Экономика • 21 Қараша, 2022

Жылына – 8 млн радиатор

210 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Арнайы экономикалық аймаққа келген инвестицияның игілігін көрер күнді күткелі көп жыл. Инфрақұрылымы сай аймақтар инвестиция құюға ықыластыларды жатсынған жоқ. Сұраған орнын беріп, экономикаға үлес қосатын жобаларға есігін айқара ашқалы да біраз уақыт болды. Қарағандыдағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында іске асуға тиіс сондай жобаның бірі – «Sillumin of Qazaqstan» ЖШС-ның алюминий және биметалл радиаторлар өндірісі.

Жылына – 8 млн радиатор

Жоба жетекшісі Нұрсұлтан Жұма­бектің айтуынша, зауыт 2022-2024 жыл­дар аралығында бой көтереді. Қазіргі таңда жерге қатысты жұмыстар бас­талған. Яғни зауыт салудың ал­ғашқы қадамдары жасалған. Жобаға сәйкес зауы­т құрылысы үш кезеңнен тұрады. Оның бірінші кезеңі 2024 жылдарға межеленген екен. Бұйырса, 2024 жылдың ақпанында зауыт ашылады деген жоспар бар. Одан кейінгі екі кезеңде зауыттың қуатын арт­ты­ру­ға негізделген өндірісті ұлғайту көз­деледі. Ол да кезең-ке­зеңімен іске ас­пақ.

– Жобаның құны 17 млрд 710 млн теңге шамасында. Бірінші кезеңде «V Manegment» компаниясының қара­жаты 1,7 млрд теңге болса, 14,1 млрд теңге не­сиеге алынады. Несиенің бел­гілі бір пайызы «Даму» қоры арқылы суб­си­дияланады. Жобаның өзін-өзі ақтау мерзімі – 6 жыл. Жоба іске қосыл­ғанда 183 адам жұмысқа алынады. Қуат­тылығы – бірінші кезеңде жы­лына 3,3 млн секция, – дейді Н.Жұ­мабек.

Компания басшысы бірінші кезекте әкімшілік-тұрмыстық кешен, өндіріс, инженерлік жүйелер салына­тынын айтады. Зауыт жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтитын бо­лады.

Мұндағы алюминий және биметалды радиаторлар шығару өндірісі бірнеше циклді. Яғни алюминийді балқытып, құюдан бастап, жинап, бояп, қаптап шы­ғаруға дейінгі бар­лық өндіріс зауытта жүзеге асырылады. Қысыммен құю технологиясы қол­данылады.

– Утилизацияға түскен көліктердегі алюминийді қайта қорытып, балқыту арқылы радиатор құйылады. Одан соң жинақталып, боялып, қапталып, нарыққа шығарғанға дейінгі процестің бәрі зауыт ішінде атқарылады, – дейді компания басшысы.

Осылайша, өндірістегі өнім шы­ғару бірнеше сатыны қамтиды. Үш кезең толық іске асқанда жылына 8 млн секция радиатор нарыққа шығады. Жоба экономикаға шикі­заттық емес экспортты дамытуға үлес қосуды діт­тейді. Сол арқылы ел­­дің өнеркәсіп әлеуе­тінде жаңа клас­тер құруды мақсат етеді. Компания басшылығының мә­лімдеуінше, за­уыттың «Сарыарқа» арнайы эко­номикалық аймағында алған жер телімінің ауқымы – 6 гектар. Зауыттың үш кезеңінде де құрылыс жұмысына тартылатын адам саны жүзге жуық.

– Зауыт жұмысына негізінен жер­гілікті тұрғындар тартылады. За­уыт та­ра­пынан оқытып, мамандарды дайын­дауға ден қоямыз. Кей мамандар үй­ре­ту үшін Ресей­ден келеді, – дейді Н.Жұ­мабек.

Жалпы, қазір алюминий радиаторлар жылу жүйесінде кеңінен қол­данылып жүр. Бұлардың өзге радиа­торларға қа­рағанда бірқатар артық­шылығы бар. Айталық, біріншіден алюминий радиа­торлар басқаларға қарағанда бағасы жағынан сәл арзандау түсетіні жасырын емес. Сонымен қатар жылу бө­луінде өзгелерден озық­тығы тағы бар. Оған қоса, салмағы жеңіл. Деректерге сүйен­сек, оның бір сек­циясының салмағы 1,5 кг көле­мінде. Соның өзінде 15 секциялы ұзын батарея бар-жоғы 15 кило болады. Бұл өз кезегінде тасымалдау мен монтаж­дауда қиындық тудырмайды. Ал радиа­тордағы ыстық судың градусын 130 градусқа дейін көтеруге мүмкіндік береді. Алю­минийдің жылу өткізгіштігі өте жоғары. Бір секцияның 150-200 Вт жылу энергиясын өткізе алатын мүмкіндігі бар. Сонымен бірге эстетикалық бейнесі, сапалы боялуы да бәсін жоғары қылады.

 

Қарағанды облысы