30 Мамыр, 2014

Батыстың еуразиялық интеграция жөніндегі көзқарасына соққы

292 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

000-pushkov-1

Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы жөніндегі келісімге қол қойылуы Батыстың еуразиялық интеграция жөніндегі стереотипті көзқарасына берілген соққы болып табылады. Бұл туралы Ресей Мемлекеттік думасы халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Алексей Пушковтың сөздеріне сілтеме жасаған РИА «Новости» хабарлады. «Біздің түсінгеніміздей, осы үдеріс алғаш басталған кезде – онда Ресей белсенді қимыл көрсете бастаған тұста оның болашағына күмәнмен қарап, кекетушілікте шек болған жоқ. Олардың басым бөлігі Батыстан тарап жатты. Бізге интеграцияға тек Батыс елдері ғана қабілетті деген ұғымды тықпалап бақты», - деді депутат. Пушковтың пікірінше, аталмыш келісімге қол қойылуы Ресей, Қазақстан және Беларусь арасындағы интеграциялық процестердің табысты жүріп жатқанын да көрсетеді. Бұдан бұрын мәлім етілгендей, Ресей, Беларусь және Қазақстан мемлекеттерінің Президенттері кеше, бейсенбі күні Астанада 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске кірісетін ЕАЭО (Еуразиялық экономикалық одақ) құру жөніндегі келісімге қол қойды. Осылайша, 170 миллион адамы бар ТМД кеңістігінде дамудың жаңа қуатты экономикалық орталығына айналатын аса ірі жалпы нарық қалыптастыру аяқталып келеді. «Еске сала кетейін, Еуропада қазіргі заманғы Еуропалық одақтың құрылуы үшін табаны күректей 40 жыл уақыт керек болды. Ал Еуразиялық экономикалық одақтың пайда болуы үшін одан әлденеше есе аз уақыт кетіп отыр. Енді соңғы одақты әлемдік тартылыс орталығы болады деп те күтуге болады», - деп қорытты депутат.  Мұрат Айтқожа. Дереккөз: РИА «Новости». Фото: РИА «Новости». Александр Натрускин.