Сайлау • 20 Қараша, 2022

Бір әулеттен бірден 12 адам дауыс берді

410 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтоғай ауданындағы Өтес атты аядай ғана ауылдың жұрты бүгін таң қараңғысынан тұрып, сайлау учаскесіне шұбырды. Үлкен-кішінің бәрі қалмай, өз таңдауын жасауға асыққандар қатарында ауыл ақсақалы Тілен Көшкінбаев та төбе көрсетті, деп жазады Egemen.kz.

Бір әулеттен бірден 12 адам дауыс берді

Ақсақал жалғыз келмей, бәйбішесі, отбасы мүшелері, немере-шөберелерімен бірге жаппай дауыс берді. Бір әулеттен бірден 12 адамның келіп сайлауға белсенді қатысып жатқаны комиссия мүшелері мен тәуелсіз байқаушыларды сүйсіндірді.

«Құдайға шүкір, жұмақтағыдай тірлік кешіп отырмыз деп әсірелеп айтудан  аулақпыз. Ел іші болғандықтан кейбір қиындықтар мен кемшін қалған тұстарымыздың да кездесетінін жасырмаймыз. Әйтсе де ауылымыз жылдан-жылға көркейіп, ілгері басып келеді. Осыдан бірер жыл бұрын Өтеске орталықтандырылған су құбыры тартылған еді. Биыл ауылға кіретін жолға асфальт төселіп, елдің қуанышын еселеді. Мұндай игіліктер бұрын-соңды болмаған. Отбасымызбен риза болып жатырмыз. Қаладан кем емеспіз, суымыз үйде, бәрі дайын. Ұядай ғана шағын ауыл болса да, ел іші берекеге толы. Жастарға айтарым, мемлекет қазір барлық мүмкіндікті үйіп-төгіп беріп жатқанда жағдайды оңтайлы пайдалану керек. Оқу керек пе, мамандық атаулының төресін таңдап алып, тегін білім алуға жол ашық. Денсаулық дей ме, қай жерге бас сұқсаң да, ем-дом тегін көрсетіледі. Осы игіліктің барлығы қарапайым халық үшін жасалып жатыр», деп өз ризашылығын жеткізді 78 жастағы қария.