Сайлау • 21 Қараша, 2022

Оң баға берді

365 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет өміріндегі маңызды қадам әлем жұртшылығының назарынан тыс қалмағаны белгілі. Сайлау барысын бақылайтын шетелдік сарапшылардың саны мен сапасы саяси науқанның салмағын арттырып, процестің ашық та еркін, барынша әділ өтуіне әсер ететіні анық. Дауыс берушілердің басым бөлігі тұратын алып мегаполис Алматыда шетелдік байқаушылар белсенді жұмыс істеді.

Оң баға берді

Сайлауға байқаушы ретінде келген Франция Республикасының сенаторы, Еуропалық істер жөніндегі тұрақты комитет төрағасының орынбасары, Заңнама жөніндегі тұрақты комитеттің хатшысы Андре Марсель Рейшар Қазақстан қазір дамудың өте маңызды кезеңінде екенін атап өтті.

«Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасы сияқты ірі елдермен көршілес орналасқан Қазақ­стан Еуропалық одақтың қызы­ғу­шылығын тудырады» деген саясаткер, елдегі жаңа бетбұрыстың мән-маңызына тоқталды.

«Президент Қ.Тоқаев сайлау өт­­кізуді қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдады. Ол өзі­нің жол картасы ретінде – әділетті Қа­зақстанды құруға бағытталған бағ­дар­ламаны ұсынды және сайлау құқы­ғының толық сақталуын қам­та­ма­сыз етуге ниет білдірді. Қазақстан халқы дауыс беру арқылы елдің болашағы туралы өз шешімін қабылдады», деді спи­кер.

Алматыдағы 8 сайлау учаскесіне ба­рып үлгерген байқаушы президент сай­лауы барлық сайлаушы мен кан­ди­даттың тең құқығын сақтай отырып, жоғары деңгейде өткенін атап өтті.

«Сайлау барысы қалыпты дең­гейде өтті деп есептеймін. Процесс стандартты түрде өрбіді. Келген азаматтар жеке куәлігін ұсынып, жергілікті сайлау комиссиясы оны сайлаушылар тізімінен тексерді, содан кейін ол қол қойып, дауыс берді. Егер сайлаушының аты-жөні тізімнен табылмаса, ол дауыс бере алмайтыны өте маңызды. Ең бас­ты­сы барлық құқықтық принцип сақ­талды», дейді Андре Марсель Рейшар.

Wikistrat Global Consultancy аға ғы­лыми қызметкері, Тәуелсіз байқау­шылар миссиясының АҚШ атынан мү­шесі Уильям Вайц таңертеңгі ауа райы­ның қолайсыздығына қарамас­тан, алматылықтардың дауыс беруге бел­сенді түрде келгенін атады. Мега­по­листің әр бұрышында орналасқан 20 учаскеге барған ол халықаралық байқаушылардың жұмысына ешқандай шектеу қойылмағанын, Қазақстанда АҚШ-қа қарағанда сайлауға барынша жауапкершілікпен қарайтынын айтты. Оның сөзінше, АҚШ-та сайлауда тұтас халықтың жартысынан азы дауыс береді, сондай-ақ байқаушыларға сайлау учаскелерінің ішіне кіруге ты­йым салынады, олар оны сырттан ғана ба­қылайды.

«Сайлау учаскелерінде мен әртүр­лі жастағы адамдарды көрдім, жастар да бар, үлкен кісілер де бар. Біз бір-бі­рімізбен еркін пікір алмасып, барлық процесті бақылап отырдық. Мүмкін­дігі шектеулі азаматтардың тарихи оқи­ға­дан тыс қалмауы ескерілгені қуантады. Өздігімен жүре алатын науқастар сайлау орындарына барып үнін жет­кіз­се, төсекте жатқан науқастардың конс­титуциялық құқығын пайдалануға да мүмкіндік берілді», дейді Уильям Вайц.

Францияның Халықаралық  қаты­настар институтының сарапшысы Ми­каэль Левистон Алматыдағы Қазақ­стан Республикасы Прези­дентінің сай­лау­ын жариялау жөніндегі баспасөз орта­лы­ғында сөйлеген сөзінде өтіп жат­қан сайлау күні туралы әсерімен бөлісті.

«Бәрінен де сайлау процесіне жас­тармен қатар аға буын өкілдерінің де қатысуын жоғары бағалау керек. Сайлау қарқынды және белсенді өтті. Мен жаңа Қазақстан үшін да­уыс беруге келген адамдарға көп көңіл бөлдім. Бұл тек 50 және 60 жастағы адамдар ғана емес. Келушілер арасында 18 жастағы азаматтар да бар. Мысалы, сайлауға өмірінде бірін­ші рет келген жігіт те болды. Мемле­кеттің өз болашағына ұмтылып жат­қаны анық. Бұл – жас буынның ел ертеңіне немқұрайды қарамайтынын аңғар­тады. Өзім бақылаған сайлау учаске­лерінің бірінде түске дейін сайлау­шылардың 25-30 пайызы дауыс беруге келді. Бұл – өте жоғары көрсет­кіш. Сайлаушылардың арасында жас студенттердің кезекте тұрға­нын байқадық. Бұл – азаматтық қоғам­дағы демократияның көрініс таба бас­та­ғанының дәлелі», деді М.Левистон.

Бұл күні қоғамның сан саласында еңбек етіп жүрген танымал тұлғалар мен зиялы қауым өкілдері сайлау учаскелеріне келіп азаматтық үнін жет­кізді. №28 мектеп-лицейінде орналасқан сайлау учаскесіне отбасымен келіп таңдау жасаған қала әкімі Ерболат Досаев болашағымызды айқындайтын сәтте елім деген әрбір азамат саяси науқаннан тыс қалмауы қажет десе, алматылық зиялы қауым барша қала жұртшылығын тарихи оқиғада белсенді болуға шақырды.

 

АЛМАТЫ