31 Мамыр, 2014

Сэр Ричард ЭВАНС: Бәсекеге қабілетті болғымыз келсе, түбегейлі өзгеруге тиіспіз

438 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
richard Evans-1Осыдан бір айдан сәл астам уақыт бұрын Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеевті қабылдаған. Онда Елбасымыз акционерлік қоғамды трансформациялау, яғни өзгерту, қайта жаңарту бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Бұл жұмыстың мерзімі қыркүйекке дейін деп белгіленіп, бағдарламаны қордың барлық корпоративтік органдарында талқылау және Үкімет қарауына енгізу міндеттелген. Сонымен қатар, Президент алдағы кезде қор бірқатар орта және шағын компанияларын сатуды барынша ашық және әділ нарықтық баға бойынша жүргізуі тиіс екендігін атап өткен еді. Президент тапсырмасы қалай орындалуда? Бұл сұраққа жауап іздеудің алдында «трансформация» сөзіне байланысты аз-кем айтпаса болмайтындай. Латынның «transformatio» сөзінің мәні орыс тіліндегі әдебиеттерде «преобразование, превращение» деп түсіндіріледі. Соған сай 31 томдық Терминологиялық сөздіктің философия мен саясаттануға арналған 23-ші томында ол сөздің қазақша баламасы «өзгеру» деп алыныпты. Біздіңше, «өзгеру» «трансформация» ұғымын толық бере алмайтын сияқты. Ғылымда трансформация деп трансформатордың көмегімен қуаттың немесе нысанның қасиетін өзгертуді айтады. Экономикаға қатыстырып сөйлегенде трансформация жаңа түрге ауысуды білдіреді. Сондықтан, сұхбат мәтінінде сәтті баламасы қазірше табыла қоймаған (барлық сөзге балама табу міндет те емес) бұл терминді халықаралық қолданыстағы күйінде пайдалануды жөн көріп отырмыз. Мемлекет басшысы тапсырмасының орындалу барысын білу үшін біз «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының тәуелсіз директоры сэр Ричард ЭВАНСҚА бірнеше сауал қойған едік. Сұхбаттасымыз туралы қысқаша мәлімет бере кетейік. Сэр Ричард Гарри Эванс – танымал британдық мемлекеттік қызметкер және бизнесмен. Ол 1942 жылы Англияда туған. Ричард Эванс – қазақстандық Эйр Астана авиакомпаниясының негізін салуда маңызды рөл атқарған адам. 2006-2008 жылдарда «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төра­ға­сы болды. Үкіметтің 2008 жылғы 17 қазандағы №962 қаулысымен «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының Директорлар кеңесі құрамына тәуелсіз директор ретінде сайланған. – Сэр Ричард, таяу бола­шақ­та елдің экономикалық өмі­­рінде елеулі өзгерістер жүзе­ге асы­рылмақшы. BNews.kz «Самұ­рық-Қазына» акцио­нер­лік қо­ғамында трансформация­лау бағ­дарламасы бойынша жаңғырту жөніндегі кеңес құрылғанын жазды. Бизнес­ті трансформация­лау бағдар­ла­масының бірінші кезеңіне бас­қарушы холдингпен бірге «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы, «ҚазМұ­най­Газ» Ұлттық компаниясы, «Қазпошта» акционерлік қоғам­дары қосылып отыр екен. Осы орайда қолға алынған шаруаларды әңгімелесеңіз дейміз? – Қазақстан экономикасының локомотиві саналатын, ел қазы­насының басым бөлігін басқарып отырған «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорындағы кез келген өзгеріс қоғам тарапынан үлкен қызығушылық тудырады. Себебі, халықтың әл-ауқатының жақсаруы, экономикалық тұрақтылық пен даму әлемдегі ең ірі холдингтердің санатына кіретін Ұлттық әл-ауқат қорының ахуа­лына тікелей байланысты. Бұл күндері еліміздегі 500-ге жуық түрлі саладағы кәсіп­орындардың басын біріктіріп отырған Қорда 300 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Таяуда «Самұрық-Қазына» басшылығы қордың компаниялар тобының тәуелсіз директорлары мен топ-менеджерлерімен кездесу өткізіп, Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасы бойынша жасалып жатқан трансформация­лау бағдарламасын талқылады. Мем­лекет басшысының тапсырма­сы бойынша қолға алынған бұл бағ­дарлама Қордың бүгінгі, бо­ла­шақ­тағы қызметінің өзегіне айналмақ. – Бұқаралық ақпарат құрал­да­рынан сол кездесуде Транс­формациялау бағдарламасы мен оның болашағы егжей-тегжейлі сөз болғанын оқып, көріп жатырмыз. Бағдарламаның болашағы туралы не айтасыз? – Қор компанияларының бизнес топтарын трансформациялау бағдарламасы экономикалық жаңарулардың қозғаушысы болады, компания топтарына кірісті арттыруға, жоғары технологиялы, тиімді де табысты жобалардың санын көбейтіп, сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Жалпы, трансформация дегеніміз – алға жылжу үшін қажетті отын. Біз ұзақ жолдың бас жағында тұрмыз, трансформация аясында директорлар кеңесі акционерлерден түсетін сигналдарды еншілес компаниялардың басшыларына жеткізетін көпір болуға тиісті екендігін жақсы түсінеміз. Мемлекеттік органдар – біздің интегралдық әріптестеріміз. Қазіргі таңда министрліктерге олардың бұл үдерістен сырт қала алмайтынын немесе бақылаушы күйінде болмайтынын жеткізуіміз керек. Биылғы жылдан бастап «Са­мұрық-Қазына» акционерлік қоғамы өз қызметі мен өзіне қарасты кәсіпорындарды трансформациялау ісіне кірісті. Бұл мақсатта Қор мен оның компанияларын трансформациялау бағдарламасы жасалды. Қор басшылығы мен топ-менеджменті бағдарламаның болашағына зор сеніммен қарайды. – Бағдарламаны жүзеге асыруда мемлекеттік орган­дардың рөлі зор екені белгілі. – Бұл жерде тағы да ашықтық, әділдік мәселесі күн тәртібіне шығады. Мемлекет экономикасына жауапты министрліктердің трансформациясы, жоспары туралы, олардың коммерциялық сектормен, ұлттық компаниялармен қалай жұмыс істейтіні туралы ақпаратты компаниялар мен бизнес қауымдастық қана емес, қоғам да нақты біліп отыруға тиіс. Жыл басында Қазақстан Рес­­пуб­ли­касының Президенті Н.На­зар­­баев әлемдегі эконо­ми­калық, қар­жылық кеңістікте болып жатқан сан қилы өзгерістерден отандық ком­­паниялардың да тыс қала алмай­­тынын, олардың нарықтағы жаңа технологиялық, қаржылық ахуалға мейлінше ертерек бейім­делуі қажеттігін ескерткен болатын. Президенттің 2050 жылға қа­рай дамыған 30 елдің қатарына кіру жөніндегі тапсырмасының үдесі­нен шығудың төте жолы да осындай оң өзгерістерден басталады. Бүгінгі таңда әлемдік, халық­аралық ірі компаниялардың бар­лығы да трансформациялық жа­ңа­ру мен жаңғыруды басынан кешіріп отыр. Әлемдік эко­номика­дағы, қаржы нарығындағы зор өзгерістер олардың алдына жаңа ба­сым­дықтар мен міндеттер қойды. Халық­аралық озық тәжі­рибені меңгерген, әлемдік нарық­тағы бәсе­кеге қабілетті холдингке айналу үшін қазақстандық ком­па­ния­ларға да осындай өзгерістер қажет. Бір қуантарлығы, бағдарлама жобасы «Самұрық-Қазынаның» Директорлар кеңесінің отырыс­тарында, кеңес мүшелері, сарапшылар арасында, қоғамда әбден талқыланды. Соның нәтижесінде жобаға Мемлекет басшысының Жолдауы мен тапсырмаларынан туындайтын басты міндеттердің барлығы енгізілген. – Нақты айтқанда, трансфор­мация қандай мақсаттарды көз­дейді? – Мына мақсаттарды бөле айтар едім. Олар – инвестициялық қызметке көзқарасты өзгерту; нә­тиже күтілетін негізгі қызмет көр­сеткіштері бойынша мақсатты айқындап алу; бизнес-үрдістерге, активтерді жекешелендіру мен қайта құру ісіне реинжиниринг жасау; салалық командаларды жасақтап, дамыту; директорлар кеңесіне талапты күшейту; негізгі құжаттарды, оны саясаттар деп атап жүрміз, жасап, жетілдіру және осы кешенді өзгерістерді басқару. Әрине, түбегейлі өзгерістер жасау оңай шаруа емес. Осы жолда, тіпті, кейбір олқылықтар да бо­луы мүмкін. Біз трансформа­ция әр мемлекеттің өз ерекшеліктеріне, ұлт­тық мүдделері мен басым­дық­тарына сай жасалуы қажеттігін естен шығармауымыз керек. Қазіргі таңда біздің компания­лар да айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп отыр. Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды. Егер біз өңірлік, жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті болғымыз келсе, бүгіннен бастап түбегейлі өзгеруге тиіспіз. Біз үшін өзгерістер – үл­кен сын. Трансформациялау – ұзақ­қа созылатын, бірақ түбінде өз жемісін беретін үрдіс, жаңа мәде­ниет, жаңа философия. Бизнесті жүргізудің жаңа сатысы – үнемі жетіліп отырудың, халықты жұ­мыл­дырудың, әлемдік деңгейде сапалы жұмыс істеудің мәдениеті. Бағдарламаға үлкен үміт артылып, зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Бұл бағдарлама «Самұрық-Қа­зына» қорының одан әрі дамуы­на үлкен ықпал етері сөзсіз. Бағ­дар­­­ла­маның болашағы зор деп ой­лай­мын. «Самұрық-Қазына» қорын трансформациялау бағдарламасы бір реткі шара емес. Осы үрдістің басында Қордың Директорлар кеңесі тұр. Осы кеңес бағдарламаны жүзеге асыру барысында акционер мен еншілес компаниялар ара­сын­дағы алтын көпірге айналуы тиіс. Бүгінгі таңда әлемдік, халық­аралық ірі компаниялардың бар­лығы да трансформациялық жаңару мен жаңғыруды басынан кешіріп отыр. Себебі, әлем­дік эко­номикадағы, қаржы нары­ғын­дағы зор өзгерістер олардың алдына да жаңа басымдықтар мен міндеттер қойды. Халықаралық озық тәжірибені меңгерген, әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілетті холдингке айналу үшін бізге де осындай өзгерістер қажет. – Ол үшін ең алдымен не керек? – Бізге біртұтас, кәсіби ұжым мен прагматикалық, озық көзқарас керек. Тәуелсіз директорлармен кездесу кезінде менің көңіліме «түрлі көзқарастар бірлігі» деген бір сөз қатты ұнады. Міне, біздің табысты жұмысымыздың кепілі осындай қағидаларға сүйенуі тиіс. Әрине, біздің ұлттық ком­па­ния­лардың барлығы да ұйымдастыру құрылымы, жұмыс мәдениеті, көзқарас қалыбы тұрғысынан трансформацияның алғашқы сатысында тұр. Осы тұрғыдан алғанда әртүрлі көзқарастардың, ұстанымдардың болуы да заңды. Өзгерістер әр компанияның ерек­шелігіне қарай жүргізілуі керек. Алайда, біз трансформацияның белгіленген бағдарлама аясында жүргізілуі қажеттігін әрдайым басшылыққа алып отыруымыз керек. Бұл – бәріміздің ортақ ісіміз. – Бағдарламаға Директорлар кеңесінің әр мүшесі, компания бас­­шылары мен қызметкерлері бел­­сене қатысу қажет дейсіз ғой... – Дәл солай. Трансформация Қор­дың өз ішінде немесе Қор арқылы ғана жасалмайды. Оның табысты болуы үшін бірлескен іс-қимыл, диалог пен өзге де тиімді коммуникациялық тәсілдерге сүйенген ұмтылыс және барлық тараптың қызығушылығы қажет. – Кездесуде бизнес үрдістердің басым бөлігі әлі де ескі көз­қа­­распен жүргізіліп жатқаны бір­­неше мәрте айтылыпты. Транс­формация өткеннің жүгі­нен құ­тылудың жолы ма? – Жоқ, бұл жерде өзге те­зис­ті қолданған жөн шығар. Транс­фор­мация дегеніміз – тоқтаусыз алға басудың кепілі. Біздің қолымызда бағдарламаның жол кар­тасы болуы тиіс. Және жол кар­тасы өзіміз үшін ғана емес, қы­зығушылық танытқан өзге тарап­тарға да, қоғамға да түсінікті болуы керек. Трансформация бағ­дарламасы «Біздің алдымызға қойған нақты мақсатымыз не, қайда барамыз және қандай жолмен барамыз?» дейтін сұрақтарға жауап іспеттес. Сондықтан аталған құжат өте мұқият жасалып жатыр. Мұнда Қор басшылығы мен компаниялар тобы жетекшілерінің жауапкершілігі де қарастырылған. Осы ретте Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев мырзаның бағдарламаны орындау мен оның жауапкершілігі туралы нақты ұстанымы бәріміз үшін де маңызды сигнал болып отыр. oil-and-gas-project-management (1) – Бағдарламаның лайықты жүзеге асуына деген сеніміңіз қуантады. Бірақ трансформация кезінде күтпеген олқылық­тар­дың орын алуы да мүмкін ғой. Ондай қауіп жоқ па? – Трансформация – зор, кешенді жоба. Оны лайықты іске асыру үшін алдын ала үлкен дайындық керек. Бір ғана бағдарлама жасап қою аздық етеді. Компаниялар жұмысындағы осал тұстарымызды іздеп тауып, оларды жоюдың тиімді жолдарын қарастыруымыз қажет. Кез келген ірі жоба орасан қаржыны талап етеді. Осы қаржыны тиімді игеру, жобалық басқару қабі­летімізді арттыру керек. Мыса­лы, тәжірибе көрсеткендей, біз ин­вес­тициялық жобалардың бюджетін көп жағдайда өсіріп аламыз немесе жұмыс кестесінен кеш қалып жатамыз. Мұндай олқы­лықтарға жол бермеу үшін басшыдан қызметкерге дейін әрқашан оқуға, үйренуге, ізденуге құлқы болуы тиіс. – Қор басшысы Өмір­зақ Шө­кеев бизнесті трансфор­ма­ция­лаудың сегіз бағытын атады. Сіз­діңше, соның ішінде қай бағыт­тар ерекше маңызға ие? – Алдағы бірнеше апта ішін­де біз EVA (economic value added – экономикалық қо­сымша құн) стратегиялық көрсеткіштері бойынша жұмы­сы­мызды аяқтаймыз. Бұл жұ­мыс компаниялардың құнын арттырудағы басты өлшем болмақ. Маусымның аяғында барлық компаниялардағы Директорлар кеңесінің мақұлдауын аламыз деп күтіп отырмыз. Біздің ойымызша, тек EVA өлшемдерімен шектеліп қалуға болмайды. Бағдарламаға әлеуметтік тұрақтылық рейтингін де енгізуге тиіспіз. Сонымен қатар, біз өз қыз­метімізде тек экономикалық бө­лікке байланып қалмауымыз керек. Мысалы, Қор мен оның еншілес компаниялары қызметінің ашық, жария болуы маңызды, басқа да басымдық беретін мәселелер көп. – Расында, әлеуметтік тұ­рақ­тылық рейтингі адам тағды­ры­­мен тікелей байланысты ғой. Осы рет­те қызметкерлерді бар­­лық са­ла­дағы жұмыстарға кеңі­­нен тар­ту қаншалықты тиімді? – Оған күмәнім жоқ. Та­быс­қа жетудің кілті барлық қыз­мет­керлердің, қызығушылық танытқан тараптардың жан-жақты, бірлесіп жұмыс істеуінде жатыр. Бір кісідей жұмылып қызмет жасамасақ трансформация беретін мүмкіндіктерге толыққанды қол жеткізе алмаймыз. Мемлекеттік органдар – біздің ең негізгі әріптестеріміздің бірі. Оларға да түсіндіріп, жеткізуіміз керек, министрліктер бұл кешенді шаруаға тек бақылау жасап отырмауы немесе тыс қалмауы қажет. Олар біздің басты әріптестеріміз бол­ғандықтан бірлескен іс-қи­мыл ғана баршамызды табысқа жеткі­зеді. – Бағдарламаның орында­луы­на ел басшылығы тарапы­нан бақылау жасау, қолдау көр­се­ту жағы қалай? – Қордың Директорлар кеңе­сі­нің төрағасы – Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов. Біздің жақында өт­кен кездесуімізге кеңес мүшелері – Қазақстан Республикасы Прези­ден­тінің көмекшісі Ербол Орын­баев, Экономика және бюд­жеттік жос­парлау министрі Ерболат Досаев қатысты. Олар Бағ­дарла­маның Қор үшін ғана емес, жалпы мемлекет үшін маңыз­дылығын жақсы түсініп отыр. Сол себепті біз Үкімет пен мемлекеттік органдар тарапынан әрдайым қол­дау кү­теміз. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорын трансформациялау бағдарламасы қазіргі уақытта қызу іске асырылуда. Кешенді іс-шаралардың барлығы да Елба­сының 2050 жылға дейінгі даму стра­тегиясында айқындап берілген міндеттерді орындау мақсатында атқарылып жатыр. Бұл мақсатты лайықты іске асыру өз күшіне сенетін және жауапкершіліктен қашпайтын, мемлекетшіл, жоғары кәсіби мамандардың ғана қолынан келері анық. Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ.