Ғылым • 21 Қараша, 2022

Еңбек нарығына қажетті мамандықтар

792 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ел дамуындағы жаңа серпін білім саласынан басталады. Адам капиталын дамытуға басымдық беріліп жатқан қазіргі уақытта Президент тапсырмасымен техникалық мамандықтарға баулуды күшейту, гранттар санын көбейту, стипендия көлемін арттыру, елімізде шетелдік жетекші оқу орындарының филиалдарын ашу сияқты бірқатар жауапты жұмыс қолға алынып жатыр. Осынау міндеттер үдесінен шығу үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі жеке отау тікті.

Еңбек нарығына қажетті мамандықтар

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Жаңа стратегиялар аясында жоғары білімді дамыту бағытында Университеттер автономиясы туралы заң, «Білімді ұлт» сапалы білім беру ұлттық жобасы, Ғылымды дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжы­рымдамасы сияқты бағдарламалық құжаттар бекітілді. Осы құжаттар негізінде іске асырылып жатқан жұмыстар жөнінде Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев толымды мәлімет берді.

Оның айтуынша, қазір елімізде 119 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Онда 609 150 студент білім алып жатыр. Олар­дың 35%-ға жуығы, яғни 230 375 студент мемлекеттік тапсырыс бойынша оқиды.

Жыл сайын грант саны өсуде. 2022-2023 оқу жылына 88 214 грант бөлін­ді: бакалавриатқа – 73 061, магистратураға – 13 263, докторантураға – 1 890 орын. Бұлар­дың 60%-ы, яғни 42 303 грант техникалық мамандықтарға берілген. 10 мың грант батыс өңірдегі (Атырау және Маңғыстау облыстары) жас­тар мен тығыз қоныстанған аймақтарға берілген. Ал «Серпін» бағдарламасына 3 653 грант, бұған қоса шетел азаматтарына 490 грант бөлінген. Оның ішінде 150 грант Орталық Азия мемлекеттерінің азаматтарына, 100 орын Ислам Ынтымақтас­тығы Ұйымына кіретін елдер азаматтарына арналған.

Сонымен қатар жаңа оқу жылынан бас­тап студенттердің шәкіртақысы 20%-ға өсті. Бұрын 31 423 теңге алған студенттер енді 36 660 теңге алып жүр. Ал магистранттардың стипендиясы 76 950 теңгеден 86 987 теңгеге және докторанттардікі 172 500 теңгеден 195 000 теңгеге өсті. Бұл үрдіс болашақта жалғасын тауып, жыл сайын 20%-ға өседі.

Саладағы басымдықтың бірі – заманауи маман даярлау моделінің еңбек нары­ғына бағытталуы. Бұл ретте білім беру бағ­дарламалары кәсіби, аймақтық стан­­дарттар мен атластарға негізделген. Бағ­дарламалардың 64%-ы кәсіби стандарттарды ескере отырып, жаңартылды.

– Жоғары білім беру жүйесі мен еңбек нарығын одан әрі жақындастыру үшін алдын ала болжау жүйесін енгізу жоспарлануда. Аймақтағы университеттер әкімдікпен және жергілікті корпоративты сектормен тығыз байланыс орнатады. Осылайша, университеттер әр аймақтың экономикасын дамытуға зор ықпал ете алады. Жалпы, білім беруді дамытуға екі тең тарап – жұмыс берушілер (бизнес) мен академиялық қауымдастық қатысуы керек. Бұл жүйе қажетті білім мен дағдыға ие кадр­ларды дайындау үшін болжау зерттеуле­­рін қамтамасыз ететін «Мамандығым – бо­лашағым» бағдарламасының негізі бола­ды. Университеттерге өз білім беру бағдар­ла­маларын дамытуға мүмкіндік берілген. Оқу орындарының академиялық еркіндігін одан әрі кеңейту мақсатында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің Мемлекеттік білім беру стандарттарына өзгерістер енгізілді. Мұндағы өзгерістердің тағы бір артықшылығы – практик-мамандар мен топ-менеджерлерді тарту мүм­кіндігінің артуы, – деді Қ.Ерғалиев.

Осы орайда Дүниежүзілік экономика­лық форум болжамдарына сәйкес, 10 жыл­дан кейін 60%-ға жуық мамандық транс­формацияға ұшырайтыны да ескері­ліп отыр­ғанын атап өткен жөн. Бұл бағытта Мем­лекет басшысының тапсырмасымен өмір бойы білім алу тұжырымдамасы әзірлен­ді. Тұжырымдамада көзделген іс-шара­лар көптеген білім алу жолы арқылы, фор­малды емес оқыту арқылы да жаңа білім мен құзыреттіліктерді алуға мүмкіндік бе­реді. Тұжырымдаманы жүзеге асыру мақ­­­сатын­да Мемлекеттік білім беру стандар­тында микроквалификация білім алу нәтижеле­рін қабылдау жоспарланған, «нано-кре­диттер», «жинақ­талған дәрежелер» ұғым­дары енгізілген.

Еңбек нарығын практик-мамандармен қамтамасыз ету үшін биыл қыркүйек айынан бастап 7 университетте қанатқақты режімде қолданбалы бакалавриат бағдарламасы қолға алына бастады. Бұл бағдарлама негі­зінде жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатылып, «практикада білім алу» қағидаты қолданылып отыр.

– Университеттердің кадрлық және зерт­теу әлеуетін арттыру жұмыстары жүр­гі­зі­ліп жатыр. Басқарушылардың жаңа буы­­­­нын қалыптастыру үшін Сингапур мы­­­са­­­­лында дарынды басқарудың (talent manage­ment) тоғысқан саясаты енгізіледі. Жұ­мыс берушілердің, бизнес-құрылымдар, кәсіби және қоғамдық бірлестіктер өкілде­рінің, облыс әкімдіктерінің корпора­тив­тік басқаруға қатысуын кеңейту жұ­мы­сы жал­ғасады. Бұл бағытта өткен аптада Қазақ­­станның тәуелсіз Директорлар қа­уым­­дастығы QID-мен меморандумға қол қо­йды. Топ-ме­нед­жерлер мен қыз­ме­керлер үшін кәсіби даму бағдарламасын, тағы­лымдамалар мен форсайт-сессияларын бас­тауды жоспарлап отырмыз, – деді вице-министр.

Бұған қоса оқу орындарын ғылыми-зерттеу университеттеріне трансформа­ция­лау бойынша іс-шаралар жүзеге асырылды. Биыл Әл-Фараби атында­ғы Қазақ ұлттық университеті мен Л.Н.Гуми­лев атын­дағы Еуразия ұлттық университеті зерттеу университеті мәртебесін алды. Ен­дігі кезек – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде. Бұл қадам уни­верситеттердің ғылыми-зерттеу әлеуетін көтеруге ықпал етеді.

Сонымен қатар Президент пәрменімен шетелдік университеттердің филиалдарын ашу жұмыстары атқарылып жатыр. Биыл қыркүйек айынан бастап Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ негізінде МИФИ және С.Өтебаев атында­ғы Атырау мұнай және газ университетін­де Губкин атындағы РМУ филиалдары ашылды. Сондай-ақ М.Қо­зы­баев атын­да­ғы Сол­түстік Қазақстан уни­вер­­ситетін­де Ари­­зона университетімен қос дип­­ломды және бірлескен ха­­лық­­ара­­лық бағдар­ламалар жүзеге асы­­­ры­л­ды. Хериот Ват университетімен (Ұлы­­бри­тания) Қ.Жұ­банов атындағы Ақтөбе өңір­лік уни­верситеті арасында келісім бар. Бұған қоса Шәкәрім университеті мен І.Жан­сүгі­ров университеті не­­гіз­інде филиалдар ашу мәселесі пы­сық­­­талып жатыр. Алыс шетелдегі үздік уни­­­верситеттердің сарапшыларын оқыту­шы­лыққа тарту да жоспарда бар.

Жақында Азия мемлекеттерінің алдыңғы қатарлы университеттер рейтингісі – QS Asia University Rankings 2023 жарыққа шықты. Осы рейтингке Қазақстанның 32 университеті Азия университеттерінің үздік тізіміне кірді. Олардың ішінде 2 отандық университет (ҚазҰУ және ЕҰУ) үздік 100-діктің қатарынан табылды.

– Қазіргі уақытта «таза парақтан» жобасы аясында жоғары білім беру саласында­ғы 67 нормативтік-құқықтық актілерді қай­та қарау жұмыстары жүргізілуде. Білім беру бағ­дарламаларының тізілімін, аккре­диттеу органдарының, аккредиттелген университеттердің және білім беру бағ­дарламаларының ретін, сондай-ақ рейтингтік көрсеткіштерді біріктіру жоспарланып жатыр. Енді жоғары білім сапасын қамтамасыз ету бойынша нұсқаулықты, оның ішінде педагогикалық ЖОО-ларды аккредиттеу стандартын әзірлеу кезекте тұр. Білім беру бағдарламаларының сапасын анықтайтын құрал ретінде «Атамекен» ҰКП рейтингісі қолданылады. Осы айдың соңында нәтижелер шығады. Рейтинг нәтижелері университеттердің әлеуетін және олардың бәсекеге қабілеттілігін объек­тивті тұрғыдан қарауға мүмкіндік береді, – деді Қ.Ерғалиев.