Спорт • 21 Қараша, 2022

Жастардың қарқыны күшті

197 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Атырауда дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Республикамыздың барлық аймағынан келген белді балуандардың басын қосқан жарыста тосын нәтижелер көп тіркелді. Кейбір салмақ дәрежелерінде біраз жылдан бері ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген сақа спортшылар жастарға жол берді.

Жастардың қарқыны күшті

60 кило салмақ дәрежесінің басты фавориті Елдос Сметов бұл жарыстан босатылғандықтан, жанкүйерлердің пайымдауын­ша, бас жүлде үшін тартыс ұлт­тық құрама мүшелері Мағ­жан Шамшаддин, Бауыржан Жа­уынтаев, Бауыржан Нарбаев және Шерзод Давлатов арасында өрбуге тиіс еді. Мамандардың пікірі соған сай келді. Бірақ бұл болжамның бәрі қате болды. Жоғарыда есімдері аталған сол төрт мықтының арасынан тек Жауынтаев қана жеңіс тұғырына көтеріле алды. Жартылай финалда Мерей Марханбетовтен жеңілген ол қола медальді қа­нағат тұтты. Ал қалғандары тұ­­саукесер кездесулерінде сү­рінді. Атап айтсақ, Давлатов пен Шам­шаддинді Дәурен Сүй­кенов сүріндірді. Нарбаев болса, Жақсыбек Жеңісбектен жеңілді. Алайда саңлақтарды сан соқтырған дзюдошылардың өздері де ұзаққа шаппады. Нә­тижесінде аса жеңіл салмақтағы 56 балуанның басын қосқан бәсе­кеде атыраулық Қанат Сейіл­ханның бақ жұлдызы жанды. Жартылай финалда жетісулық Дамир Болатбековті жеңген ол ақтық сында маңғыстаулық Ме­рей Марханбетовтен айласын асырды. Қызылордалық Бауыр­жан Жауынтаевпен бірге ел­ордадан келген Ержан Ерен­ғайы­пов та қола медальді еншіледі.

66 кило салмақтағы еліміздің бірінші нөмірлі дзюдошысы Ғұсман Қырғызбаев екені сөзсіз. Бірақ бұл жолы оның жолы болмады. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері деген дардай атағы бар қандасымыз «шүу» де­генде Нұр Аманшүкіровтен ұтыл­ды. Ғұсманың егізі – Ғұмар Қыр­ғызбаев та тым сүреңсіз өнер көрсетті. Алғашқы кездесуін же­ңіспен аяқтаған ол, екіншісінде Ермек Амангелдіге есе жіберді. Бұл салмақта Есет Қуановтың қарқыны күшті болды. Кезінде самбодан әлем чемпионы, Әлем кубогінің иегері, екі дүркін әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанған 30 жастағы Ақтөбенің арланы соңғы кездері дзюдошылар додасында да дараланып жүр. Осы жарыста барлық қарсыласын жолынан ығыстырған ол бас жүлдені қанжығасына байлады. Финалда Есет Маңғыстау облысының өкілі Сұңғат Жұбат­қанды жеңді. Қола медаль татами қожайындары Айболат Ыстыбай мен Ермек Аманкелдіге бұйырды.

73 кило салмақта Данияр Шамшаевтың асқан шеберлігіне тәнті болдық. Жамбыл облы­сының атынан сынға түсіп жүрген жас жолбарыс биыл тамыз айында Астанада өткен Азия чемпионатында Қазақстан балуандары арасынан жалғыз өзі алтын тұғырға көтерілген еді. Өкінішке қарай, Ташкенттегі әлемдік додада оның бағы жанбады. Есесіне Атырауда Данияр дара шықты. Бастапқы бәсекелерде Бекнұр Тәңірберген, Махамбет Сағатбеков, Ермат Есқазиевті еңсерген ол жартылай финалда Асқар Нарқұловты тізе бүктірді. Ақтық айқаста Шам­шаев оралдық Аңсарбек Ғай­нуллинді еш қиналмай жеңді. Маңғыстаулық Нарқұлов пен жетісулық Дархан Қойбағар үшінші орындарды иеленді.

81 кило салмақта өскемендік Мадияр Сембаев – бірінші, Бе­кәділ Шаймерденов – екін­ші және ақтөбелік Нұржан Бисенов пен абайлық Жалғас Қайролла үшінші орындарды еншіледі. Көпшілік 90 кило салмақ дәрежесінің ширек фи­налдық сайысын қызыға тамашалады. Бұл межеде сақа спортшылар – түркістандық Дидар Хамза мен шымкенттік Ерсұлтан Мұзафаровтың жолдары қиысты. Бұл тартыс Азия ойындарының жеңімпазы, құрл­ық біріншілігінің жүлдегері, Олимпия ойындарына қатысушы Хамзаның пайдасына шешілді. Финалда Дидар өзінің жерлесі Айдар Араповтан айласын асырды. Жетісулық Мұхаммедәлі Мав­лидов пен алматылық Ер­асыл Жанатаевтың мойнында қола медаль жарқырады.

100 кило салмақтың бас­ты фавориті Ислам Бозбаев үшінші айналымнан аса алма­ды. Ол жамбылдық Данил Фе­доровқа жол берді. Бұл сал­мақ­та Бекарыс Сәдуақасқа тең келер ешкім табылмады. 2018 жылы Аргентинаның астанасында алауы тұтанған Дүниежүзілік жасөспірімдер олимпиадасының жеңімпазы атанғаннан кейін жас балуанның жолына үлкен үмітпен қарап едік. Бірақ содан кейін біраз уақыт бойы ол жарқын жеңістерімен өз жанкүйерлерін қуанта алмады. Бұл жолы біз дәл сол Буэнос-Айрестегі Бекарысты көрдік. Өзі­не сенімді, өжет және қайсар мінезінен танбаған 22 жастағы дзюдошы алғашқы екі қарсыласын ұпай санымен ұтса, одан кейінгі үшеуін иппонмен, яғни таза жеңді. Нәтижесінде Бекарыс Сәдуақас ел чемпионы атанды. Күміс медальді атыраулық Бекзат Шағатаев иеленсе, қола жүлдені тағы бір татами иесі Сұңғат Закарияев пен қызылордалық Нұрлыхан Шархан иемденді.

Алыптардың айқасы Әділ Ораз­баевтың жеңісімен аяқталды. Әділ финалда жамбылдық Жам­был Тұрғыналиевті шаң қап­тырып кетті. Қызылордалық Ел­аман Ерғалиев пен павло­дар­лық Серік Сәлменов үшінші тұғырға көтерілді. Аса ауыр салмақта Еламаннан бөлек, әр жылдары «Қазақстан Барысы» тур­нирінде елеулі табыстарға қол жеткізген қазақ күресінің хас шеберлерінің де қалың шо­ғыры өнер көрсетті. Алайда Ер­­асыл Қажыбаев, Нұрдәулет Жа­рылғапов, Талғат Әміренов және Ғалымжан Қырықбай сынды түйе балуандардың бұл жарыста бақтары жанбады.

– Атыраудағы жарыстың деңгейі өте жоғары болды. Ел чемпионатын осындай жоғары дәрежеде ұйымдастырған жер­гілікті спорт басқармасы мен рес­публикалық Дзюдо федерациясына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жеке мені чемпион­дарды тұғырдан тайдырған жас балуандардың қарқыны қатты қуантты. Алдағы уақытта сол жігіт­тер халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғай­тынына сенімдімін. Және де өзімнің шәкіртім Бекарыс Сәдуақастың өнеріне риза болдым. Осы жолы ол өзінің мық­тылығын түбегейлі мойындатып, 100 кило салмақ дәрежесінде бас жүлдені олжалады, – деді дзюдодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Берік Жетпісбаев.

Ал әйелдер арасындағы жа­рыс­тың нәтижесі мынадай: 48 кило: 1. Ғалия Тыныбаева (Ал­маты қа­ласы), 2. Сара Құлым (Түркістан), 3. Ирина Дубовская (Жетісу) мен Айкүнім Түйтекова (Ал­маты облысы). 52 кило: 1. Әй­герім Әбіл­қа­дырова (Астана), 2. Толғанай Әбе­уова (Ақмола), 3. Гүлдана Әл­мұ­хамбетова (Маң­ғыстау) мен Құндыз Жыл­қыбай (Қызылорда). 57 кило: 1. Бақыт Құсақбаева (Ақтөбе), 2. Да­на Әбдірова (Атырау), 3.Балнұр Құрманбай (Алматы қаласы) мен Рауза Нұрмұхамметова (Жамбыл), 63 кило: 1. Есмегүл Куюлова (Атырау), 2. Мөлдір Нарынова (Же­тісу), 3. Зарина Сәріпова (Абай) мен Самалай Ерғалиева (Қос­танай). 70 кило: 1. Анастасия Мая­кова (Ақмола), 2. Анастасия Мо­розова (Алматы қаласы), 3. Ажар Асхат (Абай) пен Перизат Жа­қыпбекова (Түркістан). 78 кило: 1.Аруна Жангелдина (Ақтөбе), 2. Назерке Тілеуханова (Шымкент), 3. Лаура Жәнібекова (Қарағанды) мен Әсел Бисенбай (Қызылорда). +78 кило: 1. Ақерке Рамазанова (Алматы қа­ласы), 2. Кәмила Бер­ліқаш (Же­тісу), 3. Аида Той­шы­бекова (Қарағанды) мен Аль­бина Бақиева (Шымкент).