Қазақстан • 18 Қараша, 2022

Жанкештілік

264 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада көпқабатты үйлер­дегі бір пәтер өртеніп, өрт сөн­ді­рушілер бес адамды аман алып қалды. Алайда өмірлерін қатер­ге тігіп, жалынның ортасында қалған тұрғындарға көмек қо­лын созған құтқарушылардың өз­дерін күйік шалған. Қазір өрт сөн­дірушінің бірі жансақтау бөлі­мінде ауыр халде жатыр.

Жанкештілік

16 қараша күні таңертеңгі сағат 10:43-те соққан қоңырауға өрт сөндірушілер бірден Б.Момышұлы даңғылына аттанады. 14-үйдегі пәтерлердің бірінде шыққан өрттен 5 адам құтқарылады.

Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өрттен кейін төрт науқас жедел жәрдем көлігімен №1 көпсалалы қалалық ауру­ханаға жеткізілген. Зардап шеккен екі науқастың жағдайы емханаға келген кезде орташа ауыр болған. Қазір токси­кологиялық бөлімшеде ем қабылдап жатқан олардың жағдайы жақсарған. Алайда тұрғындардың өмірін сақтап қалған құтқарушылардың бірі – Өрт сөндіру қызметінің кезекші жедел кезекшісі Асқар Забикулиннің жағдайы өте ауыр.

Жасы отызға да толмаған жігіт 3-дәрежелі күйік алып, қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде жатыр. Өрт сөндіруші денесінің 80 пайызын күйік шалған. Таралған ақпараттарға сүйенсек, құтқарушы өрт шыққан пәтерге жоғары қабаттан кіру үшін қорғаныш киімін шешіп, өзімен бірге дем алу аппаратын ғана алған. Пәтерден 80 жастағы қарияны, 22 жасар немересін және көрші пәтерде балконға тығылып қалған 10 жасар баланы құтқарған. Ал №10 өрт сөндіру бөлімінің командирі Аян Кемпіровтің (1988 жылы туған) жағдайын дәрігерлер орташа ауыр деп бағалап отыр.

Төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасына сүйенсек, өрт сөндіру бөлім­шесіне Б.Момышұлы даңғылын­дағы көпқабатты тұрғын үй кешенінде пәтер өртеніп жатқаны туралы хабар түскеннен кейін өрт сөндірушілер үш минутта шақырту орнына жеткен. «Он бес қабатты тұрғын үйдің 11-қабатында 50 шаршы метр аумақтағы пәтер өртеніп жатқаны анықталды. Қызметкерлер бірінші кезекте көмек сұраған адамдарды құтқаруға кірісті. Өз өмірлерін қатерге тіккен өрт сөндірушілер бес адамды құтқарды. Оның біреуі бала, он адам эвакуацияланды», деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар департаменті өрт шыққан үйдің ауласында көліктер тұрғандықтан, өрт сөндірушілерге пәтерге жету оңай болмағанын да айтып отыр.

Өртті сөндіруге барлығы ТЖД-ның 26 қызметкері мен 6 техникасы жұмыл­дырылған. Бұған қоса Апаттар медицинасы орталығының үш қызметкері мен бір техникасы оқиға орнына жетеді.

Астана қаласы Төтенше жағдайлар депар­таментінің бастығы Қуанар Базар­баев бес адамды құтқарған өрт сөндіру­шілерді наградаға ұсынатынын хабарлады. Дегенмен қазіргі таңда адамдарды жанқиярлықпен құтқарып қалған бүгінгі күннің батырларының өмірін аман сақтап қалу басты мақсат болып отыр. Асқардың аман қалуын тілеп отырған қалың жұрттың ішінде ата-анасы, келіншегі мен қос кішкентай балапаны да бар.