Жоба жетекшісі Нұрсұлтан Жұмабектің айтуынша, зауыт 2022-2024 жылдар аралығында бой көтереді. Қазіргі таңда жерге қатысты жұмыстар басталған. Яғни зауыт салудың алғашқы қадамдары жасалған. Жобаға сәйкес зауыт құрылысы үш кезеңнен тұрады. Оның бірінші кезеңі 2024 жылдарға межеленген екен. Бұйырса, 2024 жылдың ақпанында зауыт ашылады деген жоспар бар. Одан кейінгі екі кезеңде зауыттың қуатын арттыруға негізделген өндірісті ұлғайту көзделеді. Ол да кезең-кезеңімен іске аспақ.
– Жобаның құны 17 млрд 710 млн теңге шамасында. Бірінші кезеңде «V Manegment» компаниясының қаражаты 1,7 млрд теңге болса, 14,1 млрд теңге несиеге алынады. Несиенің белгілі бір пайызы «Даму» қоры арқылы субсидияланады. Жобаның өзін-өзі ақтау мерзімі – 6 жыл. Жоба іске қосылғанда 183 адам жұмысқа алынады. Қуаттылығы – бірінші кезеңде жылына 3,3 млн секция, – дейді Н.Жұмабек.
Компания басшысы бірінші кезекте әкімшілік-тұрмыстық кешен, өндіріс, инженерлік жүйелер салынатынын айтады. Зауыт жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтитын болады.
Мұндағы алюминий және биметалды радиаторлар шығару өндірісі бірнеше циклді. Яғни алюминийді балқытып, құюдан бастап, жинап, бояп, қаптап шығаруға дейінгі барлық өндіріс зауытта жүзеге асырылады. Қысыммен құю технологиясы қолданылады.
– Утилизацияға түскен көліктердегі алюминийді қайта қорытып, балқыту арқылы радиатор құйылады. Одан соң жинақталып, боялып, қапталып, нарыққа шығарғанға дейінгі процестің бәрі зауыт ішінде атқарылады, – дейді компания басшысы.
Осылайша, өндірістегі өнім шығару бірнеше сатыны қамтиды. Үш кезең толық іске асқанда жылына 8 млн секция радиатор нарыққа шығады. Жоба экономикаға шикізаттық емес экспортты дамытуға үлес қосуды діттейді. Сол арқылы елдің өнеркәсіп әлеуетінде жаңа кластер құруды мақсат етеді. Компания басшылығының мәлімдеуінше, зауыттың «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында алған жер телімінің ауқымы – 6 гектар. Зауыттың үш кезеңінде де құрылыс жұмысына тартылатын адам саны жүзге жуық.
– Зауыт жұмысына негізінен жергілікті тұрғындар тартылады. Зауыт тарапынан оқытып, мамандарды дайындауға ден қоямыз. Кей мамандар үйрету үшін Ресейден келеді, – дейді Н.Жұмабек.
Жалпы, қазір алюминий радиаторлар жылу жүйесінде кеңінен қолданылып жүр. Бұлардың өзге радиаторларға қарағанда бірқатар артықшылығы бар. Айталық, біріншіден алюминий радиаторлар басқаларға қарағанда бағасы жағынан сәл арзандау түсетіні жасырын емес. Сонымен қатар жылу бөлуінде өзгелерден озықтығы тағы бар. Оған қоса, салмағы жеңіл. Деректерге сүйенсек, оның бір секциясының салмағы 1,5 кг көлемінде. Соның өзінде 15 секциялы ұзын батарея бар-жоғы 15 кило болады. Бұл өз кезегінде тасымалдау мен монтаждауда қиындық тудырмайды. Ал радиатордағы ыстық судың градусын 130 градусқа дейін көтеруге мүмкіндік береді. Алюминийдің жылу өткізгіштігі өте жоғары. Бір секцияның 150-200 Вт жылу энергиясын өткізе алатын мүмкіндігі бар. Сонымен бірге эстетикалық бейнесі, сапалы боялуы да бәсін жоғары қылады.
Қарағанды облысы