Аймақтар • 21 Қараша, 2022

Сарсаңға салған суағар

260 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кереку шаһары жер жағдайы бойынша ойпаң жерде орналасқан. Сонысына орай облыс орталығын нөсер және дренаждық кәріз жүйесімен қамту мәселесі өте өзекті. Жазда жаңбыр төпелеп жауып, жазғытұрым қар ерісе көшелердің барлығы кілкіген суға толады. Ал қолданыстағы небәрі 10 шақырымдық дренаждық жүйе баяғыда істен шыққан.

Сарсаңға салған суағар

Соңғы жылдары қала көше­лерінде нүктелі құрылыс көп­теп қолға алына бастағалы көше­лер тарылып, бұрынғы бос аумақ­тарда көпқабатты ғимараттар са­лынды. Кезінде көше бойымен ағып кете беретін жаңбыр суы ойпаң жерлерде жиналып, апталап жатып алады. Мұндай проблемалар Академик Сәтбаев, Мәшһүр Жүсіп, Қамзин, Толстой және тағы да басқа негізгі көше­лерде көп. Жоғарғы қабатын үне­мі ылғал басып жатқан соң кейбір асфальт жолдар шыдас бермей, опырылып түсетінін де көзіміз көрді. Бұл шұңқырларға абайсызда жеңіл автокөліктер түсіп кетіп, иелері материалдық тұрғыдан зардап шекті.

Ал шаһардың шығыс бөлі­гін­дегі «Екінші Павлодар» деп ата­латын шағын аудандағы мә­се­ле одан да күрделі. Мұнда жа­з­ғытұрым күн жылынғанда жерасты сулары көтеріліп, жер үйлерге су кіріп, тұрғындарды әбі­герге салатыны бар. Жер үйлер секторында арнайы ұңғымалар қа­зыл­ғанымен оның пайдасы әзірше байқалмай тұр. Осы түйт­кілдердің барлығын шешу үшін нөсер және дренаждық жүйе ке­шенді тұрғыдан қарастырылуға тиіс, деп санайды мамандар.

Жылдар бойына сағызша со­зылған мәселені шешуді ел Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаев жуықта ел Үкіметіне жүктеді. Мұны естіген жергілікті жұрт маша­қаттан таяу жылдарда құты­латынына қуанулы.

Дренаждық жүйе қандай тұрғыда өміршең етіледі? Бұл сауалды қалалық құрылыс бөлі­мінің басшысы Асқар Ажмұратқа қойдық.

– Қазіргі уақытта «Павлодар қаласының жерасты сулары­ның дренаждық желілеріне ар­налған гидрогеологиялық карта» техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) әзірлеу жүр­гізілуде. Мемлекеттік сарап­та­маның оң қорытындысын ал­ғаннан кейін осы ТЭН негізінде дренаждық-нөсерлік жүйенің құрылысына жобалау-смета­лық құжаттама дайындалады. Жобаның мақсаты – Павлодар қаласын орталықтандырылған нөсер және дренаждық кәріз жүйелерімен қамтамасыз ету, су жиі басатын аумақтардың жағ­дайын жақсарту, жол жабындарын, қала ғимараттарының іргетастары мен негіздерін сақ­­тау. Қаланың дренаждық-нө­серлік жүйесін салу жобасын іске асыру кезінде тазарту құрылымдарын, сорғы стансаларын, нөсерлік кәріз коллекторларын, дренаждық коллекторларды (өздігінен ағатын және қысым арқылы), тазартылған ағын су құбырларын салу жоспарлануда, – деді бөлім жетекшісі.

Жалпы, жобаны іске асыру үш кезеңге жоспарланған. Атап айтқанда, алғашқы кезең 2026 жылға дейін жүзеге асса, екінші кезең 2028, соңғысы 2030 жылға дейін созылады. Жобаға жұмсалатын қаражат мөлшері әзірге нақтыланбаған. Сметалық құжаттама дайын бол­­ған соң алғашқы есептеу­лер жүргізіліп, қажет сома сұ­ра­лады. Бұл тұтастай алған­да ауқымды инженерлік кешен болғандықтан оны қаржы­лан­дыру республикалық бюджет арқылы жүргізіледі деп жоспарланып отыр.

«Су басу аумақтарын анық­тау үшін Павлодар қала­сы­ның гидрогеологиялық жағдай­ла­рының өңірлік математикалық моделі құрылуда. Жобаның ең оңтайлы шешімі ретінде дренажды және нөсерлік кәріздердің аралас жүйесін салу екенін айтқым келеді. Яғни көлденең дренаждар жүйесі тартылады және қол­даныстағы ұңғымаларды да пайдалану көзделуде. Жерасты суларын жинауды ұйымдастыру үшін тереңдікте орнатылатын пер­форацияланған құбырлар пай­даланылады. Бұл тұрғын үйлер­дің жертөлелеріне судың жина­луына жол бермейді. Нөсер ағын­дары (жаңбыр және еріген қар сулары) құбырлар жүйесі ар­қылы тазарту құрылымдары­на дейін ағады. Екінші Павло­дар шағын ауданында кешенді дре­наж және нөсерлік жүйені ор­нату бойынша құрылыс-мон­таж жұмыстары жобаның 1-кезеңінде, Ал Зеленстрой ша­ғын ауданындағы мәселелер жоба­ның 2-кезеңінде шешіледі», дейді А.Ажмұрат.

Негізі Павлодар қаласының аумағындағы жерасты сулары­ның деңгейін төмендетуге арнал­ған ескі дренаждық жүйелер бар. Олардың жалпы ұзындығы 10 шақырымды құрайды екен. Ағып келген суды айдауға ар­нал­ған 4 сорғы стансасы да қа­рас­тырылған. 1960-1970 жыл­­дары алғаш рет дренаж жү­йе­­лері Азовская, Қамзин, Ла­дож­ская, Орловская көшелері аумақтарынды салыныпты. Ке­шенді жоба аясында алдағы уақытта Ертіс өзенінің қала маңындағы жағалауы бойында негізгі дренаж орнатылады деп көзделген. Ал Усолка ш­ағын ауданы, Толстой, Генерал Дүйсенов, Торайғыров, Урицкий, Мәшһүр Жүсіп, Набережная, Казахстанская правда көшелері аумағында жаңадан дренаждық коллекторлар салу көзделген. Қазіргі уақытта бұл желілердің физикалық тозуы 100 пайызды көрсетіп отыр.

Қорыта айтсақ, Павлодар қа­ласында нөсерлік кәріз жүйесі мен дренаж жүйесінің құрылысы әлеуметтік және экологиялық мәнге ие. Суағарлардың болмауы, жерасты суларының соңғы жылдардағы жоғары деңгейі жерастындағы инженерлік желі­лерге теріс әсер етуде. Комму­никациялық құбырлар тез тозып, коммуналдық салада апаттар жиі тіркеледі. Бұл жағдай көше жолдарының да сапасына айтарлықтай өз салдарын тигізіп отыр­ғаны байқалады.

 

ПАВЛОДАР

Соңғы жаңалықтар