Елімізде терроризмге қарсы орталық 2003 жылдың 29 желтоқсанында құрылды. Бұл орталықтың негізгі міндеттері – терроризммен күресті тікелей іске асыратын мемлекеттік органдардың, сондай-ақ террористік және өзге де экстремистік белгілерге қарсы іс-әрекет ету саласындағы мүдделі министрліктер мен ведомстволардың қызметін үйлестіру, сондай-ақ террористік және өзге де экстремистік қауіп-қатерлер және белгілер туралы ақпаратты жинау, реттеу, талдау және сараптау болып саналады.
Орталық мамандарына жүктелген міндеттердің тағы бірі – терроризмге қарсы қызметтің концептуалды ережелері мен бағдарламаларын, террористік және өзге де экстремистік акциялардың алдын алу және жолын кесу жоспарларын әзірлеу. Сонымен қатар мұнда арнаулы терроризмге қарсы бөлімшелердің жеке құрамын кәсіби даярлауды үйлестіру және әдістемелік қамтамасыз етуге де басымдық беріледі. Терроризммен күрес мәселелерімен айналысатын халықаралық орталықтар және ұйымдармен жұмыс байланыстарын орнату және ұстану мәселесі де назардан тыс қалған емес. Терроризм және экстремизмнің өзге де белгілерімен күрес мәселелерін қозғайтын нормативтік-құқықтық актілер жобаларын дайындауға білікті, тәжірибелі мамандар жұмылдырылып келеді.
Еліміздегі терроризм қауіп-қатерін жан-жақты зерделеп жүрген отандық саясаттанушылар да аз емес. Олардың дені терроризм қаупін дұрыс бағаламай, оны елемей және жекелей алынған елде қауіптің өзін жоққа шығаруға болмайтынын айтады. «Бірақ терроризмді асыра бағалаудың да қажеті жоқ. Қоғамда дүрбелең салып, үрей мен қорқыныш ұялатып, қоғамдық резонанс әсерін күшейту арқылы террористерге қолдау көрсетуге болмайды, себебі кез келген теракт, ең алдымен, кең ақпараттық әсерге есептелген. Осындай теңгерімді ұстап тұру қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бірақ, ең бастысы, терроризм, экстремизм сияқты қауіп-қатерге төтеп беріп, тиімді қарсы тұрудың негізгі шарты – қоғам мен биліктің өзара келісімі, ұлттық бірлік», дейді мамандар.
Терроризмді болдырмау, алдын алудың ең оңтайлы жолы – Орталық Азия мемлекеттері діни бірлестіктермен бірлесіп, қоғамға шынайы діннің шапағаты мен теріс пиғылды діни ағымдардың кесапатын түсіндіріп, аражігін ашып беру. Әр азаматтың діни сауаттылығын көтеру қажет. Сонымен бірге халқымыздың дінмен ұштасқан салт-дәстүрін ұстану аса маңызды.
Қайрат САЛЫҚБАЕВ,
Түркістан облысы дін істері басқармасының бөлім басшысы