Осы орайда кәсіпкерлерге электр көліктерімен тасымалдауды жүзеге асыру үшін «Медеу» паркімен келісім жасау ұсынылып отыр. Өткен аптада бизнес өкілдері бұл бастаманы прокуратурамен бірлесіп, Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы алаңында талқылады.
Алматы кәсіпкерлер палатасының әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің бастығы Нұрбол Әшірбеков жиынды аша отырып, электркарлардың мемлекеттік органдармен ерекше қорғалатын аумақтың ашық аймағына кіруін шектеу мәселесі бірнеше рет талқыланғанына қарамастан, мәселе әлі де ашық күйінде қалып отырғанын алға тартты.
«Тараптардың бірнеше рет келіссөздерінен кейін прокуратура, «Медеу» паркі және Алматы кәсіпкерлер палатасының өкілдері меморандумға қол қою туралы шешім қабылдады», деді ол.
Бұл келісім ерікті және кәсіпкерлердің құқығы мен міндеттерін қамтиды. Прокуратура өкілі меморандум барлық кәсіпкерлермен жасалатынын атап өтті.
«Парк басшылығының аумаққа кіруге қатысты заңсыз әрекеттерге жол бергенін растаймыз. Біз жасыл экономика басқармасымен, «Медеу» паркінің басшылығымен келіссөз жүргіздік және бұл меморандум ынта білдірген барлық кәсіпкермен жасалады деген келісімге келдік», деді прокуратура өкілі Светлана Ким.
Құжатты әзірлеушілер мемлекеттік мекемелер тарапынан кәсіпкерлердің қызметіне килікпейтінін айтады. Бұл шешім парк аумағына кіретін машиналарға қатысты екенін айта кету керек.
«Ешкім парк аумағына кіру уақытын және паркке әкелінген адамдардың санын белгілемейді. Өйткені «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заң бар, соған сәйкес кәсіпкерлер, мысалы, тасталған қоқыс, рұқсат етілмеген автотұрақтар үшін жауап береді», деді прокуратура өкілі.
Бүгінгі таңда парк аумағында 2 компания жолаушылар тасымалымен айналысып жатыр, тағы 5 компания меморандумға қол қойып, жақын арада жұмысын бастайды. Алайда тасымалдаушылар болса меморандум кедергі болады деп санайды. Өйткені парк жетекшілігі автотұрақ орындарын бақылай алмайды.
«Алматыда қазір электр машиналары сәнге айналып тұр. Бүгінде «Медеу» паркінде тіркелген көлік саны 600-ге жуықтады. Былтыр ғана бұл сан 60 машинаның айналасында болған. Екі жылдан кейін көрсеткіш 10 мың бірлікке дейін жетуі мүмкін. Осындай ағынды парк қалай бақылай алады?», деп сұрақ қойды Blu Sky ЖШС тасымалдаушы компанияның өкілі.
Өз тарапынан «Медеу» ұлттық паркі директорының орынбасары Алмас Аттапханов аумақта тұрақ орындарының саны шектеулі екенін растады. Электрмобильдердің бір бөлігі «Медеу» паркі арқылы «Шымбұлақ» тау шаңғы курортының мейрамханаларына транзитпен өтеді.
«Егер демалыс күндері жұрт Медеуге жаппай ағылатын болса, онда көліктерді жұп және тақ сандар бойынша кіргізу туралы ойлану керек шығар? Қазір мұндай мәселе тұрған жоқ. Өйткені мұндай ағын әзірге жоқ. Келер шақта бұл мәселеге қайта оралуымыз керек», дейді Н.Әшірбеков.
Меморандум арқылы мегаполис кәсіпкерлері «Медеу» паркінде тасымалдау ісімен айналыса алады.
АЛМАТЫ