Аймақтар • 21 Қараша, 2022

Баскөл жұрты діттегеніне жетті

546 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің осы жылғы 20 қазандағы нөмірінде Май ауданының Баскөл ауылында жылдар бойы қордаланған мәселелер жайын­да жазып едік. Соның бірі – Белая өзенінің үстінен пантонды көпір салу. Жуықта ауыл тұрғындары хабарласып, ел газеті көтерген түйткілдің түйіні тарқатылғалы жатқаны жайында сүйіншіледі.

Баскөл жұрты діттегеніне жетті

«Баскөл жұртының базынасы» деп аталған мақалада атап көрсет­кеніміздей, Баскөл елді мекенін Ертіс өзенінен Белая деп аталатын шағын өзен бөліп тұр. Ертістің сол жақ ж­аға­лауындағы шабындық жерлер өнімді болғандықтан Баскөл, Бозша ауылдарының халқы жазда сол жерден шөп шабады. Жергілікті халық көп жылдан бері әлгі тұста пантонды көпір орнатып беруді сұрап келеді. Белая өзенінен өтетін ескі паром – бүгінде жайылмадан шөп шабатын ағайын үшін жалғыз ғана су көлігі. Алайда оған мінудің өзі қауіпті. Себебі құрылғының жалғыз ғана тракторды көтеретін шамасы бар. Жуықта алғашқы қар түскенде паром үстіндегі трактор тайғанақтап суға құлап, рульде отырған тракторист азамат әупірімдеп аман қалғанын да көзіміз көрді.

Қыркүйек айында Павлодар облы­сының әкімі Әбілқайыр Сқақов Май ауданының халқымен жүздескенде баскөлдік тұрғындар бұл мәселені көтеріп, аймақ басшысы назарына алатынын айтқан еді. Әкім өз уәдесінде тұрды. Өңірдің 2023-2025 жылдарға арналған бюджетінде Белая өзені үстінен пантонды көпір тұрғызуға 215 млн теңге қарастырылды.

– Пантонды көпір салу мәселесі өткен ғасырдың сонау 90-ыншы жылдарынан жалғасып келе жатыр екен. Сәтін салып, келер жылы қолға алынатыны ел-жұртты қуантып отыр. Ұзындығы – 60, ені шамамен 9 метрдей болатын көпір құрылғысы 200 тонна жүк көтере алады. Мұндай жаңа үлгідегі пантонды көпір Қазақстандағы ең алғашқысы болмақ. Елімізде су кемесі саласындағы құрылыс жұмыстарымен айналысатын небәрі 3 кәсіпорын ғана бар екен. Біздің әкімдік жариялайтын конкурс­ты солардың бірі ұтып алатыны анық. Көпір жобасының мемлекеттік сараптамасына оң шешім шығарылғанын айтқымыз келеді. Енді тек облыстық мәслихат сессиясының хаттамасын ғана күтіп отырмыз. Одан әрі конкурс жариялауға толық негіз бар, – дейді Май ауданының әкімі Ағыбай Әмірин.

Жаңа көпір жиналмалы үлгіде салынбақ. Яғни ол жаз бен қыста жұмыс істеп, қыста мұз қатқанда жиналып қойылады. Бұл нысан негізінен Баскөл мен оған қарасты Бозша, Жаңатілек ауылдары үшін маңызы зор болатынын байқаймыз. Себебі аталған елді мекендердің азаматтары Белая өзенінен әрі асып, 5,7 мың гектар жерден шөп шабады. Бүгінде аталған аумақтың 2,8 мың гектары шаруаларға үлестірілген, қалғанын конкурстық үлгіде рәсімдеу көзделіп отыр. Келешекте пантонды көпірді күтіп ұстау сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін.

 

Павлодар облысы,

Май ауданы,

Баскөл ауылы