Токиода №261 және Сеулде №258 сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де ашылған. Қазақстандық кәсіпкер Сырымбек Тау Токио қаласындағы сайлау учаскесінде сайлауға ең бірінші болып дауыс берді. «Сайлауға қатысу – әрбір азаматтың борышы, мемлекет алдындағы парызы. Біз өз таңдауымызды жасап, мемлекеттік іске белсенді араласуымыз керек. Мемлекетіміздің тұрақты дамуы мен іргесінің берік болуына әркім өз үлесін қосу қажет. Міне, сондықтан да бүгін кәсіпкер ретінде Токиода іссапармен жүріп, өз дауысымды ел болашағы үшін беруді жөн көрдім», деді С.Тау.
Ал Оңтүстік Корея астанасындағы №258 сайлау учаскесіне алғашқы болып қазақстандық Юрий Цой келді. Сеулде 5 жылдан бері тұрып жатқан ол кәсіпкерлікпен айналысады. «Қазақстандағы жаңалықтарды белсенді қарап отырамын және елдегі оң өзгерістерді көріп жүрмін. Сондықтан президент сайлауында дауыс беруге қуана келдім», деді кәсіпкер.
Аталған екі елден соң уақыт белдеуіне байланысты Бейжің, Шанхай, Гонконг, Сингапур, Куала-Лумпур, Ұлан-Батыр қалаларында дауыс беру учаскелері өз жұмысын бастады.
Қазір еліміздің бірнеше құрама командасы шетелдерде байрақты бәсекеге қатысып жатыр. Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, олардың барлығы елшіліктерге барып дауыс берген. Мәселен, ескек есуден Қазақстан құрамасы Ташкентте, жеңіл атлетикадан құрама команда Анталияда, Ұлттық футбол құрама командасы Абу-Дабиде орналасқан сайлау учаскесінде өз таңдауларын жасаған. «Мажарстандағы Еуропа әйелдер хоккей лигасына қатысуға келген алматылық «Айсұлу» клубы Будапешт қаласындағы №243 сайлау учаскесінде, конькимен жүгіру спортынан Қазақстан ұлттық құрамасы Нидерландта дауыс берді. Бокстан Марокко ұлттық құрамасын жаттықтыратын белгілі қазақстандық бапкер Ерік Алғабек Қазақстанның Рабаттағы елшілігі жанындағы сайлау учаскесіне келіп, маңызды науқанға қатысты», деп мәлімдеді СІМ. Жалпы, ел азаматтары Мәскеу мен Ыстанбұл қалаларында дауыс беруде белсенділік танытқан. Шетелдегі сайлау учаскесінің ең соңғысы Сан-Францискода ашылды.
Кезектен тыс президент сайлауын өткізу үшін барлығы 10 101 сайлау учаскесі құрылған. Оның ішінде 68-і Қазақстанның 53 мемлекетіндегі дипломатиялық өкілдігінде орналасқан.