Әдебиет • 21 Қараша, 2022

Өлеңінде – өмір шындығы

536 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ поэзиясы дегенде Сағи Жиен­баевтың есімін атамай өту мүмкін емес. Өзіндік жолын қалып­тастырып, биігін түзген ақынның халық­тың жүрегінен орын алған туынды­лары әдебиет мәр­тебесін көтеріп, авторын жарқырата көрсетті.

Өлеңінде – өмір шындығы

Қазақ поэзиясының самал тербеген шұ­райлы өлкесіне ат шалдырар әрбір оқыр­манның Сағи лирикасын жақсы кө­руінің сыры тереңде. Сол тереңдікке сана көзімен қарасаңыз ақынның өлеңдерінен өмірдің өзін, адамдар тағдырының қат-қабат қай­шылықтарын, қуанышы мен мұңын көресіз. Міне, осы аңғарғаныңыздан Сағи өлең­дерін жұрттың жақсы көруінің себебін білесіз.

Сағидың балалық шағы Екінші дүние­жүзілік соғыспен тұспа-тұс келді. Сондықтан да ақын туындыларының ішінде соғыстың кесірінен ел басына төнген тақсырет, азап, қиындықтар, елдің ертеңге деген үмітін өшірмеген ерік-жігері, басқа түскен нәубеттің өзінен мән іздеген қарапайым адамдардың болмыс-бітімі жайында жазылған өлеңдер көп. Солардың бірі – «Оң аяқ». Осы өлеңді оқығанда өзегің өртеніп, жан дүниең астан-кестен болып әрі-сәрі күй кешесің әрі адам бойындағы сенімнің алапат күшін сезінесің.

«Күн ұзаққа шөп шауып, малды бағып,

Таң алдында жантайып қалғып алып,

Отыратын бір мезгіл кілең жесір

Құйттай-құйттай сәбиін алдына алып.

 

Жадау жүрген көңілді желпіндіріп,

Талпындырып сәбиді, серпілдіріп:

– Келер ме екен көкешің, құлыншағым,

Оң аяғың көтерші, – дейтін күліп»,

деген жолдарда бала Сағидың балауса санасына өшпестей жатталып қалған соғыс тұсындағы өмір көріністері көз алдыңда «ті­ріліп» сала береді. Бұл өлең жолдарынан ауыр бейнет, жоқшылық жасыта алма­ған, азаматтарын майданға аттандырып көкіректері қарс айырылған, бірі ерінің, бірі баласының, бірі бауырының қазасын естіп күңіренген немесе майданда Құдай қағып аман жүрген жақындарын асыға күткен жұрттың үмітсіздікке салынбай, ертеңге деген сеніміне селкеу түсіргісі келмеген жанқияр ерлігін көресіз. Сәби оң аяғын көтерсе, майдандағы көкеші аман-есен оралатынына сенімді жұрттың осы бір ырым арқылы жадау көңілдерін желпіндіріп, сер­пілтіп, уайым-қайғысын жеңілдеткені, қара бұлт құрсаулаған өмірден мән-мағына іздеп жан­таласқан қарапайым халықтың ұлы күресі ақындық қуатпен осылайша керемет сипатталған.

«Көзін алмай барлығы, тынып іштен,

Оң аяққа қарайтын сүйінішпен.

Қыбыр етсе баланың башпайлары,

Кететіндей жуылып күйік іштен.

 

Қадалатын ынтығып бәрі үзіліп,

Сан құбылып жүздері, сан бұзылып,

Оң аяқта тұратын осы кезде

Жалғыз арман, жалғыз ой, жалғыз үміт».

Ал ендеше! Мұны шебердің шер толқыт­қан кестелі өлеңі демеске лажың жоқ. Сәби оң аяғын көтерсе, бәрі де шешімін табатындай, үміт оты лапылдай жанып, майдандағы арыстар сап етіп күні ертең келе қалатындай. «Алдамшы да аяр өмірдің шалмасын мойнына түсіргісі келмей арпалысқан аналардың бар үмітін сәбидің «оң аяғын көтергеніне» тә­уел­ді етіп қойған тағдыр-ай!» дейсің еріксіз.

«Әлгі бала талпынып тұрған күліп,

Жалғыз өзі маңайын нұрландырып,

Көтеретін бір кезде оң аяғын,

Үйдің ішін мәз-мейрам, думан қылып.

 

Жеткізгендей хабарын ағалардың,

Мәз-мейрам боп тұратын бала балғын,

– Сәби жүрек сезе ме, аз да болса,

Көтергенін көңілін аналардың».

Бала оң аяғын көтерді! Жұрт мәз-мейрам, өшкені жанып, өлгені тірілгендей қуанышты. Сол қуанышты, мал-жаны түгенделіп, қай­ғысы жеңілдеп, жүрегіндегі уайымы ыды­рағандай болған сол сәтте халайықтың ішінде Сағидың өзі де болғанына күмәніңіз болмасын. Бұл өлең ақынның соғыс зардабын тартқан елдің ішінен тікелей жүргізген шынайы репортажы тәрізді.

Алғашқы жинағы 1959 жылы «Қарлығаш» деген атпен жарық көрген Сағи Жиенбаевтың табиғат, туған жер, махаббат, өмір, қоғам және басқа да түрлі тақырыпта жазылған өлеңдері де оқырманның санасына, сезіміне тигізер әсері мол. Әсіресе ақынның өлеңдері эстетикалық тәрбие қазынасындай.

Мұхтар Әуезов кезінде разы көңілмен: «Сағи Жиенбаевтың бірқатар өлеңін оқы­дым. Оларда толып жатқан образ, көп шындық, көпшілікке ортақ шындық бар, біртүрлі еліктіретін, сүйсіндіретін, оқушыға бас игізетін соншалық шындық пен бетке ыстық демі сезіліп кеткендей көрінетін шыншылдық бар... Поэзияға керек нәрсе – осы шыншылдық», десе, Қуандық Шаңғытбаев: «Сағи лирикасының ұтымдылығы – онда­ғы шеберлік пен шындықтың шынайы ұш­тасуында, үн мен ұғымның сұлу үйлесімінде», депті. Тұманбай Молдағалиев: «Сағи ақын өлеңге мол біліммен, көп дайындықпен келді. Арзанға қол созбады. Маржан жырларды көп жазды. ...Өз замандастарының жақсы көріп оқитын ақыны болды», десе, ақын Есенбай Дүйсенбаев: «Майсалы самал сайларда, Майыса есіп майда леп, Сайрайды бозторғайлар да: «Сағидай жырлау қайда деп?» жырға қосқан. Ұлт әдебиетіндегі ірі тұлғалардың бұл айтқандарына Сағи шығар­машылығымен жақсы таныс жан сөзсіз келі­седі деп ойлаймыз.