30 Мамыр, 2014

Ұзақ жолдың бастауы

400 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес қорытындысына арналған панельді сессия дөңгелек үстел отырысымен жалғасты. Оған М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дің Пост­кең­естік кеңістікте қоғамдық-саяси үдерістерді зерт­теу орталығының директоры Сергей Раке­да ­мен «Халықаралық энергия саясаты» орта­лы­ғының жетекшісі Юрий Солозобов қатысты. Бұл күндері әлемнің әйгілі БАҚ-тары Астанаға көзін қадап, қол қойылған тарихи құжаттың мән-мағынасын талдау үстінде. Соның айғағындай, Астанаға атбасын әдейі тіреп, осында болып жатқан айтулы оқиғадан репортаждар әзірлеуге жан-жақтан журналистер ағылды. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес қорытындысына арналған панельді сессия да журналистер назарынан тыс қалмады. ЕАЭО туралы шартқа қол қойыл­ғаннан кейінгі қазақ­стандық және шетелдік сарап­шылардың қатысуымен өткен панельді пікірталас барысында М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дің Посткеңестік кеңістікте қоғамдық-саяси үрдістерді зерттеу жөніндегі ақпараттық-талдау орталығының директоры Сергей Ракеда өз пікірімен бөлісті. Ол шартқа қол қойылғаннан кейінгі алда тұрған міндет ЕАЭО имиджін қалыптастыру мен атқаратын міндетін түсіндіруде жатқандығын айтып өтті. «Менің көзқарасым бойынша, бүгінгі шарт белгілі бір кезеңнің аяқталуы ғана емес, жаңа ұзақ жолдың басталуы да. Осыған орай, алғашқы қадам жасалды. Ендігі жерде бізді жаңа істермен қатар, ортақ шешетін мәселелер де күтеді», деді ол. Оның айтуынша, еуразиялық интеграцияның дамуын бағалау ішкі ілгерілеудің көрсеткішімен ғана өлшенбейді, сырттан берілген баға да осы жауапкершілікті арқалайды. «Бұл жерде айта кетер басты мәселе, бүгінгі еуразиялық интеграцияның қандай сипатта екендігін түсінбеушілік пен ақпараттың жетіспеушілігі орын алуда. Бұл, әсіресе, Батыс, Еуропа елдеріне, сондай-ақ, саяси-сараптамалық қауымдастықтарға тән. Сондықтан бізге Еуразиялық экономикалық одақтың қандай сипатта екендігін түсіндіретін имидж қалыптастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз қажет деп ойлаймын», деді С.Ракеда. Дөңгелек үстел басында өз ойын ортаға салған «Ха­лық­аралық энергия саясаты» орта­лығының жетекшісі Юрий Солозобов: «Шартқа қол қою – барлығымыздың үлкен жеңісіміз, бұл – нақты салыстыра тексерілген интеграциялық қадам екендігін айтқым келеді. Біз көптен күткен Одаққа біріктік. Естеріңізге сала кетейін, Еуропалық одақ бұған 40 жылдың ішінде жетті, ал біз бірнеше есе жылдам уақытта қол жеткіздік», деді. Сарапшы, сондай-ақ, құрылып отырған Одақтың Еуроодақ пен Қытай сынды алыптар арасындағы ірі құрылым болып отырғанына тоқтала келіп, алып құрлықта ендей жатқан ЕАЭО-ның Еуропа мен Шығыстың арасын жалғастырудағы транзиттік мүмкіндіктерін жоғары бағалады. Сонымен қатар, ол жаңа құ­ры­лымда оны қолдану үшін барлық жағдай жасалғанын атап көрсетті. «ЕАЭО-ның тағы бір артықшылығы – шикізатқа тәуелділіктен арылу, шикізаттық емес индустриялы және экономиканың жаңа секторларын құру», деді Ю.Солозобов. Ол сарапшылар тобының үш елдің басшыларымен Тәуелсіздік сарайы жиынының сыртында сөйлесе алғанын да айтып өтті. «Жиын сыртында біз үш елдің президенттерімен сөйлестік. Үшеуі де риза. Президенттер парыздарын орындап, мақтаныш сезімде шықты. Олардың саяси көрегенділігі, табандылығы мен салмақты ақылынсыз бүгінгі мереке болмас еді. Президенттер біздің Одақ тек экономикалық екендігін атап өтті. Экономикалық шекарамен шектелу қадамы өте дұрыс. Әйтпесе, біз өзіміздің экономикалық проблемаларымызға «тұншығар» едік», деп ой түйіндеді сарапшы. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20