Басқосу барысында қоғамдағы өзекті сұрақтар мен әлеуметтік қызметкерлердің мәселелері талқыланды. Қарақат Әбден бұл саланың маңыздылығын тілге тиек етіп, әлеуметтік қызметтің негізгі мәселелеріне тоқталды.
«Әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдардың саны артып келеді, бірақ елімізде кәсіби әлеуметтік қызметкерлер жетіспейді. Заңнамаға қажетті өзгерістерді енгізе отырып, әлеуметтік қызметкердің мәртебесін көтеретін кез келді деп санаймын. Біздің қоғам олардың жұмысын тиісті деңгейде бағаламайды. Мысалы, биыл осы мамандыққа бөлінген 100 білім беру гранты бойынша тек 35 адам ғана оқуға түсуге ниет білдірді. Мамандықтың мәртебесін арттыру мақсатында ел ішінде жан-жақты ақпараттық-насихаттау жұмысын жүргізу керек. Кәсіби әлеуметтік қызметкерлерді даярлау үшін арнайы институтты немесе жоғары оқу орындарында кафедралар мен факультеттерді құруды ұсынамын. Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан «әлеуметтік қызметкер» мамандығы бойынша арнайы білім беру стандарты әзірленуге тиіс», деді кандидат.