Сайлау • 20 Қараша, 2022

Алғаш рет дауыс берген павлодарлық тұрғынға сыйлық берілді

267 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

18 жасқа толған павлодарлық тұрғын Сара Уақасова алғаш рет сайлау учаскесінде өз таңдауын жасап, ҚР Президентіне үміткерлерге дауыс берді. Сара - Торайғыров университетінің 1 курс студенті. Жас сайлаушы аударма ісі мамандығы бойынша білім алып жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алғаш рет дауыс берген павлодарлық тұрғынға сыйлық берілді

– Бүгін анам екеуіміз ала таңнан сайлау учаскесіне келіп, дауыс бердік. Елімнің болашағы үшін таңдау жасадым. Кішкене шағымызда әке-шешеміз дауыс беруге бара жатқанын көріп, біз қашан сайлауға қатысады екенбіз деп ойлайтынбыз. Алғашқы сайлауым болған соң бойымда аздап қобалжу бар. Біздің тобымызда 18 студент оқиды. Кәмелет жасына толған құрбы-құрдастарымның дауыс беруге деген ынталары зор. Жаңа Қазақстанның Президенті әділетті, халқының қамын жейтін азамат болуы керек деп ойлаймын, - дейді ол.

Өз құрдастарының алды болып келіп, таңдауын жасаған Сараға сайлау комиссиясының мүшелері естелік сыйлық табыстады.

№ 125 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Қорлан Омарова атап өткендей, сайлау учаскесінде 2191 адам дауыс береді. Соның ішінде 18 жасқа толған 10 азамат тіркелген. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға үйден дауыс беруге жағдай жасалған. Күндізгі сағат 12.00-ден кейін учаскенің екі мүшесі алдын ала берілген өтініштер негізінде үйден дауыс беретіндерге шығады.