Сайлау • 20 Қараша, 2022

Астаналық «Мерейлі отбасы» өз таңдауын жасады

572 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Олар №395 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Бүгін бұл учаскеге дауыс беруге келгендердің қарасы қалың. Олардың арасында елордалық көпбалалы ана, 2021 жылғы «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңінің жеңімпазы, тележүргізуші Алма Сайлауқызы да бар. Үлгілі отбасы ел болашағы үшін таңдау жасауға бес баласын да ерте келген, деп жазады Egemen.kz

Астаналық «Мерейлі отбасы» өз таңдауын жасады

Алма Сайлауқызы елордадағы №89 мектеп-лицейінің ғимаратында орналасқан №395 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.

- Бүгін біз отбасымызбен сайлауға бірінші рет келіп тұрмыз. Балаларымыз өсіп, ес кіргенге дейін отағасы екеуміз ғана келетінбіз. Негізі сайлаумен біздің өмірімізді көп дүние байланыстырады. Біріншіден, менің тегім – Сайлауқызы. Әкем Сайлау 1948 жылы 11 қаңтарда сол кездегі Кеңес Одағында сайлау болып жатқанда дүниеге келген. Үйінің тұңғышы, ата-анасы осындай маңызды күнде дүниеге келді деп, есімін Сайлау қойған. Содан бері сайлау біздің өмірімізде маңызды орын алады. Өйткені бұл – демократиялық қоғамда өмір сүретін адамның жеке таңдауын білдіретін таңдау құқығы. Жолдасым екеуміздің танысып, екі жақтың ата-аналарын осы Президент сайлауы өтіп жатқан күні таныстырған болатынбыз. Ол күн де ерекше күн болды, отағасы екеуміз азаматтық борышымызды өтедік. Екеуміз дауыс беріп келгеннен кейін, ата-аналарымызды таныстырдық. Осындай сәттер тегіннен тегін емес, жай сәйкестік. Дегенмен де бұл сәйкестік маңызды күнге деген біздің көзқарасымызды айқындайды. Жалпы біз еліміз үшін осындай маңызды саяси науқандардың ешқайсысынан қалған емеспіз, - дейді ол.

Ата-анасымен еріп келген олардың ұлы Ерасыл Байқожа да келген. 

Назарбаев зияткерлік мектебінің 8-сыныбында оқимын. Біздің оқу орнында да мектеп президенті сайланатын. Бүгінгі сайлау процесін соған ұқсаттым. Онда да дәл бүгінгідей кандидаттарға дауыс беріп, кейін нәтижесін шығарған еді. Бірақ еліміздегі осындай үлкен саяси науқанды бірінші рет өзім көріп, куәгер болып тұрмын. Бұл – тарихи сәт. Алған әсерім ерекше, тіпті сөзбен жеткізу мүмкін емес, - дейді көпбалалы отбасының баласы Ерасыл Байқожа.

Айта кетейік, елордадағы №395 сайлау учаскесінде 2 393 сайлаушы тіркелген, оның біреуі үйінен дауыс беруге өтініш қалдырған.