Үкімет • 21 Қараша, 2022

Сенаторлар кәсіпкерлердің салық жүктемесін азайту тетіктерін қарайды

192 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының кезекті отырысы өтті. Депутаттар 2022 жылғы 24 қарашаға жоспарланған Сенат отырысының күн тәртібін бекітті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенаторлар кәсіпкерлердің салық жүктемесін азайту тетіктерін қарайды

Алдағы Палата отырысында сенаторлар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарайды.

Ұсынылған түзетулердің қатарында еңбекақы төлеу қорына жүктемені азайту және бірыңғай төлемді енгізу мәселелері бар. Дәлірек айтқанда, қазіргі уақытта микро және шағын бизнес субъектілері еңбекақы төлеу қорынан 34,5 пайыз төлейді. Ал 2023 жылдан бастап біртіндеп 2028 жылы 26,3 пайызға дейін өсе отырып, 20 пайыздық бірыңғай төлемді ерікті негізде төлеу ұсынылады.

Айта кетсек, Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да қаралады. Аталған құжат жолдардағы көліктік бақылауды автоматтандыру бөлігінде өзгерістерді, теңіз көлігі саласындағы халықаралық шарттардың нормаларын имплементациялауды, темір жол көлігіндегі оқиғаларды, кемелерге қатысты апаттық жағдайларды және азаматтық авиацияны тергеу тәртібін жетілдіруді көздейді.