АСТАНА. 30 мамыр. Кеше Астанада тұсауы кесілген Еуразиялық экономикалық кеңес туралы әлем және отандық сарапшылар өз көзқарастарын білдіріп жатыр. Олардың басым көпшілігі кезінде көтерілген Еуразиялық интеграцияға ұмтылу негізінде пайда болған бір кездергі Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың нәтижесінде Еуразия экономикалық одақтың құрылғанын айтып отыр. Бұл туралы BNews.kz тілшісі хабарлады.
«Еуразиялық интеграцияға бағыт түзеген Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері арасындағы ықпалдасу жолын саралағандардың басымы осынау бірлестіктің осал болмайтынын, керісінше ХХІ ғасырдағы аса жетілген сауатты бірлестіктің жоғары деңгейі дүниеге келетінін айтады. Олар осыған байланысты болжанатын әлеуетті де естен шығармайды: Қазақстан, Ресей мен Беларусь мемлекеттерінің жиынтық ішкі жалпы өнімі шамамен 2 триллион долларды құраса, өндірістік әлеуеті 600 миллиард, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі шамамен 112 миллиард долларға, ал жалпы тұтыну рыногы 170 миллион адамға татиды. Ал тәуелсіздіктің сонау алғашқы жылынан бері осы жолды ту еткен Еуразиялық одақ идеясының авторы, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осыған орай: «Еуразиялық одақ – бүгінгі күн мен болашақтың күрделі сынақтарымен өлшенетін мегажоба. Оның қалыптасуы тарихтағы ең күшті жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстар ықпалымен басталған жаңа әлемдік архитектураның органикалық бөлшегі болудың барлық мүмкіндіктеріне ие» деген болатын.
Агенттік тілшісі бұдан әрі Елбасының әу бастан Қазақстанның шындығында жеке дара даму емес, керісінше, өңірлік лепке негізделген көршілестерімен бірлесе даму мәселелеріне ерекше жауапкершілікпен қарайтынын айқындағанын мәлім етеді. Нақ сол себептен Еуразия экономикалық одағын құруға бағыт ұсталды. Президент Н.Назарбаев Қазақстан, Ресей мен Беларусь секілді үш елдің тауарларды, қызметтер мен жұмыс күшінің нарығын біріктіруге ұмтылысы бұл, түптеп келгенде, бүкіл жаһандық экономиканың тек ұтысқа шығуына алып келетінін айтады. Демек, Еуразиялық одақтың келешегінде қауіпсіз әрі сенімді трансеуразиялық қысқа магистральдары бар тұрақты экономикалық ареал құрылады. Ақыр соңында болашақ Еуразия экономикалық одағына қатысушылар әлемнен оқшауланбайды, керісінше, барлық әлеммен ынтымақтастықты белсене жалғастыратын болады.
Әйтсе де, бүгінгі күні «Негізі қаланып жатқан Еуразиялық экономикалық одақ алдымен экономикалық па, әлде саяси одақ па?» деген сауалдар да көбірек естіліп қалады. Қазақ елінің лидері мұны: «әлемде еуразиялық интеграцияға «қырғи-қабақ соғыс» кезеңінің әбден көмескі тартып, тозған линзасы арқылы қарайтын саясаткерлер мен сарапшылар бар» деп түсіндіріп, бірақ «бұндай ескі оптика шындықты бұрмалап көрсететіндігін» айтқан еді. Сосын Президент былтырғы жылы өткен Еуразиялық медиафорумды былай мәлімдеді: «Қазақстан өзінің жүздеген жылғы тарихында алғаш рет тәуелсіздікке қол жеткізіп отыр. Біздің халқымыз замандардан бергі тарихында тұңғыш рет бостандықтың, еркіндік пен тәуелсіздіктің дәмін татты. Біз бұл тәуелсіздікті ештеңемен айырбастай да, ешкімге беріп те қоя алмаймыз. Егер қандай да бір бірлестіктер біздің еліміздің тәуелсіздігіне, біздің Ата заңымызға кесірін тигізетін болса, біз дереу ол ұйымнан шығатын боламыз. Барша халық та солай ойлайды деп сенемін». Яғни, Мемлекет басшысы интеграциядағы басты мәселе саясат емес, таза экономикалық ықпалдастық тұрғысында болып отырғанына тоқталды. «Бұл әлемде бар үдеріс. Соңғы ең көрнекі мысал – бұл Еуропалық Одақ. Алайда, біз соның өзінде көптеген кемшіліктер мен олқылықтарды байқап отырмыз. Ал бірлестік құру барысында біз ондай кемшіліктерге жол бермейміз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сарапшылардың анық көрсетіп отырғанындай, шынында да Еуразиялық экономикалық одақ ЕурАзЭҚ-тың құқықтық мұрагеріне айналады. Соңғы жылдары мемлекетаралық ықпалдастық бірлестігіне мүшелікке өту сәнге айнала бастаған үдеріс секілді. Бұл бір жағынан алып қарағанда түсінікті жайт та. Өйткені, заманның өзі жаһанданудың шынайы шырмауында қалды, сосын дауылы сейілмеген жаһандық қаржылық дағдарыс жағдайында даму деңгейіне қарамастан мемлекеттер бетпе-бет келіп отырған зардаптарды ақылдаса отырып еңсеру әлдеқайда жеңіл екендігін мойындай бастаған. Міне, сондықтан бұрынғы кеңестік мемлекеттер аумағында құрылған дәл сондай бірлестіктердің бірі Еуразиялық экономикалық қауымдастық (ЕурАзЭҚ) екендігі белгілі. Айта кетерлігі, Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке қарағанда, ЕурАзЭҚ-тың өкілеттігі жоғары еді. Мұның сыры да түсінікті, себебі оның құрамына Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан мемлекеттері кіреді. Ал бірлестіктің негізгі мақсаты оның құрамына кіретін елдердің аумағында бірыңғай экономикалық кеңістік құру жолы арқылы өңірлік ықпалдасу болып саналады.
Естеріңізге сала кетсек, Еуразиялық экономикалық қауымдастықты құру туралы келісімшартқа 2010 жылдың 10 қазанында Астанада Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан Президенттері қол қойған. 2002 жылдың мамырында ЕурАзЭҚ жанындағы бақылаушы мәртебесін Украина мен Молдова, ал 2003 жылдың қаңтарында Армения алған болатын. Сондай-ақ сол жылдың мамырында Біріккен Ұлттар Ұйымы Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа халықаралық ұйым мәртебесін берген еді. Дегенмен, посткеңестік кеңістікте көптеген параметрлер бойынша бір-бірін қайталайтын бірқатар ықпалдастық бірлестіктерінің болуы республикалар арасындағы өзара қарым-қатынастарда айтарлықтай бейберекеттің орын алуына түрткі болуда. Бұған қоса, ЕурАзЭҚ мүшелері арасында да мүдделер кереғарлығы да байқалып отыр. Бұл жайт 2012 жылы Мәскеуде өткен ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер басшыларының кездесуінде анық байқалып қалды.
Дәл сол кездесу барысында бірқатар мәселелер, атап айтқанда, бірлестікті қайта ұйымдастыру, сондай-ақ қауымдастықты дамытудың одан арғы жоспары қызу пікірсайыс туындатқан. Достастықтың құқықтық субъектілігі туралы мәселе де кедергілердің бірі ретінде көтерілген-ді. Бұл мәселенің түптөркіні түсінікті болатын. Өйткені, ЕурАзЭҚ-қа қатысушы елдердің көпшілігі басқа да бірлестіктердің мүшесі болып табылады. Дәл осындай жағдайда «мүдделер қақтығысы» орын алатындығы да анық. Мәселен, Кеден одағы елдері өздерінің өкілеттіліктерін сақтап қалуын жалғастыра берсе, ал ЕурАзЭҚ қызметі аясында толық құқылы мүше болып табылатын Қырғызстан мен Тәжікстан өз мәртебелерінен айырылып, ынтымақтастық бойынша серіктес елдер деңгейіне дейін құлдырап кетуі мүмкін. Мұндай жайт неліктен орын алуда әрі орын алып отырған жағдайда қалай әрекет ету керек деген сауалдар негізінен риторикалық сипатқа ие сияқты. Себебі, бүгінгі таңда ЕурАзЭҚ Кеден одағына қарағанда бәсекелестігі айтарлықтай төмен ықпалдастық бірлестігі екендігі анық.
Тап осы пікірдегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық қауымдастықтықты тарату қажеттігін ашық айтқан болатын. Елбасының пайымынша, бұл ұйым 2015 жылы іске қосылатын Еуразиялық экономикалық одақ қызметтерін қайталайды. «Бұл мәселені шешу қажет. Өйткені, ережелері ұқсас екі параллель ұйымның қажеті жоқ», - деген еді Мемлекет басшысы Минскіде өткен Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің өткен жылғы отырысы барысында. Бұл ретте ЕурАзЭҚ мүшелері Қырғызстан мен Тәжікстанды Кеден одағына бақылаушы елдер ретінде қосу мәселесін қарастыру дұрыс болары анық. Сонымен бірге Президент Н.Назарбаев Кеден одағына мүше елдер ЕурАзЭҚ-тың нормативтік базаларының бір бөлігін сақтап қалу қажет деп санайды. Бұл дұрыс та. Өйткені, ЕурАзЭҚ аясында кедендік «үштік» мүшелеріне қатысы бар бірнеше ондаған халықаралық келісімшарттар әзірленіп, қабылданған болатын. Сондықтан бұл ұйым өз миссиясын 2015 жылдың 1 қаңтарында аяқтайтын кезде оның көптеген келісімшарттары бүгінгі таңда өміршеңдігін, келешегінің зор екендігін паш еткен Кеден одағына бейімделетін болады.
Осы ретте ЕурАзЭҚ-ның бұрынғы кеңестік елдер кеңістігіндегі барынша жемісті ықпалдастық бірлестігі болғанын атап өткен жөн. Қауымдастық өз алдына жүктеген барлық міндетін толығымен орындады: қауымдастық негізімен Кеден одағы жұмыс істей бастады, Бірыңғай экономикалық кеңістік іске қосылды, Кеден одағын ортақ реттейтін орган Еуразиялық экономикалық комиссия құрылды. Келесі, 2015 жылдың 1 қаңтарынан ЕурАзЭҚ-тың 5 мүшесінің үшеуі, атап айтқанда, Ресей, Беларусь және Қазақстан мемлекеттері ықпалдастықтың жаңа деңгейіне өтетіндігін, Кеден одағының Еуразиялық экономикалық одаққа айналатындығын ескерер болсақ, онда жаңа мемлекетаралық бірлестік бұған дейін өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарған Кеден одағының да, Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың да құқықтық мұрагеріне айналуына барлық мүмкіншілігі бар.
Тағы бір еске салатын нәрсе, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сонау 2006 жылдың 26 мамырында Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттерінің алдында сөйлеген сөзінде Еуразиялыұ идея теориясына мынадай да баға беріп өткен еді. «Еуразиялық идея теория ретінде XIX ғасырда пайда болды. Бірақ, бүгін оның өлшемі мүлдем бөлек. Еуразиялану – бұл XXI ғасырдың идеясы. Бұл болашақтың идеясы. Бұл бүгінгі таңда жаһанданудың өзі талап етіп отырған интеграциялық үдерістердің тәжіндегі алмас. Осы идеяны сынаушылар да бар. Алайда, менің ойымша, бұл идея іске асырылып жатыр. Қазір жұмыс істеп тұрған үш құрылым – ЕурАзЭҚ, АӨСШК және ШЫҰ – бұл еуразияланудың болашағын қалайтын үш іргетас», - деді ол сол жолы. Кейіннен, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған салтанатты кеште Елбасы ортақ экономикалық кеңістіктің нәтижесінде Қазақстан өзінің геоэкономикалық жағдайын жақсартып, Орталық Азия елдерінің арасынан бірінші болып құрлықтық тұйықтықтан шығатынын қозғады. Бұл расында да солай. Мәселен, Кеден одағы жұмысын бастаған уақыттан бері осы одаққа мүше-мемлекеттердің өзара сауданың өсімі айтарлықтай ұлғайды. Атап айтқанда, 2010 жылдан 2013 жылдың қыркүйегіне дейінгі кезеңде Кеден одағындағы өзара сауданың орташа жылдық өсу қарқыны 15,8 пайызды құрады. Қазақстанның экспортының құрылымында жыл сайын қайта өңделген өнімдердің үлесі арта түсуде. Мысалы, Кеден одағы елдеріне экспортталған қайта өңделген өнімдердің көлемі 2009 жылмен салыстырғанда 2012 жылы 2,5 есеге ұлғайып, 4 млрд. АҚШ долларын құрады. Соның нәтижесінде, өнімдер экспортындағы қайта өңделген тауарлар үлесі 44,9 пайыздан 58,9 пайызға көбейді. Бұл мәліметтердің өзі Еуразиялық экономикалық одақ құруға дейінгі ықпалдастық кезеңнің бір белесі саналатын Кеден одағындағы тиімділікті танытып отыр емес пе? Тағы бір мәлімет, 2009 жылдан бері еліміздің Кеден одағы мемлекеттерімен арадағы жылдық тауар айналымы 88,3 пайызға өсті. Ал басқа елдермен салыстырғанда бұл көрсеткіш 47,9 пайызға дейін көбейген. Яғни, Қазақстанның бастамасымен құрылған интеграциялық бірлестік өзара сауда-саттықтың қозғаушысына айналып отыр.
Осындай сан салалы статистикалық көрсеткіштер ЕурАзЭҚ-тың посткеңестік кеңістіктегі ең сәтті жобалардың бірі екенін көрсетеді. Қазіргі таңда кедендік «үштіктегі» әріптес-елдердің басшылары да, халықаралық сарапшылар да мұны растап келеді. Әрі мұндай идея авторының көрегендігіне де тәнті. Мәселен, Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко Нұрсұлтан Назарбаевты «Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың негізгі қозғаушы күші» деп атады. Сондай-ақ, Ресей президенті Владимир Путин Елбасының еуразиялық интеграцияға қосқан үлесіне қатысты мынадай баға берді: «Нұрсұлтан Назарбаев әрқашан интеграциялық үдерістердің негізгі жақтаушысы болып келеді. Кеден одағын құрудағы, жалпы алғанда, ТМД кеңістігі мен ЕурАзЭҚ-та өзара қарым-қатынастарымызды нығайтудағы оның рөлін басқаша бағалау мүмкін емес. Ол ШЫҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдарда үлкен беделге ие». Сонымен қатар, 2012 жылы Астанадағы Бірінші Назарбаев оқуларына қатысып, сөз сөйлеген Италиядағы «Vox Populi» ғылыми-зерттеу орталығының президенті Эрманно Визинтайнер ЕурАзЭҚ-ты «жаһандық масштабтағы трансұлттық жоба» деп атады. Ол сонымен бірге: «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жарнама жасаудың қажеті жоқ. Себебі, оның ұсынған ЕурАзЭҚ сияқты идеясы аз ғана уақытта жүзеге асырылып, жаһандық масштабтағы трансұлттық жобаға айналды. Бүгінгі Астана жаңа Еуразиялық экономикалық одақтың негізгі екі тірегінің бірі деуге болады»,- дегені есте.
Еуразия халқы бәсекелестер емес, одақтастар болуы керек. Мұны келісімге қол қойған Президенттердің бәрі де жеткізді.
Мұрат Айтқожа.
Дереккөз: BNews.kz.
Фото: BNews.kz.