ЭКҰ-ға 514 квота бөлінген
Медицина саласы дамыған елдер қолдан ұрықтандырудың әдісін ертеректе зерттеп, қолданысқа енгізді. Балалы болудың осындай жолы бізге жеткенде үрке қараған ағайын аз болмады. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған жандар бедеуліктің азабын қайдан түсінсін? Екі жастың ертеңге сенімін оятып, жігерлендіретін де көз қуанышы баласы екені белгілі ғой. Сондықтан балалы болудың осы әдісін қоғам дұрыс қабылдай бастады. Сонымен, елімізде экстракорпоралдық ұрықтандыру бағдарламасы алғаш 2010 жылы енгізілгенімен, емханаға қайырылып, кезегін жылдап күтуге мәжбүр болған отбасылар да көбейген еді. Өйткені экстракорпоралдық ұрықтандырудың құны екінің біріне қолжетімді емес. Бұған дейін ЭКҰ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүргізілді. Алайда мұндай ем-шараларға қаржы аз қаралды. Нақтырақ айтсақ, жылына шамамен 900-1000 ерлі-зайыптыға квота бөлінетін. Бұл ем-шара бүгінде МӘМС жүйесіндегі медициналық қызметтер тізіміне енді, сондықтан сақтандырылған пациенттердің тегін көмек алуына мүмкіндігі бар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен былтыр «Аңсаған сәби» бағдарламасы басталып, биыл да үйлесімді жалғасты. Бағдарламаның мақсаты – қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасылық-демографиялық проблемаларды шешуге жәрдемдесу. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ елорда филиалының ұсынған мәліметіне сүйенсек, былтыр Медициналық сақтандыру қоры экстракорпоралдық ұрықтандырудың 7 мың циклін қаржыландыруды жоспарлаған. Жасанды ұрықтандыруға бөлінетін квота 2020 жылмен (1 105 ЭКҰ қызметі көрсетілген) салыстырғанда 7 есеге өскен. Сәйкесінше биыл Астана қаласы бойынша ЭКҰ-ға 514 квота бөлініп отыр.
№2 қалалық көпбейінді аурухана директорының амбулаториялық қызмет жөніндегі орынбасары әрі Астана қаласы бойынша ЭКҰ және отбасын жоспарлау жөніндегі үйлестіруші Сәуле Ибраева перзент сүюді күткен отбасыларға емханалар барынша қолдау көрсетіп жатқанын айтады.
– Елордада 1 238 ерлі-зайыпты бедеулікпен есепте тұр. №2 қалалық көпбейінді аурухананың әйелдер денсаулығы бөлімшесі Астана қаласы бойынша ЭКҰ-ға дайындық – қосалқы репродуктивті технологиялар арқылы көмек көрсету бойынша ұйымдастыру-әдістеме және үйлестіру орталығы болып саналады. Биыл елордаға 514 квота бөлінді. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жұмыс комиссиясы есепте тұрғандарға бөлінген квоталарды 100% бөліп таратты. 2021 жылдан бастап елорданың МСАК ұйымдары бұрын емделмеген және жеке медициналық орталықтарға қаралған бедеулігі бар пациенттерді анықтап, есепке алуда. «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы көптеген ерлі-зайыпты үшін МӘМС шеңберінде ЭКҰ рәсімі қолжетімді болды. Квотаны күту мерзімі айтарлықтай қысқарды және бедеуліктің түрлерін анықтайтын көрсеткіштер аясы кеңейді, – дейді Сәуле Жамантайқызы.
Биыл елордада жыл басынан бері 24 мыңнан аса сәби дүниеге келіпті. Оның ішінде 4 үшем бар. Ал былтыр «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша Астана қаласына 487 квота бөлініп, 182 ана бала көтерген. Денсаулық сақтау министрлігінің тамыз айындағы тапсырмасы бойынша №2 көпбейінді аурухана базасында ұрықты қорғау орталығы ашылған. Осы аурухана базасында неонатальды хирургия бар. Онда биыл жыл басынан бері 137 операция жасалған. Соның ішінде шала туған нәрестеге бауыр гамортомасы диагнозы бойынша жасалған ерекше операция сәтті өткен. Бауырдың сол жақ бөлігінің резекциясына операция жасау барысында ісік салмағы 900 грамм, ал баланың салмағы 2 500 грамм болыпты. Бала 43 күннен соң жағдайы қанағаттанарлық деңгейде үйге шығарылған. Сондай-ақ салмағы 720 грамм шала туған балаға да операция жасалса, қазір нәресте үй жағдайында бақылауда. Ел бойынша тек елордада ғана жүкті әйелдердің денсаулығын ұдайы бақылау мақсатында консультативті-диагностикалық бөлімшелер ашылған. Астана қаласында жергілікті бюджет есебінен 5 неонатолог, 6 акушер-гинеколог жергілікті бюджет есебінен шетелде оқыса, енді тағы 12 акушер-гинекологтің біліктілігін арттыру жоспарда бар. Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратына сүйенсек, №1 көпсалалы қалалық ауруханаға 250 орындық перинаталдық ғимарат салу жоспарланды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен орталық жол ауруханасының орнына перинаталдық орталықтың құрылысын жобалап, қаржыландыру жоспарланған.
Жолдама алудың талаптары жеңіл
Орайы келгенде дәрігерлерден ЭКҰ-ға кімдердің жедел квота алуға мүмкіндігі бар деген сауалдың жауабын анықтауға тырыстық. Негізі ЭКҰ ем-шарасын терапиялық жолмен емделмейтін науқастар пайдаланады екен. ЭКҰ-ға ерлі-зайыптылармен қатар, ресми некеде тұрмайтын отбасылар өтініш бере алады. Әрине, ресми некеде болмаған соң, сырқаттанғандардың өзара жазбаша келісімі қажет. Сондай-ақ ЭКҰ ем-шараларын Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген репродуктивті жас (18-ден 49 жасқа дейін), қалыпты соматикалық күй, қалыпты эндокриндік күй, қанағаттанарлық овариалдық резерв сынды медициналық параметр бойынша Қазақстан азаматтары пайдалана алады. Балалы болуды аңсап жүргендердің ішінде экстракорпоралдық ұрықтандыруға жолдама берілмейтін жағдайлар кездеседі. Мұндай факторларды дәрігер науқастың медициналық сараптамасынан анықтайды. Қарап отырсақ, ЭКҰ-ға талап етілген құжаттардың тізімі көп емес. Әрі емханаға қайырылған күннен бастап барлық процедура тегін. Дәрігерлердің айтқанын екінші баласын күтіп жүргеніне 14 жылдан асқан ана да қуаттады.
– «Аңсаған сәби» бағдарламасы туралы жергілікті емханадан естідік. Өзім қаралып жүрген емхана жолдама берген соң №2 қалалық көпбейінді ауруханада ұдайы тексеруден өтіп жүрміз. Бұған дейін Жаратқанның қалауымен бір баламыз дүниеге келді. Қазір ол 16 жаста. Ұзақ жылдан бері гинеколог дәрігердің есебінде тұрдық. Күйеуім екеуміз жіті тексеруден өтіп, квотаға кезекке тұрдық. Екінші баланы күтіп жүргенімізге де 14 жылдан асып барады. Жасымыз болса 35-ке таяды. Квотаны 7-8 ай күттік. Былтыр сәуір айынан ЭКҰ-ға анализдер тапсырып, тексерістен өтіп, балалы болмауымыздың себебін білдік. Аналарға бақыт сыйлаған бағдарламаны қолға алған Денсаулық сақтау министрлігіне, дәрігерлерге алғыс айтамын. Бір білгеніміз, ЭКҰ-ға қолы жетпей жүрген отбасылар да аз емес екен. Баласын аңсап жүрген отбасылар сәбилі болсын деп тілейміз. Біз де көп ұзамай бала сүйетінімізге іштей сенеміз, – дейді ол.
ЭКҰ-ға жолдама алу үшін ерлі-зайыптылар алдымен өздері тіркелген емханаға жүгінуі қажет. Ұйым мамандары пациентті бедеулігі бар пациенттердің электрондық диспансерлік тізіміне енгізеді және тексеру-зерттеу тағайындайды. Бедеу диагнозын анықтау барысында ерлі-зайыптылар №2 қалалық көпсалалы аурухананың әйелдер денсаулығы бөліміне барады. Онда диагнозды толық және қосалқы тексеру, пациенттерді емге алдын ала дайындау сынды іс-шаралар жүргізіледі. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жұмыс комиссиясы МӘМС аясында қолдан ұрықтандыруды мақұлдаған жағдайда әйелді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркейді және қосалқы репродуктивті технология (ҚРТ) қызметін көрсететін клиникада рәсімге дайындай бастайды. Науқас экстракорпоралды ұрықтандыруда клиниканы өзі таңдауға құқылы. Бастысы, балалы болуды аңсаған ерлі-зайыптылар үмітін үзбей бірін-бірі қолдауы маңызды. Мұны біз емес, №2 көпбейінді аурухана дәрігерлерінің бақылауында тұрған 33 жастағы келіншек айтып отыр.
– Әне-міне дегенше 33 жасқа келіппіз. Санап отырсам, балалы болуды 8 жыл күтіппіз. Сол уақыт аралығында отағасы екеуміз дәргерлерге қаралудан қол үзбедік. №9 қалалық емхана мен №2 қалалық көпбейінді аурухана дәрігерлерінің қолдауы бізді жігерлендірді. Бірінші рет жүктілікті жоспарлау орталығына былтыр желтоқсан айында қайырылдым. Яғни ЭКҰ-ға квота алу үшін бардым. Бірер айда комиссияға құжат дайындадық. Онда да дәрігерлер біздің асты-үстімізге түсіп, көп жүгірді. Комиссия квота алуға рұқсат берген соң, көп ұзамай бірінші мүмкіндіктен құрсаққа бала бітіп, 3 аптада перзентіміздің жүрегі соғып тұрғанын білдік. Қазір №2 көпбейінді ауруханада дәрігерлердің бақылауындамын. Жүктіліктің алғашқы айларында біраз қиындық болып, дәрігерлердің көмегімен қазір жағдайымыз оңалып қалды. Мұны медициналық тексерістерден кейін біліп отырмыз. Барлық ем-шараның ақысы мемлекеттен төленуде. Бұйырса, қаңтар айының басында тұңғышымызды күтіп отырмыз, – деген жас ана қуанышын жасыра алмады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының шарапатымен Астанада ЭКҰ-ға 514 квота бөлінген дедік. Сәйкесінше, қазір қалаға бөлінген квоталар кімдерге берілетіні нақтыланған. Бірақ бұл тізімдегі 514 ерлі-зайыпты биылдан қалмай балалы болады деген сөз емес. Себебі ең әуелі ана мен бала денсаулығын басты назарда ұстайтын дәрігерлер пациенттерді жіті тексеруден өткізіп, ЭКҰ-ға дайын болғанын күтеді.