғұрлым ертерек емдесек, нәрестенің басын ұстауын қалпына келтіру оңайырақ. Сәйкесінше, омыртқаның жағдайы да жақсарады. Көбінесе «көздік қисық мойынды» шынайы қисық мойынмен шатастырады, көптеген остеопат көзді емдеу керек екенін ұмытып, кейде оны сәтсіз емдеп те жатады», дейді жоғары санатты дәрігер Л.Кейкина.
Жыл басынан бері Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының офтальмология бөлімінде қылилық диагнозымен 147 бала емделген. Кейбір жағдайда қылилықты түзету тек хирургиялық әдіспен іске асырылады. Биылғы он айда дәрігерлер 132 операция жасаған, былтыр бұл көрсеткіш 99 операция болатын.
СИАХТ операциясы енгізілді
Талай адамның жанарын сақтап қалуға жол ашатын жақсы бір жаңалықтың бірі – елімізде Селективті интраартериалды химия терапиясы (СИАХТ) операциясының қолға алынуы дер едік. Былтыр Қазақстанда тұңғыш рет Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында көздің қатерлі дертін емдеуге мүмкіндік беретін ерекше ота жасалды. Бұл көзді сақтап қалуға мүмкіндік беретін селективті интраартериялық химиотерапияның жоғары технологиялық орган сақтаушы емі деп есептеледі. Көздің қатерлі дерті – ретинобластомада қолданатын бұл ота көзді, тіпті көру қабілетін сақтауға мүмкіндік береді. Операцияның бірегейлігі де осында. Биыл СИАХТ операциясының енгізілгеніне – бір жыл. Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда алғаш рет енгізілген операция осы уақытта 14 балаға жасалды.
«2016 жылдың қараша айында Педиатрия орталығы мен Қазақ көз аурулары ҒЗИ ретинобластома кезіндегі СИАХТ жаңа технологиясын қарауға өтінім берген болатын. Орындаушы ретінде балалар онкологиялық, рентгендік-қантамырлық, қуатты анестезиологиялық қызметтері шоғырланған Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы ұсынылды. Технологияны бекіту, клиникалық хаттаманы қайта қарау, медициналық-экономикалық тарифті бекіту 5 жылға созылды. Осы уақыт аралығында Мәскеудегі Н.Блохин атындағы онкология ғылыми медициналық зерттеу орталығындағы әріптестеріміздің қатысуымен 2018 және 2021 жылдары екі шеберлік дәрісі өтті. Қазақ көз аурулары ҒЗИ мен Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшылығына көмек көрсетіп, қолдау білдіргендері үшін алғысымыз шексіз. Қазір пациенттеріміздің мемлекет есебінен өз елінде тегін, заманауи, ағза сақтайтын ем алуға мүмкіндік алып отырғандары үшін қуанамыз», дейді офтальмолог дәрігер Алуа Әубәкірова.
Көздің қатерлі ісігін қайда емдеуге болады?
Ал ретинобластома – 5 жасқа дейінгі балалар көзінің тор қабығын зақымдайтын қатерлі ісік. Өкінішке қарай, бұл көбінесе екі жақты зақымдану кесірінен көзді алып тастаумен аяқталуы да мүмкін. Ретинобластома балалардағы көзішілік ісіктердің 90%-ын құрайды, бүкіл көз алмасын ісік тінімен толтырумен, көру жүйкесіне, көз ұясына, миға қарай өсетін агрессивті ағыммен сипатталады. Ісік соқырлық, зағиптықпен ғана емес, метастаздану салдарынан басқа ағзаларда өршитін қайталама қатерлі ісіктердің дамуымен де қауіпті.
2015 жылдан бері ретинобластома дертті болған балалардың барлығы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында емделеді. Дегенмен дәтке қуат беретіні, соңғы жылдары онкология саласына емдеудің заманауи әдістерінің енгізілуі балалардың да өмірін ұзартып отыр. Республикада көз іші ісіктерін емдеуде жаңа технологияларды қолдану педиатрияда ғана емес, қазақстандық медицина тарихындағы ең үлкен жетістік.
Бұрын ретинобластомаға шалдыққан балалардың ата-аналары көздерін сақтап қалуға тырысып, квота немесе өз қаражаты есебінен шетелге емделуге шабылып, шығынданатын еді. Енді науқас жандар ретинобластоманың орган сақтайтын емінің барлық түрін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) есебінен тегін алады.
«Педиатрия орталығында операциялар жүргізу үшін барлық жағдайлар жасалған. Арнайы медициналық жабдықтар, аппаратура және оқытылған мамандары бар. Орталық базасында шетелдік мамандардың қатысуымен түрлі шеберлік сағаты өтеді. 2017 жылдан бастап Қазақ көз аурулары ҒЗИ-мен бірлесіп транспупиллярлық термотерапия және интравитреальді химиотерапия сияқты терапияның жергілікті әдістері белсенді енгізіліп, қолданылып келеді. Сонымен қатар 2015 жылдан бастап IRSS (International Retinoblastoma Staging System) жүйесі бойынша халықаралық жіктеуге сәйкес гистологиялық тәуекел факторларын бағалау жүргізіліп жатыр. Бұл қайталама ісіктер сияқты кеш асқынулардың дамуын азайту үшін тәуекелге бейімделген терапияны жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Біздің алдымыздағы ауқымды мақсат – көзді сақтауға мүмкіндік беретін органсақтау терапиясының озық әдісін енгізу еді. Тәжірибеде АҚШ пен Еуропада 15 жыл, Ресейде 10 жылдан бері қолданылып келе жатқан селективті интраартериалды химиотерапия емі жоғары тиімділікті көрсетті. Осы әдіс АҚШ-та көз алмасын алып тастау операцияларының санын 95%-дан 8%-ға дейін қысқартты.
Елімізде 2021 жылдың 8 қыркүйегінен бері Педиатрия орталығында СИАХТ операциясы 14 пациентке жасалды. Әр балаға бірнеше кезеңмен жасалатын ота болғандықтан барлығы 46 операция жасалды. Бұл көзді орган ретінде ғана емес, оның қызметін де сақтауға мүмкіндік берді. Баланың көруі – бала үшін де, ата-анасы үшін де үлкен бақыт», дейді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының офтальмолог-дәрігері Елена Тян.
Сәбилердің офтальмологиялық скринингі
Жыл сайын әлемде ретинобластоманың 8 100-дей жаңа жағдайы тіркелсе, оның 570-810-ы жаңа туған нәрестелерде анықталады. Қазақстанда жылына 15-20 бастапқыда анықталған пациент тіркеледі, бұлар негізінен 3 жасқа дейінгі балалар. Бұл аурудың пайда болу жиілігі мынадай, дүниеге шыр етіп келген 21 мың нәрестенің біреуінен табылып, балалардағы барлық қатерлі ісіктің 4%-ын құрайды.
Офтальмологиялық скрининг жасайтын заманауи диагностикалық құрал-жабдықтарға қол жеткізген еліміздегі 10 Перинаталдық орталық биылғы жарты жылда жаңа туған 1 265 нәрестенің көзін тексеріп, 181 балада ретинопатия бар екенін анықтаған. Отандық дәрігерлердің мәліметіне сүйенсек, айы-күні жетпей туған нәрестелердің 40%-ға жуығы ретинопатиямен – шала туған нәрестелердің көру қабілеті қайтып қалпына келмейтін кеселге душар болады.
Сырттай қарағанда ретинопатияның бар екені байқала бермейді. Тек мамандандырылған және арнаулы білімі бар офтальмологтер ғана офтальмоскоп көмегімен оның белгілерін ерте анықтай алады.
2022 жылға дейін Қазақстанның Перинаталдық орталықтарын ретинопатияның ерте скринингіне арналған жабдықтармен жабдықтау оңай болған жоқ. Бұл тек 4 орталықта ғана бар еді. Оған қоса Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен ретинопатияның күрт дамыған түрін инъекциялық емдейтін клиникалық хаттаманың болмауы да жағдайды ушықтырып, соның салдарынан соқыр болып қалатын балалар саны жыл сайын көбейе түскенін жасырмау керек.
Қолы ашықтың – жолы ашық
Осындай күрделі мәселені шешуге 2021 жылдың қазан айында «ayala» қайырымдылық қорының негізін қалаған әрі президенті Айдан Сүлейменова араласып, Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаевпен бірқатар кездесу өткізген еді. Оған қоса Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің басшысы Мағрипа Ембергеновамен бірге қазақстандық Перинаталдық орталықтардың жаңа туған нәрестелердің офтальмологиялық скринингіне арналған жабдықтарға, сондай-ақ кадрларға деген қажеттіліктеріне жан-жақты талдау жүргізілді.
Қысқасы, қазірдің өзінде отандық офтальмолог-дәрігерлер осы қор сатып әперген жабдықтардың көмегімен көз торының лазеркоагуляциясын жасап, тоғыз баланың көру қабілетін сақтап қалды.
«Қазақстанда шала туған нәрестелер дүниеге келетін 42 Перинаталдық орталықта балалардың ретинопатиясын анықтау үшін офтальмологиялық скрининг жүргізе алатын небәрі 23 офтальмолог бар. Біз скринингтік жабдықтармен қоса, ең алдымен арнаулы мамандар жұмыс істейтін орталықтарды қамтамасыз ету керектігін түсіндік. Сондықтан екі демеушімен бірге 11 Перинаталдық орталыққа және Атырау қаласындағы Облыстық офтальмологиялық аурухананы назарға алдық. Нәтиже біздің болжамдарымыздан да асып түсті. Алты айда көзінде кеселі бар сәбилер саны 1 200-ден асты. Сонымен қатар скрининг ретинопатиядан басқа да көз кінәраттарын анықтауға септесті. Мысалы, Атырауда 136 баланың 74-інде ретинопатияға жатпайтын, бірақ айтарлықтай ауытқу анықталды. Көз патологиясын ерте анықтау дәрігерлерге де емді ерте, асқындырмай бастауға және балалардың жақсы көру қабілеттерін сақтауға көмектесті. Бұл қайырымдылық қоры, Денсаулық сақтау министрлігі мен мемлекеттік медициналық орталықтардың өзара жемісті әрекетінің нәтижесі», дейді «ayala» қайырымдылық қорының президенті А.Сүлейменова.
Жоғарыдағы офтальмоскоптардан бөлек, Ақтөбе, Семей және Тараз қалаларындағы облыстық перинаталдық орталықтарындағы «ayala» қорының бокстары арқылы жиналған қаражатқа ретинопатиямен туған нәрестелердің көз торын лазеркоагуляциялау операциясын жүргізуге арналған аппараттар орнатылғанын айта кету керек. 52 млн теңгеден астам сомаға сатып алынған, тәжірибелі хирург-офтальмологтердің қолына түскен бұл аппараттар жаңа туған 9 нәрестенің көзін сақтап қалуға көмектесті.
Биыл қыркүйек айында Денсаулық сақтау министрлігі жаңа туған нәрестелерге «Луцентис» препаратын интравитреалды енгізу жөніндегі клиникалық хаттаманы бекітті. Офтальмолог дәрігерлер бұл шешім Қазақстанда шала туған нәрестелердің ретинопатиясын нәтижелі емдеуге серпін бере алады деп отыр.
«Бірнеше жыл бұрын ғана қазіргі қолымыздағы жабдықтардың барлығы – ультра заманауи бинокулярлық офтальмоскоптар, сәбилердегі соқырлықты емдеудің жалғыз әдісі – лазерлік қондырғылар, «Луцентис» инъекциясы арқылы ретинопатияны емдеуге арналған клиникалық хаттама біз үшін қол жетпес арман болатын. Енді елімізде шала туған балаларға әлем сұлулығын, ал отбасыларына қуаныш пен бақыт сыйлайтын мүмкіндік пайда болды. Ал біз мамандардың талайы сенбеген мүмкіндіктерге қол жеткіздік», дейді Көз аурулары ҒЗИ офтальмолог дәрігері Әсел Шәріпова.
Осылайша, өзі де бұрынғы терапевт-дәрігер Айдан Сүлейменова 2007 жылдан бері 1,5 млрд теңгені құрайтын жеке қаражатына еліміздегі көпбейінді 30 балалар ауруханасы мен перинаталдық орталықтарының жансақтау бөлімшелерін озық медициналық технологиялармен жабдықтап келе жатыр. «Ayala» қоғамдық қорының президенті тек шала туған сәбилердің ретинопатиясынан туындайтын балалар зағиптығын төмендету жобасына 28 млн 950 мың теңге бөлсе, оның 16 млн 810 мың теңгесі – 2022 жылы офтальмологиялық скринингке арналған жабдықтар, ал 12 млн 140 мың теңгесі – Алматыдағы Қалалық перинаталдық орталыққа ретиналдық камера сатып алуға жұмсалған.
Сөз соңында айтарымыз, медициналық технологиялар үздіксіз жетілдіріліп жатқан заманда кеселдің қандай түрі болса да асқындырмай, дұрыс ақпаратқа кезігіп, дер кезінде емдету – денсаулық кепілі.
АЛМАТЫ