Екібастұздағы № 573 сайлау учаскесінде Қазақстанның Еңбек Ері, шаһардың Құрметті азаматы Рышат Әмренов елдің алды болып келіп, дауыс берді.
- Бүгін отбасымызбен ерте ояндық. Көңіл-күйіміз тамаша! Сайлау учаскесіндегі халықтың ашық-жарқын жүзін, мұндағы көңілдің хошын ашатын ауанды көріп, қуанып отырмын. Келіп жатқан жұртта есеп жоқ, әсіресе, жастардың белсенділігін байқадым. Барлығы еліміздің болашағы, халқымыздың жарқын өмірі үшін таңдау жасап жатқаны сөзсіз. Қазіргі күні зейнетке шықсам да, елдің саяси өмірі мені алаңдатады. Түрлі халықаралық жағдайлар, елдер арасында болып жатқан жанжалдар Қазақстандағы бейбіт тіршілікті әрі қарай нықтай түсу қажеттігін аңғартады. Саналы азамат ретінде сайлауда өз таңдауымды жасап, Жаңа Қазақстанды құруға атсалысып жатқанымды мақтаныш тұтамын, - деп атап өтті Еңбек Ері.
Рышат Әмренов - даңқты шахтер, ұзақ жылдар «Шығыс» көмір кенішінде еңбек етті. Зайыбымен бірге отбасында 6 бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде 4 баласы мен 2 күйеу баласы әулет иесінің жолын жалғастырып, кеніште абыроймен қызмет етуде.