Қоғам • 17 Қараша, 2022

Тілсіз жауға тосқауыл

161 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жеті жұттың бірі – өрт биыл билікті де, бұқараны да бидайша қуырды. Елдің түкпір-түкпірінде жұрттың өзегін күйік, өңірін өрт шалған аймақ аз емес. Әсіресе қыркүйектегі жалаңдаған жалын бұқараның бейуақытта көрген беймаза түсіндей еді. Өңірдегі өрттер жай кеткен жоқ. Өрт сөндіру қызметін сынап, елге есесі кеткен тұстарын ескертіп кетті.

Тілсіз жауға тосқауыл

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

Арқаның мидай даласындағы азын-аулақ орманын өрттен қорғап қалу өзек­тілігі де кейінгі жылдары кү­шейіп келе­ді. Өңірде тамыз-қыр­күйек­тегі дала өрттері тілсіз жауға қалай тосқауыл қою керектігін аңғартты.

Қарағанды облысының Төтенше жағ­дай­лар департаментінің дерегінше, биыл облыста 332 табиғи өрт болыпты. Оның басым бөлігі Қарқаралы және Бұқар жырау аудандарының аумағында тіркелген.

– Облыстағы табиғи өрттерге ыс­­тық ауа райы, қатты жел, жауын-ша­шын­ның жоқтығы, найзағай ықпал етті. Сондай-ақ кейбір жағдайларда абайсыздық, ауыл шаруа­шылығы техникасының ақауы, өсім­діктерді бақылаусыз өртеу сияқты әре­кет­тер де тілсіз жаудың таралуына әкеліп соқты, – деді облыстық Төтенше жағ­дай­лар департаменті бастығы Мұрат Қатпанов.

Қазір өрт сөндіру орман стансасын ашу маңызды іс болып отыр. Осыған орай аймақта алдағы уақыт­та Қарағанды және Ақтоғай орман ша­р­уашылықтарында осындай стансаның бесеуін ашу жоспарда тұр. Облыста бұдан бұрын төрт орман стансасы іске қосылған еді. Департамент өкілдері мұндай стансалардың өртпен күресте тиімділігін айтады. Өңір басшы­лығы да бұларды іске қосуға мүдделі.

Мұрат Қатпановтың баяндауынша, соңғы бес жылда облыста 45 өрт сөндіру бекеті құрылған. Бекеттер 50 мыңға жуық адам тұратын 82 елді мекенде орналасқан.

Өрт кезінде ел ішінен жасақталатын еріктілердің материалдық-техникалық жабдықталуы да күн тәртібінде тұр. Ұлттық саябақтар мен ормандарда өртке қарсы мониторинг жүйесі іске қосу ұсынылып отыр. «Сонымен қатар жер пайдаланушыларды қорғаныс жолақ­тарын жыртуға міндеттеу де осы күресте қажет қадам», дейді құзырлы орын мамандары.

Жергілікті билік өрт сөндіру орман стансаларының аздығын жасырмайды. Орман шаруашылықтарының техникамен қамтылуы да уақыт талабы.

– Жалпы, өңірде өрт сөндіру орман стансалары жетіспейді. Орман шаруашылығы мекемелері, ұлттық табиғи парктерге арнайы техника, қажетті құрал-жабдықтар қажет. Бұл қажеттілік жазда, әсіресе тамыз-қыркүйек айларындағы жағдайда айқын сезілді, – деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек төтенше жағдайдың алдын алу және жою комиссиясы отырысында.

Сол себепті де аймақ басшысы қосымша орман өрт сөндіру стансаларын құру мәселелерін пысықтауды құзырлы орындарға қатаң тапсырып отыр. Ал аудан әкімдеріне ерікті өрт сөндіру жасақтары үшін құрал-жабдықтар сатып алуға бюджеттен қаражат қарастыру міндеті жүктеледі.

 

Қарағанды облысы