28 Мамыр, 2010

ҮКІМЕТ

701 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін
(жалғасы) өңірлер САННАН САПАҒА КӨШЕТІН КЕЗ Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың Сол­түстік Қазақстан облысына жұ­мыс сапары  көктемгі егіс на­уқаны­ның нағыз дүбірлі шағымен тұспа-тұс келді. Бұл кезде Қызылжар өңірінің диқандары белгіленген 300 мың гектар ал­қапқа майлы дақыл­дарды орна­лас­тырып,  дәнді дақылдардың 50 пайызын сеуіп үлгірген болатын.  Министр мен облыс әкімі Серік Біләлов Қы­зылжар, Аққайың және Тайынша аудандарының егіс танаптарын аралап, дала жұ­мыстарының атқарылу бары­сымен жан-жақты танысты. Қы­зылжар ауданындағы “Сервис-Жарс” ЖШС-нің ди­ректоры Сергей Клименко тұқым себу ба­рысының тыңғылықты атқары­лып жатқанын баяндап берді. Шаруашылық жетекшісі бүгінге дейін 5 мың гектар алқап­қа бидай өсіріп келсе, енді бір мың гектарына майлы дақылдар егуді ұйғарыпты. Былтыр бидай сатуда бірталай қиындықтар кезікті. Бір ғана дақыл өсірумен табысқа жетпейтінімізге көзіміз жеткен­нен кейін осындай шешім­ге келдік. Одан ұтпасақ, ұтылмай­мыз, деді ол. Ақылбек Қажығұл­ұлы  оның егіншілікті әртарап­тандыру баста­масын қолдай келіп, биыл елімізде 1,4 миллион гектар жерге майлы дақылдар егі­летінін мұның өзі кеңестік кезең­де болып көрмеген көрсеткіш еке­ніне екпін түсіре айтты. Әлем­дік рынокта майлы дақылдарға деген сұраныс артып отыр. Және де бидайға қарағанда бес есе қымбатқа  сату­ға болады, деді ми­нистр. “Әби-Жер” серік­тестігінің егіншілері де   зығыр, күнбағыс, рапс секілді дақылдар­дың үлесін көтеруге ын­таланып  отыр­ғандарын жасырмады. Солтүстік Қазақстан облыстық тәжірибе шаруашылығында ғалым­дармен, ірі агроқұрылым басшыла­рымен өткен кеңесте министр көк­темгі егіс науқанын ұйымшыл­дық­пен өткізу кезек күттірмес  келелі мәселе екеніне назар аударды. Егіншілікті әртараптандыруды бірінші кезектегі міндет етіп қойды. Сіздердің  бұл жөніндегі ұсыныс­тарыңызды қолдаймын. Енді сан­нан сапаға көшетін мезгіл жетті. Бұл – әлемдік рынок талабы. Сонда ғана бәсекеге төтеп береміз. Өкініштісі сол, астық сапасы бізді толық қа­нағат­тандырып отырған жоқ. Мәселен, Қытай балуызы 28 пайыздан кем емес астықты ғана  сатып аламыз деген талап қойып отыр. Мұндай астық  көлемі Солтүстік Қазақстан облысында 15 пайызды ғана құрайды. Сондықтан,  топырақ құнарын сақтау, тұқымды талапқа сай сіңіру, минералды тыңайт­қыштармен, гербицидпен қорек­тендіру, арам шөптермен, егістік зиянкестерімен күрес жұ­мыстары  жоғары технологияларға сай болғаны жөн. Сонда ғана  сапа­лы астық өсіріп, экспорттық үлесті ұлғайта аламыз.  Биыл алыс-жақын шетелдерге 6 миллион тоннадай  Қазақстан астығы сатылды. Күзге дейін тағы 3 миллион тонна жөнелтетін боламыз. Бұдан кейін министрдің жолы даңғайыр диқан, Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченконың шаруашылығына түсті. Мұнда егіншілік мәдениетін жетілдірудің, өндіріске ғылым жаңалықтарын енгізудің арқасында жылда бітік егін  өсіріледі. Биыл  гектар береке­лілігін 20-25 центнерден кемітпеу міндеті тұр. Геннадий Иванович істің дұрыс жолға қойылғанын айта келіп, 10 мың тонна астықтың әлі қоймада жатқанын қынжыла айтты. Сапасына  еш кінәрәт қоя алмай­мыз. Тіпті бағаның көтерілуін күтіп те отырған жоқпыз. Қабырғамызға қатты бататыны, астықты сатып алу бағасы ала жаз бойғы есіл еңбек өз шығынан ақта­майды, деді ол диқан қауымының көкейіндегі проблема­ны қозғап. Бидайдың өзіндік құнын 80-90 доллар деп есептеген-нің өзінде екі арадағы делдалдар бағаны тіпті құлдыратып жібереді. Осыған Үкімет тарапынан бір тосқауыл қажет. Министр ас­тықты  сатып алу, сапасын арттыру, тағы басқа  мә­селелердің жан-жақты ойластыры­лып жатқанын, соның бір мысалы ретінде  элева­тор­ларды көбейтудің қолға алынғанын атады. Биыл  жа­лпы сыйым­ды­лығы 700  мың тонналық  бірнеше элеватор  салу ұйғарылса, солардың 4-уі Сол­түстік Қазақстан облысына тиесілі көрінеді. Мұндай бастаманы жиынға қатысқандар құптай қарсы алды. Өйткені, былтырғы тәжірибе  астық сақтау саласындағы кем-кетікті анық байқатты. Өндірілген астықты қайда сиғызарын білмей талайлар дал болды.  Оның үстіне астықтың тым ылғалдылығы сал-дарынан кептіру бағасы да ша­рықтап кетті. Облыстағы 47 элеватор 3 миллион тоннадай ас­тықты ғана қабылдай алады. БАҚ өкілдерімен өткен бри-фингте А.Күрішбаев  2 миллион тонна астық  жарамсыз болып, еш қажетке жарамай қалды деген қауесетті жоққа шығарды. Мұндай алыпқашпа сөздердің еш шын-дыққа жанаспайтынын ашық мәлімдеймін.  60-70 мың тоннадай астықтың есептен шығарылғаны рас. Астық өндірісінде техникалық шығын болмай тұрмайды. Алда  астық өндірісі сапасын арттыру жөнінде нақты шаралар тұр дей келіп, тұтастай алғанда, солтүстік аймақтарда көктемгі дала жұмыстарының ұйым­шылдықпен атқарылып жатқанына риза­шы­лы­ғын білдірді. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы. ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІКТЕН АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІНЕ ДЕЙІН Соңғы жылдары Батыс Қа­зақстан облысында энергетикалық тәуелсіздікке толық қол жеткізу мақсатында нақты жұмыстар атқарылып келеді. Орал қаласы төңірегінде Зеленов ауданы Новенький ауылында салынып жатқан газ-турбиналы электр стансасы соған дәлел. Жақында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхам­бетов станса құрылысымен тағы бір танысуды жөн көрді. Бұл жобаның өңір үшін маңыз­ды екендігіне шүбә жоқ. Оның республикалық индустия­ландыру картасына енгізілуі де сондықтан. Құрылысы өткен жыл­дың қыр­күйек айында басталған станса сағатына 54 МВт. электр қуатын өндірумен қатар, озық технологияның арқасында жы­луды босқа ысырап қылмай, қалдықсыз өндірісті де жолға қоймақ. 75 Гкал. мөлшеріндегі қуат Орал қаласында жаңадан салынып жатқан 8, 9-шағын аудандарды жылумен қамтамасыз етуге жұмсалмақ. Жобаның жалпы құны – 6,4 млрд. теңге. Мердігер “Орион строй­сервис” компаниясы дирек-торының орынбасары Сәлімжан Құбаевтың сөзіне қарағанда, қа­жетті құрал-жабдықтар толығымен сатып алынған. Бүгінгі таңда за­лалсыздандыру қазандығы орна-тылып, генератор, электрқоз-ғалтқыш, редуктор қондырғы­ларын құрастыру жұмыстары жүргізілуде. Газ-турбиналы стан­саның алғашқы агрегаты шілде айында іске қосы­лып, сағатына 18 МВт. өнім өндіре бастайды. Стансаның үш бірдей агрегаты желтоқсан айында толық қуатта пайдалануға берілмекші. Қазір құрылысқа 120 адам  тартыл­са, кейін өндіріс орнына 48 адам тұрақты жұмысқа қабылданбақ. Бүгінде облыс электр қуаты­ның үштен бірін көршілес Ресей­ден алады. Шыны керек, өңірдегі электр қуатының бағасы респуб-ликаның өзге аймақтарымен са­лыстырғанда едәуір арзан. Алайда ресейлік қуат берушілердің соңғы жылдары бағаны бірнеше есеге көтеруі оңай тиген жоқ. Сондықтан аталмыш жобаны іске қосудағы басты мақсат –  облысты барынша арзан электр қуатымен қамту. Облыс басшысы құрылыс ба­сында болған кезінде электр қуа­тының белгілі бір бөлігі Ресейден әлі де сатып алынатынын жасырған жоқ. Бұл оңтүстік аудандарға қатысты жәйт. Себебі, сол аудан­дарға электр желісі Ресей аумағы­нан тартылғандықтан, қажетті 10 МВт. электр қуаты сатып алынады. Басқалай шаралардың бәрі кезе-гімен атқарылып жатыр. Соның ішінде аталмыш стансаға қажетті газды арзан бағаға алу жөнінде кезінде “Жайықмұнай” компания­сымен келісімге қол қойылған бола­тын. Бұл электр қуатының бағасын қымбаттатпауға мүмкіндік береді. Өңірде Елбасы тапсырмасына сәйкес басқа да өндірістік жобалар үнемі назарда. Соның бірқатары осы Зеленов ауданында жүзеге асырылуда. Облыс басшысы бұл құрылыстардың да барысымен танысып, жобаларды мерзімінде іске қосу керектігіне баса мән берді. Мәселен, Янайкин ауылында “Кроун Батыс” ЖШС салып жатқан 8640 басқа арналған мал бордақылау кешені – республикадағы осындай екі орынның бірі. Оның жоба­лық құны 3 мил­лиардтай теңгені құрайды. Ет өнім­дерімен облыс халқын қамтып қана қоймай, оны шетке шығаруды көздеп отырған кешен көп ұзамай пайдалануға берілмек. Неміс технологиясына негізделген кешен толық қуатымен жұмыс істегенде, жылына 3454 тоннадай сапалы ет өндірмек. Сонымен қатар 120-дай жергілікті тұрғын жұмысқа тарты-лады. Сол секілді Көшім ауылында бой көтеріп жатқан мия тамырын өңдейтін зауыт та іске қосылатын болады. Щапов ауылында ешкі сүтін өңдейтін ферма да  маңыз­ды нысандардың бірі. Оны “ҚазАгро” АҚ арқылы қаржылан-дыру қарастырылуда. Сондай-ақ, 12 мың басқа арналған шошқа кешені биылғы жыл аяғына дейін салынып бітпек. Польша технологиясына негізделген, құны 350 млн. теңге тұратын бұл нысанды қаржылан­дыру мәселесі  шешілген. Осының бәрі  өңірдің азық-түлік қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету бағытында қолға алынып жатқан жобалар. Сондықтан облыс басшысы бұл маңызды мәселелердің үнемі назарда болатынын жеткізді. Темір ҚҰСАЙЫН. АРЗАН ГАЗ АУЫЛҒА ДА БАРАДЫ Таяуда облыс әкімдігінде облыс әкімі Болатбек Қуандықов, “ҚазГерМұнай” БК ЖШС бас директоры Лю Чжи, осы серіктестік бас директорының бірінші орынбасары Біржан Дүйсембеков, облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов, “Арал Газ” ЖШС директоры Ғалым Жасымбеков, “LPG – Оңтүстік” ЖШС директоры Жанат Досанова және “Байқоңыргаз” ЖШС директоры Жолмырза Райсов арасында облыс тұтынушыларына арзан сұйытылған газ жеткізіп беру туралы меморандумға қол қойылды. Қол қою рәсімін ашқан облыс басшысы жақында ғана “Торғай-Петролеум” және  “ҚазГерМұнай” мұнай компанияларымен осындай меморандум жасалғанын атап өтті. Соның ішінде “ҚазГерМұнай” компаниясының алар орны бөлек. Өйткені, бұл компания Қызылорда қаласын газдандыру жұмысы басталғалы бері оған тікелей атсалысып келеді. Бүгінде ол газды өндіру мен оны сұйылтуды жүзеге асыруда. Жалпы, мұнай өндірумен айналысатын төрт компания билік бастамасына ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Міне, тағы да осы газды өндіріп, өңдеуші және оны тасымалдаушы кәсіпорындармен “көгілдір отынды” арзан бағаға жеткізіп беруге келісім жасалып отыр. Бұл облыс халқының әлеуметтік ахуалын жақсартуға айтарлықтай септігін тигізді. Расында, Жаңақорған ауданында бүгінгі күнге дейін кіші газ баллоны 1 мың, ал үлкен баллон 2 мың теңгеден сатылған. Шиелі, Қазалы, Арал және Қармақшы аудандарында да газ бағасы осы шамалас. Ал, Төретам және Ақай кенттеріндегі газ бағасының бір килосы 95 теңгеден сатылды. Осы келісімге сәйкес бұл жерлердегі кіші баллонды – 620, үлкенін 1240 теңгеге дейін арзандатуға қол жеткізілді. Сонымен қатар өткенде Байқоңыр қаласына барғанда онда да газ бағасының қымбаттығына көз жеткізгенбіз. Ал ол жердегі халықтың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар. Сондықтан да оларды арзан газбен қамтамасыз ету жайы да басты мәселенің бірі болып отыр. Жалпы, қол қойылған меморандумға байланысты газ бағасының килосын 62 теңгеден асырмауға келісілді. Қызылорда қаласында оның бағасы 40 теңге. Яғни, еліміз бойынша алғанда ең арзан газ Сыр елінде. Бұл Елбасының тапсырған міндеттемесінің нақты жүзеге асып отырғанын көрсетеді. Сонымен қатар орайы келгенде бір нәрсені айта кеткен де дұрыс секілді. Ол “Арал Газ” ЖШС тұтынушыларға жеңілдік жасау мақсатында үлкен іс атқарып отыр. Атап айтқанда, газдың өзіндік құны жоғары. Оның тасымалдау, тиеп-түсіру, жұмыс­шылардың еңбекақысы секілді шығындары көп. Соған қарамастан серіктестік газдың бағасын көтермеуді мойнына алған. Сөз ретінде облыс басшысы мұнай компа­нияларының барлық бастамаларға ықпал етіп, көмек көрсетіп келе жатқанын жеткізді. Нақтырақ айтқанда, облыс басшылығымен меморандумға отырған “Саутс Ойл” компаниясы қазіргі заман талабына сай теннис орталығын салуға кірісті. Ол биылғы желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Келесі жылы тағы да төрт кешен салу жоспарда бар. Осындай жақсы бір істі газ тасымалдаушы үш кәсіпорын да қолға алып отыр. Ол облыстың барлық аудандары мен ауылдарында тұратын халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізбек. Осы орайда облыс басшысы “ҚазГерМұнай” компаниясының игілікті істері туралы тағы да бір айтып өтті. Соның ішінде бұл компания қаладағы орталық алаңды қайта жаңғыртты. Мемлекеттік рәміздерді алуға көмек көрсетті. Н.Бекежанов атындағы театрды күрделі жөндеуден өткізуге атсалысты. Айта берсе, компанияның мұндай істері көп-ақ. Ал ең бастысы, ол қалаға газ құбыры мен 420 млн. текше метр “көгілдір отынды” жіберуді жүзеге асыруда. Қазір оның екінші кезеңі жүргізілуде. Бұл жұмыс аяқталғанда халықтың жағдайы едәуір жақсаратын болады. Алдағы жұмыс жоспарында облыс аумағында барлық май құю бекеттерін газға көшіру де ойда бар. Көлікті “көгілдір отынға” көшіру ең алдымен экологиялық ахуалды сауықтырса, екінші жағынан, оларды арзан отынмен қамтамасыз етуге қол жеткізіледі. Бүгінде “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық транзиттік автожолы салынып жатқанын ескерсек, бұл шара облыстың әлеуметтік-экономи­калық дамуына айтарлықтай үлес қосатын болады. Өз кезегінде меморандумға қол қоюшылар атынан сөз алған Лю Чжи мен Жолмырза Райсов облыс басшылығына ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін ризашылықтарын білдірді. Аймақ халқының әлеуметтік ахуалын жақсартуға бағытталған мұндай бастамаларға мұнай компаниялары мен тасымалдаушы кәсіпорындар қолдан келетін барлық мүмкіндіктерін жасайтындықтарын жеткізді. Еркін ӘБІЛ,  ҚЫЗЫЛОРДА. СЕРІКТЕСТІКТЕГІ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЖЕЛІ “Нитрохим” корпорациясына қарасты Алға қаласындағы “Нитрохим”  ЖШС жаңа өн­дірісті пайдалануға берді. Облыс әкімінің  орынбасары Роза Кемалова мен “Нитрохим” корпорациясының президенті Хакім Истамов символдық лентаны кесті. Содан кейін арнау­лы тетікті басып, “Аммонит 6 ЖВ” жарылғыш заттарын шығаратын жаңа технологиялық желіні іске қосты. Бұл – облыста еліміздің индустриялық-инновациялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырған “Рамазан” құс фабрикасынан кейінгі екінші жоба. Жалпы, “Нитрохим” ЖШС еліміз бойын­ша жарылғыш заттар шығаратын бірден-бір кәсіпорын. Сондықтан да оның өнімдеріне сұраныс жоғары. Сол себепті де жаңа өндіріс Қа­зақстанның үдемелі индустриялық-иннова­циялық бағдарламасына енгізілген. Әсіресе, тау-кен өнеркәсібі қарқынды дамып отырған біздің облыстың жарылғыш заттарға деген қажеттілігі күн санап артып келеді. Мұның өзі кәсіпорын­ның  өнімдерін өткізетін рынок іздеп әуре болмайтынын аңғартса керек. Бұған дейін “Аммонит  6 ЖВ” жарылғыш заттарын шеттен алып келген облыстағы тау-кен өнеркәсібі кәсіпорындары енді ат сабылтып, артық қаржы шығындап көрші Ресейге көз салмайтын болды. “Аммонит  6 ЖВ” жарыл­ғышын ТМД елдері арасында тек Ресей ғана шығарады екен. Алайда, ол 32-90 см. көлемінде қағаз қорапты патрон түрінде өндіріледі. Ал, серіктестіктің өнімі полиэтилен дорбада шығарылады. Бұл сулы ұңғымаларда, шахталарда пайдалануға қолайлы.  Күні кешеге дейін “Нитрохим” ЖШС  жарыл-ғыш заттар­дың небәрі үш-ақ түрін шығарып келсе, тұсауы кесіліп отырған өндіріс бәсекелес-тікке қабылетті жарылғыш заттардың қырыққа жуық түрін өндіруге мүмкіндік береді. Бұл жобаға 75,0 млн.теңге инвестиция салыныпты. Кәсіпорын еліміздің жылына қажет етіп отыр­ған 4 мың тонна өнімін артығымен жабады. Мұның өзі 100 пайыз импорт алмастыру және қазақстандық үлесті ұлғайту болып табылады. Жаңадан іске қосылған өндірістің жылдық қуаты әзірге 400 тонна осындай жарылғаш зат шығаруға жетеді. Болашақта қосымша қондырғылар сатып алу арқылы оның көлемін арттыруға бағыт ұсталуда. Жаңа өндіріс патрондық жарылғыш зат-тарды  тапсырысшылардың сұранысы бойын-ша шығарады. Өндірістің  іске қосылуымен жаңадан 50 жұмыс орны ашылған. Мұнда өнімге тапсырыс беретін әріптестер арасында іскерлік қатынастарды жүйеге түсіру жұмыс-тары да қолға алынған. Алайда, өнім өткізуге байланысты жергілікті биліктің де көмегі қажет. Облыстың атқарушы билігі бұл бағытта барлық мәселелер бойынша қолдау болаты­нына сендіріп отыр. Мұның өзі көңілге демеу, әрине. Зауыт құтылы тротил шығаруды қолға алмақ. Сондай-ақ, жиналып қалған әскери мақсаттағы жарылғыш заттарды қайта өңдеуді де жолға қоймақ. Ол үшін осы жұмыстарға жарияланатын тендерді ұтып алу қажет. Хакім Исламұлының айтуынша, зауыттың бірегейлігі сол – еліміздегі әскери салада мерзімі өткендіктен жоюға жататын тротилді қайта өңдеп, жаңа өнімдер шығаруға мүмкіндігі мол. Тендерді ұтқан жағдайда, өздерінің өнімдерінің өзіндік құнын арзандатуға алғышарт жасалады және 200 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ, жақын күндерде мұнда эмулсионды жарылғыш заттар шығаруға қол жеткізілмек. Ол үшін америкалық ауыр жүк мәшинесіне орнатылған жылжымалы кешен сатып алынған. Бұл – осындай өнімді шахта, карьер, ұңғы сияқты жару жұмыстары жүргізілетін жерлерде тікелей дайындауға  қолайлы. Кәсіпорында өндірісті кеңейтудың басқа да жолдары қарастырылуда. Ондағы мақсат – осы өндіріс алаңында Қазақстандағы жарылғыш заттардың барлық түрін шығаратын алғашқы комбинат құру болып табылады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы. ҚҰРЫЛЫСҚА ҚҰНТТЫ КӨЗҚАРАС Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жол­дауында халықты сапалы әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету бағытын­дағы міндеттер айқындал­ғаны белгілі. Тапсырманы жүзеге асыру мақсатында Үкіметтің бастамасымен бүгінде сәулет-құрылыс саласын жандандыру жедел қолға алынған. Бұл бір жағынан қазақстан­дықтар­дың әлеуметтік жағдайының оң шешілуіне өзіндік ықпал етпек. Бағдарламаны орындау­шы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Құ­ры­лыс және тұрғын үй-ком­му­налдық ша­руашылық істері агент­тігі таяу жыл­­дары са­ладағы нақ­ты шара­лар­ды жүзеге асы­ратын жұмыс то­бын құрып, оның алғаш­қы кеңесі Талдықорған қала­сында өтті. Кеңесте әңгіме “Құрылыс индус­трия­сы мен құрылыс мате­риалдары өндірісін дамы­тудың 2010-2014 жылдарға арналған са­лалық бағдар­ламасы” төңі­регінде өрбіп, оның міндеттері мен мән-маңызы ашып көрсетілді. Индустрия және жаңа тех­нологиялар минис­трлігінің Өнеркәсіп комитеті төра­ғасының орынбасары А.Жұ­мағұлов, Құрылыс және тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылық істері агенттігі төрағасының орынбасары Ж.Әкімжанов бастаған жұмыс тобының мүшелері аталған бағдарла­маны орын­дауға байланыс­ты өңірдегі сәулет-құрылыс саласын жандандырудағы міндеттерді саралады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Амандық Бата­лов облыста тасқыннан зардап шеккен Қызылағаш пен Егінсуды, Ақтоған елді мекендерін қоспағанда биыл 610 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетінін жеткізді. Осыған аталған үш ауылда салына­тын 40 мың шаршы метр баспананы қосса, ағымдағы жылы саладағы атқарылатын жұмыстар ауқымды болмақ. Өңірде “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасымен білім саласындағы нысандар толығымен іске қосылса, денсаулық сақтау саласын­дағы бірнеше аурухананың құрылысы аяқталуға жақын. Талдықорған қаласының оңтүстігіндегі әмбебап спорт сарайы мен зияткерлік мек-теп осы күзде пайдалануға беріледі деп күтілуде. Со­нымен қатар “Балапан” бағ­дарламасымен 2014 жылға дейін 121 балабақша құры­лысын бастап, пай­далануға беру көзделген. Нәтижесінде 2014 жылы бүлдіршіндерді балабақ­шамен қамту жайы едәуір жақсармақшы. Осы жұмыстардың тиянағын келтіру мақсатындағы құрылыс индустриясы мен құрылыс материалдарын шығаратын нысандардың жұмысы ұтымды үйлесті­рілген. Қа­зіргі кезде өңірде ірі 50 кір­піш зауыты өз жұ­мыстарын үздіксіз жалғас­тыруы осыған дәлел. Құрылыс саласын қар­қынды жүргізумен қатар жиында оның сапасына ерекше мән беру қажеттігі ортаға салынды. Жалпы Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы Үкіметке тапсырылған индустриялық-инновация­лық жобалардың жүзеге асырылуына байланысты жұмыстарды жүйелеу ай­қындалды. Бағдарламаны таныстырудан кейін сәулет-құрылыс саласы жетекшілері мен кәсіпкерлер, мердігер­лердің сұрақтарына жауап беріліп, құрылыс пен сәу-летке қойылатын талап, жобалау ісін реттеу мәсе-лелер де кеңінен сөз болды. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. ТИІМДІ ЖОБАҒА ҚАРЖЫ ТАБЫЛАДЫ Ауыл шаруашылығының да, ауылдың да еңсесін инвести­циялық жобалар көтереді. “Қа­зАгро” ұлттық басқару холдингі”  акционерлік қоғамы басқар­масының төрағасы Асылжан Ма­мытбеков  және  “Каз­агр­о­финанс”, “Мал өнімдері корпо-рациясы”, “Аграрлық кредиттік корпорация” акционерлік қоғам­дарының жетекшілері, Қостанай облыстық әкімдігі және ауыл-шаруашылығы басқармасының басшылары мен мамандары  об-лыстағы жүзеге асырылып жатқан инвестиялық жобалардың бірқа­тарын аралап көрді.  Ауылшаруашылық өнімдерін ұқсататын кәсіпорын­дардың қуаты да, маз­мұны да әртүрлі.  Федоров ауда­нындағы Шаңдақ ауылында  “Тұрар” жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі  1 мың бас сауынды сиыр ұстайтын ірі қара фер­масының құрылысын жүргізуде. Бұл алдымен  ауылдағы ағайынға 20 жұмыс орнын ұсынатын бо­лады, сонымен қатар  сүт зауыт­тарының да қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Ал Қарабалық ауданындағы  құс фабрикасы бройлер етін өндіруге бағытталған.  2 957  миллион теңге қар­жыға түсетін  кәсіпорын жылына 12 мың тонна құс етін өндірумен қатар, 150 қосымша жұмыс орнын да қамтамасыз етеді.  Ал Қостанай ауданындағы Жданов селосына орналасқан құс фабри­касы бройлер етін өндіріп қана қоймай,  оны ұқса­татын болады. Қостанай ауданының орталы­ғындағы “Қарасу-Ет” жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігі салып жатқан  мал сою және ет өңдеу  кешені жылына 5,4 мың тонна етті түрліше ұқсататын болады. Ал Қостанай ауданының Крас­нопартизан поселкесінде “Ер­мек и К” жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі жарты жылдан кейін 6 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасын іске қоспақ. Міне, осының барлығы да “ҚазАгро” акционерлік қоғамының қаржы-ландырылуының арқасында мүмкін болды. Жалпы, Қостанай облысында өткен  2009 жылы “КазАгроның” қар­жыландыруымен 8 инвести­циялық жоба іске қосылған болатын. Міне, осы жылдың аяғына дейін 9 жоба тағы да жүзеге асады. Оның бар­лығына 13 миллиард теңге жұмсалды. –Жеңілдікпен берілетін “Қаз­Агро­ның” несиесі өте қолай­лы. Соның арқасында  көкөніс сақтайтын қой­маның құрылысы жарты жылда бітіп қалатын болды. Ал өз өңірімізде өсірген  картоп пен  капустаны, басқа да көкөніс түрін сақтап, қыста тұты-нушыларға  ұсынамыз. Бұл әрі оларға арзан әрі  оның нәрі де жақсы сақталады. Біздің жабдық­тар мен техникалардың барлығы да Гер­маниядан алынған, – дейді кәсіпкер Төлеген Жайлаубаев. Кәсіпкерлермен кездесуде облыс әкімінің орынбасары Нұ­ралы Сә­дуақасов жүзеге асқан  инвестициялық жобалардың барлығы да өңір экономика­сының көтеріліп, азық-түлік молшылығын жасауға қосар үлесі мол екенін атап көрсетті. Соны­мен қатар құс фабрикалары мен ет, сүт өңдейтін кәсіпорындар  облысқа ағылып келіп жатқан импорттық тауарларды алмас­тыратын болады. “ҚазАгро” ҰБХ”  АҚ-тың басқарма төрағасы  А.Мамытбеков қаржыны  ауыл шаруашылығы үшін маңызды бастамасы бар және  кепілдік бұйымы жеткілікті, құжаттарды дұрыс толтырған, ең бастысы бизнес-жоспарды сауатты жасаған кез келген кәсіпкердің ала ала­тынын тағы да еске салды. Төраға қаржы жұмсайтын кәсіпкер өзі  жасаған бизнес жоспарының тиімділігін алдымен ескеруі қажеттігін де ескертті. – Кәсіпкерлер  бірден  1000-2500 бас сиырға арналған тым қуатты  кешен салмай-ақ, істі шағыннан бастаған дұрыс. Қазақстанда жылына бес миллион тоннадай сүт сауылады, соның тек 1,5 миллион тоннасы ғана өң­деледі. Сондықтан тұрғындардың қолындағы сүтті жиып алатындай шағын сүт өңдеу зауыттарын  ашу жағын да ойластырғаны дұрыс,–деді ол. –Қостанай облысында жылына 600 мың тонна сүт өндірілсе, соның 120-125 мың тоннасы ғана өңделеді. Яғни, облыста осы  іс қолға алуға сұранып тұр деген сөз. Бүгінге дейін Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласында  50 мил­лиард теңгеге инвести­циялық жобалар жүзеге асыры­луда. Бұл қаржы жыл аяғына  дейін 60 миллиард теңгеге дейін жетеді. Ал А.Мамыт­бековтің айтқанындай,  “ҚазАгро” АҚ  қар­жыландыруды мұнымен шектемейді. Ауылша­руашылық өнімін өндіретін, ұқсататын және бәсе­кеге қабілетті  тауар­лар шығаратын тиімді жобаларға  несие қашанда беріледі. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, ҚОСТАНАЙ. БАҒА – ТАУАР  МОЛШЫЛЫҒЫНА  ТӘУЕЛДІ Жергілікті атқарушы органдар күнделікті қажетті тауарлар бағасын тұрақтандыруға бағыт­талған жұмыстарды белсенді жүргізіп отырғандығы белгілі. Мәселен, облыста құрылған арнайы комиссия мен үйлестіру штабы тұрақты жүргізілетін мониторинг арқылы бағаның шектен тыс ауытқуына жол бермеуде. –Бағаның тұрақтылығы тауар­лардың молшылығына байла-нысты, — дейді Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров. Бізде қазір өсімдік майының 340 тоннасы, қанттың – 398, күріштің – 489, макаронның – 414, картоптың – 5921, ұнның 3610 тоннасы қорланып отыр. Бұл тағамдар 60 күннен бір жылға дейін жетеді деп есептелуде. Сондай-ақ, облыс әкімдігі мен әлеумет­тік маңызды тауар өнді­рушілер ара­сында 172 ме­морандумға және бағаның өсуіне жол бермеу жөніндегі келісімдерге қол қойылған. Осының нәтижесінде қаңтар-сәуір айларында 265 миллион теңгенің тауарлы өнімі айналымға жос-пардан тыс қосылды. Ақмолалықтардың облыс орталығы мен Астана қаласында апта сайын ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесін өткі-зу­ді дәстүрге айналдыруы да бағаның шарықтауын тежеп отырғанын айтуымыз керек. Мұнда ұсыным да мол, баға да 25-30 пайызға төмен. Сонымен бірге жәрмеңкелер ауыл еңбек­кер­лерінің өнім түрлерін көбейтуіне, бәсекелестікті күшейту бағы­тындағы құлшынысын арттыруға әсер етумен қатар, жалпы­халықтық демалыс пен көңіл көтеру шараларына ұласып кететіні көңіл сүйіндіреді. Бірақ, жәрмеңкелерде тір­келген баға өлшемі жалпы ин­фляция деңгейіне  әсер етпейтіні, облыстағы тұтыну бағасының индексі облыс орталығы Көк­шетау қаласының, курортты Бурабай және Зеренді аудан­дарындағы баға өлшемімен есептелетіні түсініксіз. Ал, облыс халқының 70 пайызы мекендейтін өзге аудандардағы бағаның төмендігі ескерілмей отыр. Бақберген  АМАЛБЕК, Ақмола облысы. Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары Қазақстан Республикасының Үкіметі          www.government.kz Ішкі істер министрлігі       www.mvd.kz Қорғаныс министрлігі      www.mod.kz Қоршаған ортаны қорғау министрлігі         www.eco.gov.kz Білім және ғылым министрлігі       www.edu.gov.kz Сыртқы істер министрлігі               www.mfa.kz Денсаулық сақтау министрлігі      www.mz.gov.kz Көлік және коммуникация министрлігі      www.mtk.gov.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі               www.enbek.gov.kz Қаржы министрлігі           www.mіnfіn.kz Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі              www.mіnplan.kz Әділет министрлігі             www.mіnjust.kz Төтенше жағдайлар министрлігі   www.emer.kz Мәдениет министрлігі      www.sana.gov.kz Байланыс және ақпарат министрлігі                                                           www.bam.gov.kz Ауыл шаруашылығы министрлігі                www.mіnagrі.kz Экономикалық даму және              www.mіnplan.kz сауда министрлігі - Туризм және спорт министрлігі    www.mts.gov.kz Мұнай және газ министрлігі          www.memr.gov.kz Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі                         www.mіt.kz Статистика агенттігі                   www.stat.kz