Сайлау • 20 Қараша, 2022

Ертіс-Баян өңірінде 528 сайлау учаскесі жұмыс істейді

263 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кезектен тыс Президент сайлауын өткізу үшін бүгін сағат 7.00-де Ертіс-Баян өңіріндегі 528 сайлау учаскесінің есіктері  ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ертіс-Баян өңірінде 528 сайлау учаскесі жұмыс істейді

Павлодар облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Аманжолованың айтуынша, жалпы өңір бойынша 542 сайлау комиссиясы құрылған. Оның 14-і аумақтық болып саналады. Өзгесі – учаскелік комиссиялар. Мұнда барлығы 3502 адам жұмыс істейді. Дауыс беру процесіне келер болсақ, азаматтар өз таңдауларын 528 сайлау учаскесінде жасай алады. Атап айтқанда, 138 учаске облыс орталығында, 65 учаске Екібастұз қаласында, 40 учаскеде Ақсуда және 285-і аудандарда орналасқан.

Сайлау күні өңірдегі 225 сайлау учаскесінде дауыс берушінің өтініші бойынша тіркеу орнын тексеру сервисі жұмыс істейтін болады. Ал тіркеуі жоқ тұрғындарға келер болсақ, олар үшін 6 сайлау учаскесінде қызмет көрсетіледі. Атап айтқанда, Павлодар қаласындағы № 11, 15, 51, 79, Екібастұздағы № 536 және Ақсу қаласындағы № 485 сайлау учаскелерінде мобильді халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыстары ұйымдастырылады. Яғни, тұрақты тіркеуі жоқ азаматтар осы сайлау учаскелерінде бір күндік тіркеуге тұрып, дауыс беру мүмкіндігін пайдалана алады. Ал келесі күні тіркеуден автоматты түрде шығарылады.

Бүгін қоғамдық көліктер жолаушыларды тегін тасымалдайды әрі инватакси қызмет көрсетеді. Денсаулық жағдайына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтар сағат 12.00-ге дейін сайлау учаскелеріне хабарласып, дауысты үйден беруге ниетті екенін білдіруі керек. Сол өтініш негізінде комиссия мүшелері тұрғынның үйіне барады.