Қоғам • 20 Қараша, 2022

Байқау орталығы: Сайлау учаскелерінің дайындығы жоғары

191 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодар облысында тәуелсіз байқаушылар штабы тұрақты негізде әрекет етуде, деп хабарлайды Egemen.kz.

Байқау орталығы: Сайлау учаскелерінің дайындығы жоғары

«Партиялық емес байқау орталығы» РҚБ Павлодар облысы бойынша филиалының мүшелері сайлау учаскелерінде таңғы 6.00-ден жұмысқа кіріскен.

Кезектен тыс ҚР Президентінің сайлауына мониторинг жүргізу мақсатында өңірдегі бірнеше үкіметтік емес ұйым бірігіп әрекет етуде. Атап айтқанда, «Қайсар KZ», «NAMYS PVL» қоғамдық бірлестіктері және Ауған соғысының интернационал жауынгерлері қоғамының мүшелері облыстың 507 ашық сайлау учаскелерінде бақылау жұмыстарын жүзеге асыруда.

Осы орайда «Партиялық емес байқау орталығы» РҚБ Павлодар облысы бойынша филиалының төрағасы Алма Қозбаеваны сөзге тарттық.

«Бізбен белсенді азаматтық позицияға ие 2000-нан астам адам жұмыс істеп жатқанын атап өткім келеді. Орталық мүшелері сайлау процесіне еш бөгет жасамастан учаскелердегі жағдайды бақылап, барлық дауыс беру шараларының заң шеңберінде жүзеге асып жатқанына көз жеткізуде.

Қазіргі таңда сайлау науқаны біздің саяси өміріміздің ажырамас бөлігі. Қазақстандықтар барлық деңгейдегі сайлау процестеріне, атап айтқанда, ауыл әкімдері, барлық деңгейдегі мәслихат және Мәжіліс депутаттары сайлауына белсене қатысатынын байқап келеміз. Бұйыртса, алдағы уақытта аудан әкімдерін сайлауға қол жеткіземіз.

Кезектен тыс Президент сайлауы аса жауапкершілікті қажет етеді. Біздің әрқайсымыздың дауысымыз тұтас елдің болашағы үшін аса маңызды екенін көпшілік ұғынып, дауыс беруге белсене келіп жатыр. Себебі Қазақстан – біздің ортақ шаңырағымыз.

Байқаушылар таңғы сағат 6.00-ден бастап өз жұмыстарына кірісті, олар бақылау шараларын учаскелердегі комиссияның хаттамасы қолдарына тигенде барып тоқтатады. Таң қараңғысынан дауыс беру орындарының талапқа сай болуы тексерілді. Бұған дейінгі сайлау науқандарына да қатысқан едік. Олармен салыстырғанда бүгінгі сайлауда сайлау комиссияларының дайындығы өте мығым, қызметкерлердің жауапкершілігі артқаны байқалып отыр. Әзірге Павлодар облысындағы сайлау учаскелерінде заң бұзушылық тіркелмегенін атап өтуге болады», дейді филиал төрағасы.