Аймақтар • 18 Қараша, 2022

Көше кезген жеткіншек қылмысқа үйір

328 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның төрағалығымен әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өткізілді.

Көше кезген жеткіншек қылмысқа үйір

Комиссия басқосуында қа­ла­лық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Е.Абдраманов жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық жөнінде баяндама жасады.

– Шымкент қаласы полиция департаменті тарапынан құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша шаралар қолға алынып келеді. Сонымен бірге осы бағытта арнайы рейдтер ұйымдастырылуда. Бала­лар­дың ата-аналарына да департамент мамандары тұрақты түр­де түсіндіру жұмыстарын жүр­гізіп отырады. Есепті кезең ара­лығында яғни, жыл басынан бері 4 333 жасөспірімге қатысты әкім­шілік шара қолданылды. Әсіресе түнгі уақытта, сағат 23.00-ден кейін ата-анасының бақылауынсыз көше кезетін жас жеткіншектер тәртіп сақ­шыларының назарына түсіп қалып жатады. Полицейлердің ұйымдастырған іс-шаралары барысында түрлі ойын-сауық орындарында осындай біраз жасөспірім анықталды.

Бас-аяғы 2 айдың ішінде, қыркүйек пен қазан айларында түнгі уақытта ата-анасыз көшеге шыққан 658 жасөспірім ұсталды. Алаңдатарлық жайт, олардың жартысына жуығы – әлі мектепте оқитын оқушылар.

Сондай-ақ жыл басынан бері ата-анасының рұқсатынсыз үйі­нен кетіп қала беретін 3 жас­­өс­пірім анықталды. Жет­кін­шек­тер сот шешімімен Та­раз қала­сындағы арнайы мек­тепке ауыстырылды. Бала тәрбиесіндегі міндетін орындамаған 5 ата-ананың құқықтары шектелді. Қадағалаусыз жүрген 195 бала енді кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тәр­бие­ле­неді, – деді полиция өкілі Ермахан Әділханұлы.

Сондай-ақ Е.Абдраманов статистикалық мәліметтен жақ­сы деректерді де келтірді. Мәсе­лен, полиция департаменті өкілінің хабарлауынша, осы жылдың 10 айында кәмелетке толмағандар арасында жасал­ған қылмыс 38 пайызға төмен­деген. Осы ретте департамент мамандары кәмелетке тол­ма­ған жасөспірімдер арасында тіркелген қылмыстардың әр­қай­сысын зерттеп-зерделеген. Соның қорытындысына қа­рай 60 қылмысқа қатысы бар 74 жасөспірімнің 12,2 пайызы – мектеп оқушысы, 9,5 пайызы – колледж студенті, 78,3 пайызы мектеп бітіргеннен кейін оқуға түсе алмай қалған және еш жерде тұрақты жұмыс істемейтін жас жеткіншектер екені белгілі болды.

Қала әкімінің бірінші орын­басары Шыңғыс Мұқан жас­өспірімдер арасындағы қылмыс азайғанымен бұл мәселе әлі де қоғамды алаңдататынын айтады. Осы тұста анық бол­ғандай, оқушыларға қатысты немесе оқушылар тарапынан жасалатын қылмыс атаулы әдетте мектептегі оқу мерзімінен тыс уақытта болады екен. Бұл жағдайда, әри­не, мектеп әкімшілігі ондай бұзақы оқушылардың әре­ке­ті­не жауапты емес. Бұл жерде бірінші кінә – ата-ананың жауапсыздығында. Сондықтан бала тәрбиесіне ең алдымен қылмысқа, заң бұзушылыққа барған жеткіншектің ата-анасы жауап беруі тиіс. Дей тұр­ғанмен, мектепте берілген жақ­сы тәрбие оқушының мектептен тыс уақыттағы мінез-құл­қына, жүріс-тұрысына оң әсе­рін тигізетін көрінеді. Сол се­бепті мамандардың пікірінше, мек­тептегі ұстаздар мен ата-аналар бірінші кезекте балалардың тәр­биесімен айналысып, осы мә­селеге көп көңіл бөлгендері дұ­рыс.

Қалалық әкімдікте өткен ко­миссия отырысында, сондай-ақ, Тараз қаласындағы балалар мен жасөспірімдердің арнаулы мектебіне қатысты мәселе қаралды. Нақты айтқанда аталған білім ошағына 4 жасөспірімді орналастыруға байланысты жағ­дай талқыланды. Осыдан кейін комиссиялық басқосу кәме­лет­ке толмаған балалар мен олар­дың ата-аналарына қатысты жекелеген мәселелерді қарау мен оларды шешу жолдары бойынша «жабық есік» жағдайында жалғасты.

 

ШЫМКЕНТ